Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен халықтың байланысын нығайтуға бағытталған халыққа арналған манифест іспетті Жолдауында елдің келешектегі бағытын айқындап берді. Осыған орай түрік саясаттанушысы, ғалым Күршад Зорлуның Президент Жолдауы туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен президенттік мандатынан бас тартқаннан кейін биылғы 9 маусымда өткен сайлауда екінші Мемлекет басшысы ретінде сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында алғаш рет халыққа Жолдау жасады.
Қ.Тоқаев Қазақстанның жаңа кезеңдегі басымдықтары ретінде табысты әділ бөлу, тәуелсіз сот жүйесі, тиімді басқару, либералды демократия мен өткен шақтың құндылықтарына негізделген жаңғыртуларды атап көрсетті.
Н.Назарбаевтың 1997 жылдан бергі халыққа арнаған жолдаулары мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылына негізделген маңызды манифест саналады. Бұл, сонымен қатар Елбасы атанған Н.Назарбаевтың жаңа кезеңге дайындаған маңызды көшбасшылық қасиеттерінің бірі. Осылайша азаматтар Президенттің көзқарасын түсінеді және қандай да бір бақылау рөліне ие болады. Жаңа Президент Қ.Тоқаев халыққа осындай саналы түрде үндеу тастады және елді бұған дейін басқарған Н.Назарбаев моделін жалғастыра беретінін көрсетті.
Жалпы, алдын ала дайындалған мақсаттар мен тапсырмалар қордаланған көптеген мәселелерді шешетіні белгілі. Тәуелсіздік алғаннан бері елдегі проблемалар мен шешімдердің куәсі болған Қ.Тоқаев экономикалық реформаларды саяси және құқықтық реформалармен қатар жүргізу керектігін айтты. Жақында елдегі демонстрацияларға тоқтала отырып, Қ.Тоқаев мұндай бейбіт және заңды әрекеттерге кедергі келтіруге болмайтынын, тіпті шерушілерге қолайлы жерлер берілу қажеттігін мәлімдеді. Тиісінше Қ.Тоқаев таяудағы болашақта елдің дамуын бес негізгі бағытта қарайтынын аңғардық. Олар: әділеттілік, тәуелсіз сот жүйесі, тиімді басқару, либералды демократияны ілгерілету және өткен шақтың құндылықтарына негізделген жаңғыртулар.
Аталған мақсаттар мен нұсқаулардың толық жиынтығы жаңа Президент Қ.Тоқаевтың ұлттық жүйені, ішкі тыныштықты сақтайтын және экономикасы үнемі өсіп келе жатқан ел туралы көзқарасын білдіреді. Екінші жағынан, Түркия үшін Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үлкен маңызға ие. Сондай-ақ мұның Түркияның болашақ бағдар тұрғысынан да мәні зор. Егер Қазақстан жаңа менеджмент моделімен өзінің табысын жалғастыра берсе, түркі әлемі, нақтырақ айтсақ, Түркі кеңесіне де оның тиімділігі артады.
Біздің елдегі ұшақ билетінің құны туралы мәселеге Қ.Тоқаев та тоқталды. Еуропалық маршруттармен салыстырғанда 30 пайызға дейінгі айырмашылықты айтқан ол бұл жағдай Қазақстанның транзиттік тасымалына нұқсан келтіретінін жеткізді. Келешекте Қазақстанда ұшақ пен пойыз билеттерінің бағасы төмендеуі мүмкін. Президенттің халыққа Жолдауындағы маңызды мақсаттарына алда тоқталамыз.
Барлық саладағы кешенді реформалар
Мемлекеттік басқаруды қолайлы ету, өнімділікті арттыру үшін мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы жасарады, ал мемлекеттік қызметкерлердің саны 2024 жылға қарай 25 пайызға қысқарады. Осы арқылы үнемделген қаражат тиімді басқа қызметкерлерге бөлінеді. Азаматтық қоғамға бағытталған мемлекет туралы түсінік басым болады. Атап айтқанда, баспана мәселесіне қатысты шағымдар мен өтініштерге назар аударылмақ. Сондай-ақ егер жергілікті әкімдерге тұрғындардың берген бағасы 30 пайыздан төмен болса, оларға қатысты шара қабылданады. Барлық мемлекеттік компаниялар жартылай мемлекеттік компанияларға өтеді. Сонымен қатар мұғалімдердің жалақысы көтеріледі.
Сот билігі тәуелсіздік және бейтараптық қағидаттарына сәйкес әрекет етеді. Бұл тұрғыда Жоғарғы соттың шешімдерін тексеру әдісі басым болмақ. Қажетті қадамдар тез арада қабылданса, шетелдік инвестициялар да көбейе түседі.
Қазақ тілі мен түрік тілінің ортақ тұсы көп әрі этимологиялық тұрғыдан байланысы зор. Былтыр Н.Назарбаевтың нұсқауымен латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдануының осы тұрғыда маңызы зор. Жаңа Президент Қ.Тоқаев бұл қадамды одан әрі жалғастыра бермек. Енді қазақстандық диалог пен жарияланымдар халықаралық және дипломатиялық қатынастарда көбірек байқалады. Бұл жағдай елдегі қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түседі.
Қазақстанның әскери жүйесінде кейбір проблемалар бар екенін айта келе, Қ.Тоқаев әскери қызметті ынталандыру үшін әрі заманауи және тиімді армия құру үшін қаржылық қолдаудың ұлғаятынын айтты. Қазақстанда шамамен 18 миллион адам бар және әскери қызметкерлердің саны 250 мыңға жуықтайды. Сонымен қатар полиция санында төтенше реформалар жасалады. Қауіпсіздіктің тағы бір мәселесі – жерді шетелдіктерге сату. Қ.Тоқаев елде жиі талқыланатын бұл мәселе бойынша нақты айтты: жер шетелдіктерге сатылмайды.
Қ.Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау үшін бағдарлама дайындалғанын жеткізді. 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес табысқа салынатын 3 жылға салықтан босатылады. Мемлекеттік қолдау жүйесі орнатылып, аталған компанияларға қысым жасау қылмыс болып саналады. Бір жағынан бұл тәжірибе мемлекеттік бюрократияның шағын және орта бизнесті жеке ресурс ретінде көруіне жол бермеуге бағытталған.
Пайдаланылмай жатқан жерлер оны қолдануға қабілетті тұрғындарға жалға беріледі. Барлық егістік жерлер түгенделетін болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша пайдаланылатын қаражат үш есеге артып, олар инфрақұрылымға, мектептер мен ауруханаларға жұмсалады. Ауылшаруашылық өндірісін 4,5 есе арттыру үшін суармалы жерлердің саны 4 есеге артпақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес маңызды орын алады. Қ.Тоқаев бұл мәселені өзінің алғашқы халыққа Жолдауында көтеріп, кінәсіздік презумпциясын жоғары басқару органдары қайта анықтайтынын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы институттардағы проблемалар дереу жойылатынын мәлімдеді.
Қ.Тоқаев зейнеткерлерге арналған арнайы жеңілдіктер жүзеге асатынын мәлімдеді. Тиісінше зейнетақы қорында жиналған қаражатының бір бөлігін белгілі мақсатта қолдана алады; мысалы, үйсіз адам үй сатып алса немесе білім алу мақсатында пайдаланса болады. Тағы да, осы шеңберде міндетті зейнетақы сақтандыруының 5 пайызын төлеу 2023 жылға дейін шегеріледі. Сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау
Қазақстан – түрлі этнос өкілдері өмір сүретін ел. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ұлт мәселесіне үлкен мән бергенімен, ол әрқашан осы шеңбердегі еркіндік аймақтарын сақтап қалуға тырысты. Қ.Тоқаев елдің бірлігін маңызды деп санайды. Осы мақсатта ол әлеуметтік көмек жүйесінің күшейтілуіне маңыз бермек. 1,7 миллион адам әлі де әлеуметтік көмек алуда. Қ.Тоқаев қызметке кіріскен кезде осындай шешім қабылдап, табысы төмен топтардың қарызын кешіруді тапсырды.
Аталған мақсаттар жаңа Президент Қ.Тоқаевтың біртұтас мемлекеттік жүйені, ішкі тыныштықты сақтайтын және экономикасы үнемі өсіп келе жатқан елді алға жетелейтінін көрсетті.
Куршад ЗОРЛУ,
«Anadoly Agency»
Аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»