Фото: Primeminister.kz
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін республикалық штаб құрды, деп хабарлайды Ult.kz.
Премьер-министрдің өкімімен құрылған штабқа Үкімет басшысы жетекшілік етеді. Оның орынбасарлары ретінде Премьер-министрдің орынбасары және Ішкі істер министрі белгіленді.
Штабтың негізгі міндеттері — мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылын үйлестіру, алдын алу шараларының тиімді тәсілдерін әзірлеу, сондай-ақ есірткіге тәуелді азаматтарды профилактика, емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру.
Құрамына Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және жауапты министрліктердің өкілдері кірді.
Сонымен қатар, Премьер-министрдің өкіміне сәйкес еліміздің барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құрылады.
