28 нау, 2024 сағат 16:32

Қазақстанда жылына 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі


Сенат депутаты Андрей Лукин елдегі заңсыз алтын айналымы мәселесіне назар аударды. Оның мәліметінше, елімізде кеншілікпен заңсыз айналысатындар жыл сайын 25 тоннаға жуық бағалы металл өндіреді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Malim.kz басылымына сілтеме жасап.

Палата отырысында Лукин 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанда алтынның заңсыз айналымына қатысты 7 қылмыстық іс тергеліп, оның 4-і сотқа жіберілгенін айтты. Келтірілген шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан.

"Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы 4 жылда заңсыз айналымға, бағалы металдарды өндіруге және ұрлауға қатысты 133 қылмыс тіркелген", - деді Лукин.


Депутат 2023 жылдың қарашасында жалған кеншілерден алтын өнімдерін сатып алумен айналысқан қылмыстық топтың жойылғанын мысалға келтірді.

"Кейін астыртын цехтарда осындай алтыннан белгілі брендтердің атын жамылып жасалған бұйымдар Астана және Шымкент қалаларындағы сауда үйлерінде сатылған. Тексеру кезінде қылмыскерлерден 1 келіден астам алтын мен 100 дана бұйым тәркіленді", - деді сенатор.


Парламент депутаттары мұндай заң бұзушылықтармен күресу үшін алтын кеніштеріндегі бақылауды күшейту керек деп санайды.

"Шамамен есептесек, заңды түрде өндірілген әрбір үш тонна алтынмен бірге бір тонна алтын заңсыз өндіріледі екен. Республика бойынша, бұл көрсеткіш жылына 25 тонна алтынды құрайды. Мәселені шешудің басты жолы - бақылауды күшейту", - деді сенатор.