Қазақстандық бизнестің 70 пайызы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тендерлердің арқасында күн көріп отыр. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
«Қазір елімізде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алу және игеру саласында ғана бизнес бар. Бұл қазақстандық бизнестің 70 пайызы тендерлердің арқасында күн көретінін, яғни мемлекеттің мойнында масыл болып отырғанын білдіреді. Экономикадағы мемлекеттік сектор үлесі тым үлкен. Бұны барлығы жақсы түсінеді. Бұндай жағдайда мықты кәсіпкер шықпайды», - деді Мұрат Бақтиярұлы Сенат отырысында.
Сенатор осыған қатысты түсініктемені премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевтан сұрады. Депутат Президенттің экономикадағы мемлекет үлесін азайту туралы тапсырмасын еске салды. Осы сұраққа жауап берген Досаев депутаттарды «Үкіметте стартегиялық жоспар» бар деп сендірді.
«2020 жылға дейін мемлекеттік сектор және квазимемлекеттік сектор бойынша экономикадағы мемлекет үлесін 15 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. Біз 1 желтоқсаннан бастап бизнесті қолдауға 600 миллиард теңге бағыттағымыз келеді. Олардың 300 миллиард теңгесі өнеркәсіпке, 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнесті дамытуға және 200 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығына арналған. Барлық қаржы банк несиелері арқылы бағытталады», - деді Ерболат Досаев.