27 сәу, 2026 сағат 13:22

Instagram арқылы берілген тапсырыс: Астанада үй өртеу әрекеті әшкереленді


Фото: znaj.ua


Астанада тапсырыспен бөтен мүлікті өртемек болған ер адам сотталды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.


Тергеу деректеріне сәйкес, әлеуметтік желі арқылы қосымша табыс іздеген азамат Instagram арқылы түскен ұсынысты қабылдап, 2 мың АҚШ доллары үшін заңға қайшы әрекетке барған. Ол тұрғын үйді өртеу туралы тапсырманы орындауға келіскен.


Прокуратура мәліметінше, үй ішінде адамдардың болуы мүмкін екеніне қарамастан, сотталушы алдын ала дайындалған өртегіш құрылғыларды тұрғын үйге лақтырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген.


Алайда қылмыстық ниет толық жүзеге аспай, іс өзге жағдайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген.

Сот ер адамды бөтеннің мүлкін жоюға оқталды деп танып, бұрынғы соттылығын ескере отырып, оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.


Астана прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын күмәнді «жұмыстарға» қатысу ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, мұндай әрекеттер адам өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін мәлімдеді.