18 сәу, 2018 сағат 11:05

Қазақстандықтар «7-20-25» ипотекасын төлей ала ма?

Қазақстанда «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу шарттары талқыланып жатқан кезде LS редакциясы 7% үстемақымен 25 жылға еліміздегі азаматтардың қай бөлігі ипотекалық несие төлей алатынын есептеп көріпті, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда орташа есеппен ауданы 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер 10,5 млн теңге тұрады. Ал, Астана мен Алматы қалаларында баға 13 млн теңгеден асады. Ең арзан пәтерлер Қызылорда қаласында, онда 5,6 млн теңге екен.

Егер қазақстандықтардың жалпы отбасылық бюджеті 120 мың теңгеден аспаса, олардың бір бөлмелі пәтер үшін төлемі отбасылық табыстың жартысынан асады. Алматы мен Астанада жеке бас қажеттіліктеріне жалақының бестен бір бөлігі жұмсалады деп есептеледі. Егер Қызылордада тұратын болса, отбасы айлық табысының жартысынан аз бөлігін ипотекалық несиеге төлейтін болады.

Ал осындай отбасылар үшін үстемақы 4,5% болған жағдайда ғана ипотекалық несие тиімді болады. Тек айлық табысы 210 мың теңгеден асатын қазақстандықтар үшін табысының жартысынан көбі өзінде қалады.

Айта кетейік, еліміздегі азаматтардың шамамен жартысының айлық табысы 90 мың теңгеден төмен.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша айлық төлем мен өзге де мәліметтерді жариялаған болатын. Сонымен қатар, реттеуші займның ең үлкен көлемі қалаға байланысты болатынын жеткізді. Осылайша Алматы, Астана, Атырау мен Ақтау қалаларында ол 25 млн теңге болады. Өзге қалалар үшін ол 10 млн теңге шамасында болады деп болжануда. Ал, жаңадан салынған үйлердің құны аймақтарда 7 млн теңгеге жуық болады деп жоспарлануда. Бұдан басқа, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жеңілдетілген ипотекалық несие міндетті түрде мемлекетке қайта қайтарылуы керек деп баса айтқан болатын.

Бүгінде жылжымайтын мүлік нарығына қатысушылар жеңілдетілген ипотекалық несие беріле бастайтын болса еліміздегі тұрғын үй бағасы 5-7%-ға көтерілуі мүмкін деп болжам жасауда. Алайда, бүгіннің өзінде Қазақстандағы ипотекалық несиенің үстемақысы ЕАЭО елдерінің ішінде ең жоғары болып есептелінеді.