02 ақп, 2021 сағат 11:49

Қазақстанда ұялы байланыс сапасының минималды шегі реттеледі

Қазақстанда байланыс сапасының минималды шегі реттеледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Байланыс саласы бойынша өткен жылы 2 ауқымды жоба іске асырылды. Осылайша 5 330 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жұмысы аяқталды. Бірақ, тексеру жүргіздік. 510 ауылда интернет жылдамдығына қатысты мәселе қалып отыр. Келесі екі жыл байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргіземіз. Яғни, 286 ауылды 3G-4 G стандарттарына ауыстыру, 224 ауылды спутниктік трансмиссиядан талшықты байланыс желісіне ауыстыру, саны 250 адамнан кем 242 ауылға мобильді интернет өткіземіз. Жалпы алғанда 750 ауылда интернет сапасы едәуір өседі. 2021 жылы операторлар 752 базалық станса салады. Оған қоса тағы 560 стансаны жаңартады», - деді министр. 

Сонымен қатар ол қалалаларда да байланыс саласында проблемалар бар екендігін айта келе, әкімдерден базалық стансаларда орнату үшін операторларға ғимараттарға рұқсат алуды қамтамасыз етуге, антеналар орналастыру орындарын іздестіруге көмек көрсетуді өтінді. 

«Бұрын байланыс сапасының минималды шегі реттелмеген еді. Біз арнаулы бұйрық жобасын әзірледік. Онда байланыс сапасы көрсеткіштерін анықтадық. Мысалы, 4G байланыс стандарты бойынша кемінде секундына 5 МБ қажет етілетіндігі айқындалды. Құжат көпшілік талқылаудан өтті. Мемлекеттік органдармен келісіп, екі айдың ішінде бұйрықты қабылдайтын боламыз», - деді Бағдат Мусин.