28 сәу, 2022 сағат 17:42

Қазақстандағы еңбек дауларының 99 пайызы Маңғыстауға тиесілі


Қазақстан бойынша 53 кәсіпорында еңбек дауы бар. ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр құрылған ситуациялық орталықтың аясында күн сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірге елдегі кәсіпорындардағы ахуал тексеріліп отырады. Бұл орталықтың мәліметтеріне мүдделі мемлекеттік органдардың бәрі жалғанған. Осы мониторингтің дерегі бойынша, орталық құрылғаннан бері 500-ден астам проблемалық кәсіпорын тізімге енген. Мемлекеттік және жергілікті атқару органдары қабылдаған шаралардың арқасында сол кәсіпорындардың 449-ында мәселе шешілген. Олар қазір мониторингтен алынып тасталды. Бүгінгі таңда мониторингте республика бойынша 53 кәсіпорын бар. Олар бойынша жергілікті әкімдіктер тиісті шара қабылдап жатыр. Жоғарыда аталған 449 кәсіпорын бойынша тек кейінгі 4 жылда 34 наразылық акциясы өткен. Яғни, үш сағаттан астам уақытқа жұмыс тоқтатылған. Еңбек кодексі бойынша бұл үшін әкімшілік-тәртіптік жауапкершілік қарастырылған», - деді комитет өкілі. 

Оның сөзіне қарағанда, еңбек дауларының 99 пайызы - Маңғыстау облысына тиесілі.

«Өңірлерге жіктеп айтсақ, 34 наразылық акциясының 33-і Маңғыстау облысының кәсіпорындарында болған. Қалған бір акция Атырау облысында орын алды. 33 акцияның ішінде 27-сінде қазір мәселе шешілген. Яғни, ондағы кәсіпорындар жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр. Жұмыс берушілермен ымыраға келу шараларының арқасында жұмысшылар қойған талаптар орындалды. Бүгінде қазір 6 кәсіпорында наразылық акциясы жалғасып жатыр. Олар бойынша әкімдіктер Үкімет қаулысы бекіткен алгоритм аясында шара қабылдап жатыр», - деді Төлеген Оспанқұлов.