Бүгін онлайн конференция аясында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндап берді.
А. Цой атап айтқандай, ағымдағы айдың үш аптасында жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың инфекциялық және провизорлық төсек-орынға дейін ұлғайды. Төсек-орын қорының өсуі 19,3 мың бірлікті құрады.
Провизорлық стационарларда төсек-орындардың бос болмауы 20%-ға, реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 6%-ға төмендеді. Амбулаториялық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін бірінші реттік медициналық-әлеуметтік көмектің 2 962 мобильді бригадасы құрылды.
Бүгінгі күні инфекциялық және провизорлық стационарларда 1 958 ӨЖЖ аппараты бар, әкімдіктермен бірлесіп қосымша 4 183 аппарат сатып алынады.
21 855 төсек-орын оттегіге қосылады. Оның ішінде 17 762 төсек-орын мемлекет тарапынан да, демеушілер мен азаматтардан келіп түсіп жатқан оттегі концентраторларымен оттегіге қосылады
Қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізу жоспарлануда, олар өңірлік ауқымда және ең бастысы, ауылда көмек көрсете алады. БМК-ның бұл жоспарлы жинағы рентген жабдықтарын, УДЗ, ЭКГ, гинекологиялық, қарау кабинеттерін, материалды алу пункттерін қамтиды.
Қазақстанда жедел ауруханаға жатқызу мен жүгіну санының азаюы бойынша тұрақты динамика байқалады
Жалпы, қабылданған жедел шараларды ескере отырып, екі апта ішінде мынадай оң нәтижелерге қол жеткізілді:
● COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді;
● COVID-19-дан жазылғандар саны 60%-ға артты;
● жедел жәрдем шақырулар саны 23%-ға азайды;
«Бұл көрсеткіштер қазір динамиканың тұрақтанғанын айқын көрсетеді. Біз түрлі өңірлерде дәрігерлермен әңгімелескен кезде дәрігерлер біртіндеп әдеттегі жұмыс режиміне кірісіп жатқанын, шаралар жүйелі түрде жүзеге асырыла бастағанын көріп отырмыз. Денсаулық сақтау жүйесінің бірден азайып кетпейтіні түсінікті, бірақ бізде айқын оң өзгерістер бар. Біз жұмысты жүйелендіріп, қолжетімділіктің артып, мобильді бригадалардың ұлғайғанын көріп отырмыз. Екі апта бұрын бұл мобильді бригадалар болған жоқ, ал қазір біз қалай артқанын көріп отырмыз», — деді А. Цой.
Сапалы жоспарлау мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға аса зор көңіл бөлінеді.
1) Сертификаттау және тіркеу рәсімдері, сондай-ақ бір реттік әкелу рәсімдері оңайлатылды (дәрі-дәрмектерді сертификаттау мерзімдері қысқартылды және 1 айдан 3 күнге дейін оңайлатылды, бір реттік әкелу тәулік ішінде беріледі, COVID-19 емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу рәсімі жеделдетілді).
2) Арнайы борттар есебінен дәрілік заттармен бөлшек сауданы молықтыру жүргізілуде (Ресей мен Үндістанға 4 млн қорап дәрі-дәрмек әкелуге 6 арнайы авиарейс ұйымдастырылды, олар өңірлер әкімдіктері арасында теңдей бөлінген).
3) Өңірлерде арнайы тұрақтандыру қорлары құрылды.
4) Амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету тізімін кеңейту жүргізілуде (COVID-19 нозологиясы амбулаториялық деңгейде енгізіледі, оның ішінде 8,6 млрд теңгеден астам сомаға алынған дәрілік заттардың 5 атауы шамамен 1 млн адамды қамтитын болады.
5) СҚ-Фармация дәрі-дәрмектердің айлық қорын қалыптастырды (шілде айының соңына дейін барлық өңірлік ауруханаларға дәрі-дәрмек жөнелтіледі, одан әрі нарықты және ауруханаларды медициналық препараттармен толықтыру үшін СҚ-Фармация қоймаларына екі айлық қорды толтыру жоспарлануда).
«Бөлшек сауда бойынша біз отандық көтерме жеткізушілерге көмек көрсеттік. Ресей мен Үндістанға 6 арнайы әуе рейсін ұйымдастырдық. Қазір Қазақстанға 4 млн-нан астам қорап дәрі-дәрмек жеткізілді. Сонымен қатар, әр аймақ осы мәселемен айналысып жатыр, қосымша борттар осы препараттардың қолжетімділігін арттыру үшін қойылады. Бұл препараттар пайда болды. Иә, кей жерлерде біз әлі де белгілі бір тапшылық барын көріп отырмыз, бірақ жалпы жағдай тұрақтанды. Бұл препараттар түсіп жатыр. Біз нарыққа оңай кіріп, осы дәрі-дәрмектерді әкелу үшін осындай арнайы жағдай жасадық. Бұл процесс реттелуі керек. Біздің компаниялар қажетті дәрі-дәрмектерді нарыққа уақытылы жеткізетін болады деп ойлаймын», — деді министр.
Сонымен қатар үй жағдайында және амбулаториялық жағдайда коронавирустық инфекцияны және коронавирустық пневмонияны емдеуге арналған 5 негізгі фармпрепаратты қосу мәселесі пысықталуда. А. Цойдың айтуынша, аталған препараттарды пациенттер өз ауруын ауруханаға жеткізбей, үйде көмек ала алатындай жеткізу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың қыркүйегіне қарай зертханалардың қуатын тәулігіне 64 мың ПТР-ға дейін арттыру жоспарлануда.
«Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің ПТР аппараттары бар кейбір ветеринариялық зертханаларын қайта бағыттаймыз, оларды денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктері үшін қайта бейімдейміз. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге қолдау жасап, үй-жай, мамандар, анализаторлар бөліп береді, олар қазір тестілеу бойынша тапшылық бар аймақтарға бөлінеді және бұл жұмыс жалғасады», — деп түсіндірді министр.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында модульдік зертханалардың қуатын ұлғайту жоспарлануда. Осы қалалардың әкімдіктері қазір бұл мәселені пысықтап жатыр және екі қала бойынша екі зертхананың жалпы қуаттылығын тәулігіне 10 мың тестіге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
«Біз қазір стационарға жатқызу санының азаюы, жедел медициналық жәрдемге жүгінудің төмендеуі бойынша тұрақты динамиканы көріп отырмыз. Бұл шектеу шараларының, денсаулық сақтаудың бастапқы буынының іс-қимылының, нарықтың дәрі-дәрмекпен молығуының көрсеткіші. Белгілі бір дәрілік препараттар жоқ, бірақ жалпы жағдай біршама немесе қандай да бір шамада тұрақтанғанын мойындау керек. Мұны біз таныстарымыз бен әріптестерімізден байқап отырмыз», — деді А. Цой.
Қазақстан түрлі елдерден вакцина сатып алу мәселесін зерделеуде
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, А. Цой заңнамалық тұрғыда өтемақы тек жұмыс орнында жүріп коронавирус инфекциясымен ауырған, сонымен қатар COVID-19 жұмыста жұқтырған соң қайтыс болған медицина қызметкерлеріне төленетінін атап өтті.
«Қазір басқа нормативтік актілер жоқ. Бірақ біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз, статистиканы біріктірген соң бізде нақты шифр болады. Бұл тәсілді қазір қарастырудамыз», — деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің КВИ-ды тікелей жұмыс орындарында жұқтырғаны расталған, 123 және 59 өлім-жітім бар, қазір бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деңгейінде қаралып жатыр.
«Иә, шынымен біз осындай тізімді өңірлерден алып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағыттадық. Бұдан әрі төлемдер мемлекеттік зейнетақы төлеу қоры арқылы жүргізіледі, Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті - тізімдерді жинау және тапсыру, сондай-ақ, осы медицина қызметкерінің ауруды үйде ме, жұмыста ма, яғни қайда жұқтырғанын зерттейтін жеке эпидемиологиялық карталар бар», — сказал А. Цой.
Денсаулық сақтау министрі сондай-ақ үміткерлердің саны артуы мүмкін екенін атап өтті, өйткені өңірлерде бұл мәселе әлі пысықталуда.
«Бұл - өңірлерден келіп түскен тізімдер, қазір өңірлер әрбір медицина қызметкері бойынша жұмыс істеп жатыр, мүмкін олардың саны артады, бірақ қазіргі уақытта орталық деңгейде қолымызда бары осы», — деді министр.
Сонымен қатар А. Цой Қазақстанның түрлі елдерден вакцина сатып алу мәселесін зерделеп жатқанын мәлім етті. Қазір бұл препараттар клиникалық сынақтардың түрлі сатыларынан өткізілуде.
«Ресейлік вакцина туралы білеміз, біз ресейлік әріптестерімізбен белсенді ынтымақтастық орнатқанбыз. Жеткізу күні вакцинаның клиникалық сынақтардың барлық кезеңдерінен өтіп, жаппай халық үшін қолдануға жіберілгенін ресми растаудың шығуына байланысты болады. Мұндай деректер түскен соң, біз оны қарастыратын боламыз», — деді министр.
Министрдің айтуынша, сынақ сатысында тұрған вакциналарды өндірушілермен, оның ішінде БАӘ-мен бірге клиникалық сынақтардан өтіп жатқан қытайлық вакциналарға қатысты да келісімдер бар.
Учаскелік дәрігерлердің барлық кеңестері онлайн режимде өткізіледі
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, емханалар мен амбулаториялардағы бірінші реттік медициналық-санитарлық желі деңгейінде инфекцияны болдырмау үшін учаскелік қызметтердің жұмысы дистанциялық форматқа ауыстырылды. Учаскелік дәрігерлермен, медбикелермен барлық кеңестер онлайн өткізіледі. Шұғыл жағдайларда, қандай да бір шағымдар болғанда, созылмалы аурулар кезінде үйге келіп кеңес беретін мобильді бригадалар құрылды. 5 мың тұрғынға шаққанда осындай бір бригададан келеді. Егер емханаларда орта есеппен 50 мың халыққа қызмет көрсетілсе, онда медициналық мекеме жанынан 10-нан астам мобильді бригада құрылады.
Коронавирустық инфекция, ЖРВИ белгілері бар науқастарға баратын бригадалар бар. Олар анализ алады, тексереді, қарайды, жағдайдың ауырлығына қарай ем тағайындайды. Барып, ПТР-ға анализ алатын бригадалар бар. «Таза» бригадалар бар. Олар басқа аурулармен ауыратын науқастарға, мысалы, созылмалы аурулармен ауыратын науқастарға, жүкті әйелдерді және балаларды тексеру үшін барады.
Сондай-ақ емханалар мен амбулаторияларда колл-орталықтар құрылуда, олар арқылы бейінді дәрігерлер тұрғындарға емдеу туралы кеңес береді, сұрақтарға жауап береді.
Бөлек фильтр орнатылған. Егер пациент емханаға барса, оған фильтр-кабинет арқылы қызмет көрсетіледі. Онда науқастың дене қызуы, барлық физикалық деректері өлшенеді. Мамандар толық қорғалған костюмдерде жұмыс істейді.
Емханаларда жүкті әйелдер үшін жеке кіретін және шығатын есігі бар бөлімшелер ұйымдастырылған. Олар сондай-ақ жоспар бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес мониторингтен, скринингтен өтеді.
Қазақстанда коронавирус құрбандары қалай жерленеді?
А. Ғиният сонымен қатар коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережелері туралы айтып берді. Вице-министрдің айтуынша, жерлеу үшін ешқандай арнайы рұқсаттың керегі жоқ. Бас санитарлық дәрігердің жарлығына сәйкес, COVID-19-дан қайтыс болған адамның мүрдесі сол қайтыс болған мекеменің патологоанатомия бөлімшесінде зарарсыздандырылады, содан кейін денесі туыстарына беріледі. Туыстары қайтыс болған адамды жерлейтін жерді өздері таңдайды.
Сонымен қатар вице-министр жерлеу кезінде қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажет екенін айтты.
«Әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска кию керек. Мүрдені беретін адамдар осы ережелерді ұстануы керек. Мұны министрлік жанындағы Өңірлік комитеттердің департаменттері бақылайды. Сондай-ақ нормалардың сақталуын мүрдені беретін ведомство басшылығы бақылап отыруы тиіс. Ерекше ережелер жоқ», — деді ол.
COVID-19 індетінен бір де бір бала көз жұмған жоқ
Ажар Ғиният әлеуметтік желілердегі коронавирус инфекциясынан балалар өлімінің өсуі туралы жалған пікірлерді жоққа шығарды.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, спикер келесі статистиканы келтірді:
«Қазір еліміз бойынша 73 400 COVID-19 оқиғасы расталған. Олардың 61,8% емделді. Ауруханаларда пневмониямен ауырып жатқан науқастар саны 8 мыңға жуық. Мамыр айынан бері мыңнан астам бала ауырып, сауықты. Ауруханаларда 100-ден астам бала бар. Олардың барлығы коронавирус инфекциясымен жеңіл ауырған, ауырып та жатыр. Балалар арасында бұл аурудан өлім-жітімнің бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ», — деді вице-министр.
Сонымен қатар ол күзгі уақытта тұмау, парагрипп және басқа да вирусты жұқпалардың өршитініне назар аударды. Олардың көпшілігі вирустық пневмониямен ауыруға әкеп соғады. Сондықтан Үкімет күзгі кезеңде балалар арасында коронавирус инфекциясымен аурудың өсуін болдырмау үшін балаларды оқшаулау бойынша шаралар қабылдауда.
«Лопинавир» және «Гидроксихлорохин» коронавирусты емдеу протоколынан алынып тасталды
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қазақстанда коронавирусты емдеу протоколына қандай өзгерістер енгізілгені туралы айтып берді.
«Бүкіл әлем жаңа тиімді емдеу әдістерін іздеп жатыр. Біз осы вирусқа қарсы этиотропты емдеу жоқ екенін білеміз. Сондықтан біздің қазақстандық ғалымдар бүкіл халықаралық тәжірибе мен үздік әдістемелерді зерттеп, протоколды жақсартуда. 15 шілдеде жетекші мамандардың қатысуымен сапа жөніндегі біріккен комиссия коронавирус инфекциясын емдеу протоколының 10-шы редакциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізді», — деді Ажар Ғиният.
Бірінші кезекте, оның айтуынша, «Лопинавир» және «Гидроксихлорохин» препараттары алынып тасталды. ДДСҰ ұсынымы бойынша бұл препараттар тиімсіз деп танылды, сондықтан қазақстандық мамандар вирусты емдейтін осы препараттарды комиссиялық алып тастау туралы шешім қабылдады.
«Бүгінгі күні «Ремдесевир» және «Фавипиравир» препарттарының КВИ-мен ауырудың ауыр жағдайларында тиімді әсер ететін препараттар екені туралы мәліметтер бар. Сондықтан бұл препараттар клиникалық хаттамаға клиникалық зерттеу мақсатында қосымша енгізілді және КВИ-мен ауыр ауырған жағдайда осы вирусқа қарсы препараттар қолданылады. Сондай-ақ алғаш рет емдеудің амбулаторлық кезеңдері енгізілді. Амбулаториялық емдеу деңгейінде дене қызуын түсіретін препараттар мен пероральды антикоагулянттар қосылған. Олар амбулаториялық емдеу тізіміне енгізілді», — деді Ажар Ғиният.
Бұл препараттар емханалар деңгейінде емделу үшін тегін берілуі тиіс.
COVID-19 қайта жұға ма?
Сонымен қатар, А. Ғиният коронавируспен ауырып жазылғандардың иммуниеті қанша уақыт қорғай алатыны туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда коронавируспен қайта сырқаттану оқиғасы тіркелген жоқ.
«Науқастар ауырып жазылған соң, жедел кезеңнен өткен соң, қайта алынған анализ нәтижесі теріс болды, ал біраз уақыттан кейін ол оң нәтиже көрсеткен оқиғалар болды. Бұл жағдайда біздің мамандар мұның ПТР реакция беретін вирустың "жарықшақтары" болуы мүмкін екенін айтады, анализ клиникалық белгілері болмаған кезде оң нәтиже көрсетеді, сондықтан қайта жұқтыру деп саналмайды. Қазір коронавирусты қайта жұқтыруға болады деген мұндай деректер жоқ», — деді Ажар Ғиният.
Спикер бүкіл әлемде ғалымдар қазір ауырып жазылған адамдардың иммунитетінің сақталу ұзақтығы мәселесін зерттеп жатқанын атап өтті.
«Қысқа мерзімді иммунитет 6 аптаға дейін пайда болады, бірақ нақты жауап жоқ, бұл аурудың ағымына байланысты. Адамның ауруды жеңіл немесе ауыр өткеруіне қарамастан, иммунитетке қатысты ғалымдардың нақты пікірі жоқ», — деді А. Ғиният.
Қазақстанда бубон обасы таралуы мүмкін бе?
Сонымен қатар А. Ғиният Қазақстанда бубон обасының таралу қаупіне қатысты мәселеге түсінік берді.
«Бубон обасы өкпе обасымен немесе септикалық формасымен асқынбаса, адамнан адамға жұқпайды», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда обаның табиғи ошақтары бар. Бүкіл ел бойынша обаға қарсы күрес станциясының санитарлық қызметтері санитарлық алдын алу жұмыстарын жүргізіп, бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр.
«Ал Моңғолиядан шыққан бубон обасын тек егер өкпе обасын немесе асқынған түрін жұқтырған адам біздің елімізге келмесе, қазақстандықтар жұқтырмайды», — деп түсіндірді ол.