ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Нұрсейіт Әбішев Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, қандай айыппұлдардың мөлшері азайғанын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2017 жылы 28 желтоқсанда Елбасы Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңына қол қойды. Заң ресми түрде жарияланған күннен бастап, 10 күннен кейін күшіне енеді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілген ережелерге сәйкес, жол ережелерінің бұзылуына қатысты айыппұлдың 22 түрі азайтылды», - дейді Нұрсейіт Әбішев Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында.
ҚР ІІМ өкілінің айтуына қарағанда, белгілі бір шекті жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға асырған жағдайда айыппұл мөлшері қазір 10 АЕК болса, бұдан былай 5 АЕК-ке азаяды.
«Сонымен қатар, мүгедектердің көліктерін қоюға арналған орынға басқа жүргізушілер көліктерін қойған жағдайда қазіргі айыппұл 50 АЕК болса, оның мөлшері заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес 10%-ға азаяды. Сонымен қатар, Ішкі істер органдары тоқтау туралы белгі бергенде, жол сақшысының заңды талабына бағынбаған жағдайда жүргізушілерге қазіргі кезде 1 жылға дейін көлік құралдарын басқару құқығын айырылады. Ал аталған заңмен осы жазаны 6 айға дейін қысқарту көзделген», - дейді ол.
Нұрсейіт Әбішев сонымен бірге, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен жағдайда қазіргі кезде әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша 1 жылға дейін жүргізуші куәлігі мен көлікті басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жаңа өзгеріс бойынша аталған жазаны 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұлға ауыстыру күтіліп отыр.
«Аталған заң бойынша айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50%-дық жеңілдік жасау мүмкіндігі бұрынғыдай қалдырылды», - дейді Нұрсейіт Әбішев.