Фото: pixabay.com
Қазақстанда сталкинг дерегі бойынша алғаш рет сот үкімі шығарылды. Бұл отандық құқықтық тәжірибеде маңызды әрі символдық оқиға. Петропавл қаласында бір жарым жылдан астам уақыт бойы әйел адамды қудалап келген 37 жастағы ер адамға сот 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Осы орайда Ult.kz тілшісі сталкинг мәселесін сараптап көрді.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің арызы негізінде жүргізілген тергеу барысында күдіктінің әйелді ұзақ уақыт бойы аңдығаны, оның назарын күштеп аударуға тырысқаны, сондай-ақ жәбірленушімен және оның айналасындағы адамдармен жиі жанжалға барғаны анықталған. Әйел өз сөзінде қудалаудың күнделікті өміріне кедергі келтіріп, тұрақты психологиялық қысым тудырғанын айтқан.
Маңыздысы, бұл азамат бұған дейін де жәбірленушіге қатысты бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, қудалау әрекеттерін тоқтатпаған. Бұл жағдай сталкингті дер кезінде құқықтық тұрғыда бағаламаудың қандай салдарға әкелетінін айқын көрсетіп отыр.
Сталкингке қарсы заң: жеке шекараны қорғаудың жаңа кезеңі
Бұл сот үкімі Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 115-1-бап «Сталкинг» нормасының алғашқы нақты қолданылуы ретінде тарихта қалды. Президент қол қойған «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң азаматтардың жеке кеңістігін қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.
Заңға сәйкес, сталкинг зорлық-зомбылық қолданылмаса да, адамның еркінен тыс, жүйелі түрде қудалау арқылы оның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін әрекеттер жиынтығы. Бұған ізіне түсу, қайта-қайта қоңырау шалу, әлеуметтік желіде бақылау, қорқыныш пен алаңдаушылық тудыру секілді әрекеттер жатады.
Енді мұндай құқықбұзушылық үшін:
200 АЕК-ке дейін айыппұл,
200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс,
50 тәулікке дейін қамау жазасы көзделген.
Сталкинг – жаңа атау болғанымен, ескі проблема. Бұрын мұндай әрекеттер «қызғаныш», «отбасылық жанжал», «жеке мәселе» ретінде бағаланып, көп жағдайда құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалды. Әсіресе, ажырасқан жұптар мен біржақты қарым-қатынаста бұл құбылыс жиі кездеседі.
Зәбір көрушілердің басым бөлігі – әйелдер. Халықаралық деректерге сүйенсек, әрбір оныншы әйел өмірінде кем дегенде бір рет сталкингке ұшырайды. Ұдайы аңду мен бақылау адамның психологиялық жағдайын күйретіп, кей жағдайда ауыр трагедияларға әкелетіні де жасырын емес.
Бұрын қалай еді, енді қалай болмақ?
Бұған дейін Қазақстан заңнамасында «сталкинг» ұғымы мүлде болмады. Құқық қорғау органдары мұндай істерді «қорқыту», «жеке өмірге қол сұғу» секілді баптармен шектеулі түрде қарастырып келді. Бұл нақты қауіптің алдын алуға мүмкіндік бермеді.
Енді 115-1-бап аясында сталкинг дербес құқықбұзушылық ретінде танылып отыр. Заңгерлердің айтуынша, бұл жәбірленушілерді ерте кезеңде қорғауға жол ашады. Хабарламалар, хат алмасулар, скриншоттар, қоңыраулардың жазбасы барлығы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін.
Сталкинг ауыр қылмыс санатына енгізілген жоқ. Заң шығарушылардың айтуынша, бұл баптың басты мақсаты жазалау емес, алдын алу. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да осы ұстанымды қолдайды. Оның пікірінше, азаматтарды бірден түрмеге қамау емес, заңсыз әрекеттің салдары бар екенін ұғындыру маңызды.
Халықаралық тәжірибе де әртүрлі: кей елдерде сталкинг ауыр қылмыс саналса, кейбірінде алдын алу тетігі ретінде қарастырылады. Қазақстан осы жолды таңдады.
Петропавлдағы сот үкімі жаңа заңның қағаз жүзінде қалмай, нақты іске аса бастағанын көрсетеді. Бұл жәбірленушілер үшін үміт, ал әлеуетті құқықбұзушылар үшін ескерту. Сталкингке төзбеушілік тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жеке шекараны сыйлау мәдениеті қалыптаспайынша, заңның өзі жеткіліксіз. Ал алғашқы сот үкімі осы бағыттағы маңызды бастама болып отыр.
