Фото: lipki.capital
Мемлекеттік кірістер комитеті шетелде жылжымайтын мүлкі мен есепшоттары бар мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары туралы деректерді ұсынды.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны тапсырғандар:
- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;
- "Сайлау туралы" конституциялық заңға және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Орталық банк нарығы туралы" заңдарға сәйкес ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар.
Комитет мәліметінше, 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 354 жеке тұлғаның 59 елдің банктерінде шоттары бар.
"Банк шоттарының ең көп саны Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында және Швейцарияда ашылған. 494 жеке тұлға Қазақстан Республикасынан тысқары жерде 26 елде 666 жылжымайтын мүлікті жариялады, оның ішінде 436 жылжымайтын мүлік Ресейде, 44 - БАӘ-де, 38 - Түркияда", - деп хабарлады салық басқармасы.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметі бойынша, 49 елде 1030 жеке тұлға 1198 көлік құралын декларациялаған, оның ішінде Ресейде - 292, Арменияда - 235, Жапонияда - 221, Германияда - 162.
"47 жеке тұлға біздің елден тыс, Ресейде, Кипрде және БАӘ-де 57 заңды тұлғада үлеске ие", - делінген хабарламада.
1585 жеке тұлға 11 елде 1603 жылжымайтын мүліктің құрылысына қатысын көрсетті, оның 1568-і Қазақстанда.
"116 адам инвестициялық алтын барын жариялады, 25 елде 918 адам бағалы қағаздарын жариялады, 608 адамның 635 пайлық инвестициялық қордағы үлесі бар. 212 адамның 218 зияткерлік меншік және авторлық құқық объектісі бар", - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Сондай-ақ, салық деректері бойынша 355 адамның дебиторлық қарызы бар. 578 адамның кредиторлық берешегі бар.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес жеке тұлғалардың декларациясын тапсыруға жауапты тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы мәліметтерді де көрсетеді. 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімгерлік басқаруға берді", - деп қорытындылады ведомство.