Алдымен Кибер қалқан деген не? Осыны анықтап алсақ. Кибер қалқан – ақпараттық қауіпсіздік немесе киберқауіпсіздік деп аталатын, яғни электрондық ақпараттық ресурстардың, әртүрлі ақпараттық жүйелердің және ақпараттық – коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы немесе ішкі киберқауіптерден қауіпсіздігі. Ал Қазақстанда Кибер қалқан тұжырымдамасын іске асыру 2 кезеңнен тұрады: бірінші кезең - 2017-2018 жылдар; екінші кезең - 2019-2022 жылдар. Осы орайда «Ұлт» порталы Қазақстанда өз өндірісінің кибер қалқаны қашан пайда болуы мүмкін деген сауалға жауап іздеп көрді.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов киберқауіпсіздік саласында отандық өнімге көшу туралы бұған дейін де айтып жүргені белгілі. Министрлік өкілінің айтуынша, ол үшін жастар жағына көбіне қолдау білдіріп келеді.
«Бүгінгі таңда Astana hub жас кадрлар ұстаханасы бар. Бұл жерде акселерациядан өтіп, кейін «Қазақстанның Киберқалқаны» бағдарламасын іске асыруға қатысатын балалар. Қаржы тұрғысынан мемлекет қажеттінің бәрін жасады. Бастапқыда осы бағдарламаны іске асыруға 28 млрд теңге салынды», - деді Руслан Әбдіқалықов.
Осы орайда биыл T&T Security компаниялары мен Trend Micro Incorporated киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік көшбасшы арасындағы ынтымақтастықтың таныстырылымы өткенін естеріңізге саламыз.
Қазіргі таңда мамандар да Қазақстанда өз өндірісінің кибер қалқаны қашан пайда болатынын дөп басып айта алмайды. Себебі Қазақстан бұған дайын емес. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов былай деді:
«Қазақстан дайын емес дейміз. Дегенмен, аталған бағдарламаның бір ерекшелігі – біз уақыт өте келе импортты алмастыру процедурасын жүргізуіміз керек. Біз қазір қолданатын шетелдік өнімдерді отандық өнімдермен алмастырамыз», - деді министрлік өкілі.
Қазақстанда өз өндірісінің кибер қалқанын жүзеге асыру үшін мемлекет отандық компанияларға шетелдік аналогтарға қатысты артықшылықты жағдайда болуға мүмкіндік беріп отыр. Тізілім барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторды өнімді дәл осы тізілімнен сатып алуға міндеттейді.
Осы орайда «Ұлт» порталы ІТ маманы Тимур Бектұрдан пікір сұрап, кибер қалқанның жетілуі мен қалыптасуы туралы сұрап көрді.
«Қазіргі таңда Кибер қалқан дегеннің не екенінен мән бере бермейміз. Дегенімен кибер қалқан деген ең алдымен қауіпсіздік екенін ескерсек дейміз. Ақпараттық қауіпсіздік деген өте маңызды. Қазір әлеуметтік желілер қарқынды түрде дамып, қолданысқа ие болып отырғаны белгілі. Бұл ақпараттық қауіпсіздікті қатаң сақтауға мәжбүрлейді. Себебі әлеуметтік желілер ашық ақпаратты ұстап, қауіпсіздік содан туындайды», - дейді ІТ маманы.
Естеріңізге сала кетейік, Кибер қалқан дегеніміз – ақпараттық қауіпсіздік немесе киберқауіпсіздік деп аталатын, яғни электрондық ақпараттық ресурстардың, әртүрлі ақпараттық жүйелердің және ақпараттық – коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы немесе ішкі киберқауіптерден қауіпсіздігі. Ал қазақстанда Кибер қалқан тұжырымдамасын іске асыру 2 кезеңнен тұрады: бірінші кезең-2017-2018 жылдар; екінші кезең-2019-2022 жылдар.
Айта кетейік, кибер қалқанды жүзеге асыружың бірінші кезеңінде Қазақстан Киберқауіпсіздік бойынша жаһандық индексте 40-шы орында тұр. Халықтың киберқауіпсіздік қатерлері туралы хабардар болу деңгейі 63% - ды, ал ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметкерлермен қамтамасыз етілу 46% - ды құрайды. Сондай-ақ, Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік бойынша 2 жедел орталық және компьютерлік инциденттерге әрекет ету бойынша 3 қызмет және 700-ден астам білікті мемлекеттік қызметкерлер орналасқан.