10 сәу, 2018 сағат 10:47

Қазақстанда тағы 15 мың шақырым жол ақылы болуы мүмкін

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдағы жылдары тағы 15 мың шақырым жолды ақылы ету ұсынылды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында Жеңіс Қасымбек еліміздегі «Жалпы пайдаланымдағы ақылы автомобиль жолдарында (учаскелерінде) ақы төлеу жүйесін енгізу және пайдалану» Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы туралы баяндады.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша біз республикалық  маңызы бар автомобиль жолдарын ақылы ету мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл ұсынысты жеке серіктес бастады. Ол 3 жыл ішінде 15 мың шақырым жолға ақылы жүйені енгізу керектігін ұсынып отыр. Бұл жүйе 10 жыл пайдаланылады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, 2 сәуірде жобаны бастау туралы хабарлама интернет-ресурстарда және баспасөзде жарияланған.

«Хабарлама шыққаннан кейін 60 күн ішінде әлеуетті жеткізушілер қызығушылық білдіріп, баламалы ұсыныстар берсе, жеке әріптесті таңдау конкурс арқылы жүзеге асырылады», - деді ол.