Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда 2020 жылдың аяғына дейін бірқатар маңызды құжатты цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бағдат Мусиннің айтуынша, Egov-та (электронды үкімет порталы) мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін биометрия бойынша бір қадам арқылы тіркелу жүзеге асырылады. Сол арқылы кез келген азамат биометриялық сәйкестендіруден өтіп, өзіне қажетті қызметке қол қоя алады. Сол арқылы электронды үкіметтің қызметін пайдаланатындар санын арттыру көзделген.
"Қандай да бір қызмет алушылар Egov-қа тіркелгеннен кейін, қағаз құжаттарымен қатар, цифрлық құжаттар сервисін қолдануға мүмкіндік алады. Бұл сервиске 2020 жылдың аяғына дейін жоғары білім туралы диплом, жүргізуші куәлігі, автокөліктің техникалық құжаты, жеке төлқұжат, студенттік билет және тағы басқа құжатты шығару жоспарланып отыр", - деді Мусин.
Сонымен қатар цифрлық даму министрі Бағдат Мусин 2020 жылдың соңына дейін азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие отызға жуық анықтаманы алып тастау жоспарланып отырғанын айтып өтті.
Ақпараттың шынайылығын растау QR-кодты оқу арқылы қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құжаттардың қағаз нұсқаларының күшін жою және оларды электрондық форматқа көшіру қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан болатын.
Сонымен қатар Қазақстанда әскери билетті қағаз нұсқасында беруден бас тарту ұсынылды. Оның қағаз нұсқасын тек соғыс жағдайында беру ұсынылып отыр. Бұл ұсыныс Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында көтерілді. Ішкі істер саласында мемлекеттік қызметтерді жеңілдету мәселесін көтеру барысында әскери билеттер соғыс болмаған жағдайда жергілікті әскери комиссариатта сақталатыны айтылды.
Ал әскери міндеттілік туралы хабарлама "электронды үкімет" (Egov) порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберілетін болады. Бұл бастама арқылы бюджеттің біраз қажысын үнемдеу көзделген.
Сонымен қатар азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қою ұсынылды. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде дерекқорға түседі де, сол жерден әскери есепке алынады.
Жобаға сәйкес, ол үшін азаматтарға әскери комиссариатқа бармайды. Жалпы алғанда 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыру ұсынылды.
Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметтерді композиттік тәсілмен, яғни "бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені" қағидаты бойынша көрсету жобасын ұсынды. Сол арқылы азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезде оған автоматты түрде хабарлама жолданады. Хабарламада "запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын беру" мемлекеттік қызметін көрсету туралы айтылады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында бірқатар қызметті цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырды.