Фото: Pexels.com
Елде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарлануда. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, жұмыс тобы бұл норманы мақұлдап үлгерді. Енді заң жобасын палатада екінші оқылымға шығару көзделуде, деп хабарлайды Orda.kz.
Журналистердің жаза түрі туралы сұрағына депутат айыппұл салу мәселесі қаралып жатқанын айтты:
«Біз барлығын жаппай жауапқа тартуды жоспарлап отырған жоқпыз. Айыппұл көлемі туралы айту қиын, себебі пленарлық отырыста оны арттыру немесе азайту бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін».
Сталкингті неғұрлым қатаң санкциялармен жазаланатын қылмыстық құқықбұзушылыққа неге қоспағаны туралы сұраққа депутат:
«Мұндай шешімдерді асығыс қабылдауға болмайды. Қылмыстық кодекске жаңа нормаларды өте сақтықпен енгізу қажет. Құқық қолдану, тергеу және сот тәжірибесін зерделеп, талдау жүргізгеннен кейін ғана санкцияларды қатаңдату туралы айтуға болады. Бұл — адамдардың тағдыры», - деді Абзал Құспан.
Егер заң жобасы қабылданса, Қазақстан сталкингті қылмыстық құқықбұзушылық деп танитын елдердің қатарына қосылады. Бірақ алғашқы кезеңде салыстырмалы түрде жұмсақ санкциялар қарастырылады.
Айта кетейік, Дана Нұржігіт бұрынғы күйеуінің сталкингі мен қудалауына қалай қарсы тұрғанын айтып берген.