27 сәу, 2026 сағат 11:27

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жедел әрекет етудің жаңа тәртібі бекітілді

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік және жәбірлеу фактілеріне жедел әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа құжат «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң аясында қабылданған. Онда алғаш рет полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері мен қорғаншылық органдарының жауапкершілік аясы нақты бөлінген.

Енді бала құқығының бұзылуы туралы кез келген ақпарат міндетті түрде белгіленген іс-қимылдар тізбегін іске қосады. Жүйенің басты жаңалығы – кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Әрбір жағдай бойынша арнайы маман бекітіліп, ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, баланың құқығы толық қалпына келгенше қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар әрекет ету мерзімдері нақты белгіленді. Ақпарат дереу тиісті органдарға жеткізіліп, 1 сағат ішінде бала құқықтарын қорғау органына жіберіледі. 1 жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың жағдайы тексеріледі. Ал материалдар 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей арнайы комиссияға жолдануы тиіс.

Жаңа тәртіпке сәйкес, тек ресми өтініштер ғана емес, балалардың өз сигналдары, «111» байланыс орталығының мәліметтері, әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторингі де тексеруге негіз болады.

Балаларға көрсетілетін көмек те бірыңғай стандартқа көшірілді. Ол медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдауды қамтиды. Сонымен бірге, енді мемлекеттік қорғау тек зорлық-зомбылық құрбандарына ғана емес, сондай оқиғаға куә болған балаларға да көрсетіледі.