05 мам, 2017 сағат 17:47

Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді

Бүгін Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының алғашқы нәтижелері туралы баяндады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биылғы жылдың І тоқсанында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоспардағы 2,5% жағдайында 2,9% артып, 353,7 млрд теңгені құрады. Бұл орайда мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3% артты, көлемі - 340 млрд теңгеге жуық. Ауыл шаруашылығына инвестициялар көлемі 22% артқан. 

Аталған кезеңде азық-түлік өнімдерін өндіру 3,4% артқан. Мал шаруашылығы саласында орта есеппен мал басының 3,1% артуы, ет өндірісі - 3,8%, сүт өндірісі- 3,6% артуы байқалды.  

І тоқсанда 182 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Жалпы, бір жыл ішінде 130 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды қамтумен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің санын 467-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Технологиялар трансферті орталығы құрылды, онда 500-ге жуық озық технологиялардың мәліметтер базасы бар. Сонымен қатар, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ базасында шетелдік нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ілгерілету бойынша экспорт орталығы құрылды. 

Бірінші вице-министрдің айтуынша, биыл өнім түсімін арттыруға, салмақ түсімі мен өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін көбейтуге баса назар аудару мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау критерилері өзгертілді. Бұл негізінен шағын және орташа шаруа қожалықтарының субсидия алуға тілек білдірушілерінің санының бірнеше есеге артуына жол ашты. 

«Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу мақсатында егіс жұмыстарын несиелендіру және егіс науқанын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. 2017 жылы көктемгі егіс және өнімді жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік несие бөлінді, қазір оның 33 млрд теңгеден астамы игерілген. Бұл тұста несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 6%-дан артық емес», - деді Қ.Айтуғанов.