30 қыр, 2021 сағат 17:15

Қазақстандық профессорлар Кембридж университетінде дәріс оқыды


Қазақстанның қос жетекші археологы, профессорлар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев Кембридж университетінің оқытушылары, студенттері және басқа да британиялық озық оқу орындарынан келген ғалымдар алдында дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Профессорлар лекция тыңдаушыларға біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген ежелгі сақтардың тарихы мен мәдениеті және қорғандардан табылған алтын артефактілер туралы баяндады. 

Айта кету керек, ғалымдар сол жәдігерлердің отаны Берел, Шілікті және Елеке сазы атты қорым кешендерінде жүргізілген археологиялық экспедицияларға басшылық етеді. 

«Олар біздің тарихымыз туралы, жаңа жәдігерлер жайлы толық білмейді. Білгеннің өзінде сонау Кеңес Одағы кезіндегі деректерге сүйенеді. Ал біздің бүгін айтып жатқан ойларымыздың барлығы кейінгі 5-10 жылдың ішінде ашылып жатқан ғылыми жаңалықтарға негізделген. Сондықтан олар үшін бұл өте қызық», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев. 

«Жалпы сақтардың тілі жөнінде, олардың мәдениетінің сипаты жөнінде әңгімелер айтылды. Бүгінге дейін сақтар Индо-Иран, Индарий деп аталғанымен олардың көне түркілер екенін дәлелдейтіндей айғақтар келтірдік», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаев. 

«Гибридті» форматта, яғни оффлайн әрі онлайн өткен дәріске Кембридж студенттерімен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам қатысты. 

Археология саласы бойынша оқып әрі оқытып жүрген жас ғалымдар сұрақ қойып, тың ақпараттармен сусындады. 

«Металды өңдеудің сол кездегі әдіс-тәсілдері туралы айтылған ақпараттар өте-өте мазмұнды болды және ол әдістердің Қазақстан бойынша таралу тарихы да қызықтырды. Меніңше профессорлар ғылым үшін өте маңызды шаруа бітіріп жатыр», - деп дәріске қатысушылардың бірі, Кембридж университетінің PhD студенті Кайра Керкер пікір білдірді.

«Мен UCL университеті жанындағы археологиялық материалдар институтының лекторымын. Бүгін Лондоннан Кембриджге арнайылап келіп, профессорлардың ғажап лекциясын тыңдадым. Мен бүгін сол кездегі бай-шонжарлар қайтыс болғанда әйелімен бірге емес, аналарымен, жиендерімен бірге жерленгені туралы білдім. Ол дәуір туралы әлі де көп нәрседен бейхабар екендігіме көзім жетті», - дейді UCL университетінің оқытушысы Милена Радивович.

Қазақстандық ғалымдар дәрістен бөлек Кембридж университетінің лабораторияларын да аралады.

Әріптестерінің ғылыми талдау әдіс-тәсілдерін көріп, тәжірибе алмасуға шақырды. 

Сондай-ақ университеттің оқу жоспарымен танысып, студент және ұстаз алмасуға уағдаласты. 

Кембридж университетінің ғалымдарын Қазақстанға шақырып, ғылыми экспедицияға бірге қатысу жоспары жасалды.