19 шіл, 2020 сағат 11:45

Қазақстандағы дуальды оқыту жүйесінің қыр-сыры

Қазақстанда тұрақты экономиканың дамуын қамтамасыз ету үшін техникалық және қызмет көрсету бағытындағы кадрларды даярлау үшін дуальды оқыту жүйесі қабылданған болатын. Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы "дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" заң қабылданды. Заңға 2018 жылы өзгеріс енгізілді. Дуальды оқыту деген – білім беру мекемесі, оның ішінде колледж және жоғары оқу орны, мен өндірісте қатар білім алу. Ол теория мен практикалық білімнің өзара байланысып беруліне негізделген. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.

Дуальдық жүйеде білім беруші мен білім алушының қарым-қатынасы тепе-теңдік және әділдік принципіне негізделген. Дуальды оқытуда білім алушы дайындықтың теориялық бөлімін білім беру ұйымының қабырғасында алса, практикалық бөлігі қандай да бір өндірісте, жұмыс орнында беріледі.

Кәсіпорындар білім беру мекемелеріне қанша маман қажет екенін айтып, нақты санын айтады. Ал жұмыс берушілер оқу бағдарламасын жасауға атсалысады. Студенттер оқудан қол үзбей-ақ, кәсіпорында тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтайды. Қазақстандағы дуальды оқыту жүйесінде жұмыс берушінің рөлі күшейеді. Кәсіпорын аумағында студенттерге арналған оқу жұмыс орындары құрылады.

Қазақстандағы білім жүйесіне тоқталар болсақ, оқу орындарында теориялық дайындыққа басымдық беріледі, ал тәжірибе жинауға оқу процесінің он пайызы ғана бөлінген. Соның нәтижесінде колледж, техникумдар мен жоғары оқу орындарының түлектері қандай да бір қызметке барғанда, кәсіпорынға барғанда мүлде тәжірибесіз болып шыға келеді. Ал осы мәселені шешу үшін Германияда басталған дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Себебі жұмыс берушіге аз да болса тәжірибесі бар маман қажет, оның қолында қызметкердің бойындағы тәжірибе дағдыларын қалыптастырып отыруға уақыт та, ресурс та жоқ болуы бек мүмкін.

Ал бұл жүйе бірден теориялық және практикалық дағды қалыптастырған маманды даярлап шығаруды көздейді. Оқу процесінің, оның ішінде уақыттың үштен бір бөлігінде студент базалық білім алады, ал қалған үштен екі бөлігінде кәсіпорында іс жүзінде білім жинақтайды. Басты мақсат – өндірісте жұмыс істеудің базалық дағдылары қалыптасқан білікті және сауатты маманды дайындау. Ал Қазақстанда дуальды оқыту жүйесі қалай дамып жатыр? Елімізде кадрларды даярлаудың мұндай түрі 2012 жылдан бастап енгізіле бастады. Жүйенің жетістігі ретінде нормативтік актілерде "дуалды оқыту" ұғымы бекітіліп, еңбек кодексімен тікелей байланысты болуын атауға болады. Сонымен қатар осы заңнама негізінде техникумдар мен колледждерде оқыту жүйесінің теория мен практикаға бөлінетін уақыт бекітілді. Соған сәйкес, 40% теорияға көңіл бөлінсе, 60% практикаға назар аударылады. Сонымен қатар дуальды оқытуды ұйымдастыру негіздері аясында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында осындай бағдарламаларды іске асыру ережесі бекітілді. Ең тиімдісі – жүйе бойынша оқитын адамдарға кәсіпорында өткен уақыты еңбек өтілі болып есептеледі.

Қазақстанда дуальды оқытудың іске асырудың неғұрлым перспективалы бағыттары техника-технологиялық және ауыл шаруашылығы саласында басымдыққа ие болып отыр. қазір колледждерде дуальды оқыту өте табысты түрде жүзеге асып жатыр, өйткені мұндай типтегі білім беру құрылымдары бастапқыда өндіріске бағытталған орта буын мамандарын даярлауды көздейді.

Қазір Қазақстанда 350-ге тарта колледж осы жүйеге жұмылдырылған. Олар екі мыңға жуық кәсіпорынмен байланыс жасасқан. Орта есеппен жыл сайын жиырма мыңға жуық студент дуальды оқыту бойынша тәжірибе мен теорияны ұштастырып білім алып жатыр.

Жұмыс берушілер тізімде бар колледждерге түсетін студенттермен шарт жасасады. Соның арқасында студент оқуды аяқтағаннан кейін нақты кәсіпорынға жұмысқа орналасатынын біледі, ал өндіріс басшысы ұжымға жаңа білікті қызметкер кіретініне сенімді болады.