18 қаз, 2019 сағат 14:37

Қазақстандықтар өз атына қанша телефон нөмірі тіркелгенін тексере алады

Бұдан былай қазақстандықтар өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол үшін мына сілтемеге кіріп, өз ЖСН-іңізді жазсаңыз жеткілікті. Жүйе тіркелген нөмірлердің санын және қандай ұялы оператор екенін де көрсетіп береді.

Егер абонент өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгенін анықтаған жағдайда Телекоммуникациялар комитеті белгісіз нөмірді жаптыруды ұсынады.

«Бізге азаматтар өз атына белгісіз телефон нөмірінің тіркелгенін айтып жиі шағымданады. Сондықтан біз қазақстандықтарға өз атына тіркелген нөмірлердің санын тексеруді ұсынамыз, себебі сіз сол нөмірді пайдалану үшін жеке жауапкершілік аласыз» , - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко .

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мобильді телефондар SIM-карта иелерінің ЖСН-не байланған. Өткен жылдың ішінде өз ЖСН-ын SMS арқылы тіркемеген абоненттердің телефондары автоматты түрде тіркеліп, пайдаланылатын SIM-карталарға байланған.