27 сәу, 2026 сағат 11:27

Ақтөбеде экс-күйеуінің аңдуына шағым түсті: сталкинг бойынша іс қозғалды


Фото: Polisia.kz


Ақтөбе облысында әйелді жүйелі түрде аңдып, мазалаған ер адам анықталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Полицияға 29 жастағы әйел бұрынғы жұбайына қатысты арыз түсірген. Оның айтуынша, ер адам ай басынан бері қайта-қайта байланысқа шығып, соңынан аңдып, тыныштық бермеген.


Учаскелік полиция инспекторлары күдіктіні анықтап, бөлімге жеткізді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Айта кетейік, азаматтардың жеке бас бостандығын қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап — «Сталкинг» туралы норманы енгізген болатын. Заң күшіне енгелі бері Ақтөбе облысында осындай 6 дерек тіркеліп, оның біреуі сотқа жолданған.


Сталкинг — жәбірленушінің еркінен тыс байланыс орнату, аңду немесе жүйелі түрде мазалау арқылы психологиялық қысым көрсететін заңсыз әрекет болып саналады.