Фото: primeminister.kz
Кейінгі 5 жылда ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесінің тұрақты өсуі байқалып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысуы үлесі 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін, яғни 4,7 пайыздық тармаққа өсті. 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8 пайызға өсіп, 4,2 млн адамға жетті», - деді Қуантыров Сенатта «Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 2,2 млн. Оның 99,9 пайызы шағын кәсіпкерлік, қалған 0,1 пайызы орта кәсіпкерлік субъектісі.
«Кәсіпкерлік белсенділік деңгейі 89,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілері арасында жұмыс істеп тұрғандарының үлесін білдіреді. Бұл ретте, орта кәсіпкерлік субъектілері арасындағы белсенділік шағын кәсіпкерлікке қарағанда 6,7 пайыздық тармаққа жоғары», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол елде үш жыл бойы шағын және микробизнеске тексеру жасауға мораторий қолданылып келе жатқанын еске салды.
«Бұдан бөлек, «таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізіліп жатыр. 10 мыңнан астам өзекті емес талап анықталды. Оның 9 мыңы заңға тәуелді құжат деңгейде алынып тасталды, ал қалғандары Парламенттегi заң жобасы аясында жыл соңына дейін жойылады. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды», - деді Әлібек Қуантыров.