24 қаң, 2022 сағат 18:25

Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мешіттер зақымдалған жоқ


Елде болған жаппай ереуіл кезінде ешқандай мешіт зардап шеккен жоқ. Бұл туралы елордадағы «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аллаға шүкір, мешіттерге зардап келген жоқ. Осы тұста дін мамандары бұзақылыққа қарсымыз, дін де қарсы. Себебі арандатушылық еш жақсылыққа алып келмейді. Ол туалы жамағатқа айтып та жатырмыз. Пайғамбарымыз «іріткі ол ұйықтап жататын нәрсе, оны оятқан адамға Алланың қарғысы болсын» деген. Сондай-ақ, хадистерге жазылғандай «іріткі кезінде тұрған адамнан, отырған адам жақсы» делінген. Тұрақтылық, тыныштық тәңірдің берген сыйы. Ал оны сақтау өз қолымызда. Бізде мешіттер зардап шекті деген ешқандай мағлұмат жоқ», - деді Ерболат Жүсіпов. 

Одан бөлек, имам жаппай бассыздық кезінде діни сала мамандарының да зардап шекпегенін жеткізді.