Қазақстанда автобустарда бейнебақылау камералары арқылы жолаушылардың бетперде таққан-тақпағанын анықтауға болатын пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба бірінші болып оңтүстік астанада жүзеге асып жатыр. Бірнеше аптада Алматыда автобустағы бейнебақылау камералары арқылы 1800-ге жуық жолаушының медициналық бетперде тақпағаны анықталды. Бұл статистикалық көрсеткішті Алматының мобильділік басқармасының басшысы Ерлан Әділов хабарлады, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Айта кетейік, Алматыда мұндай бейнебақылау камералары тамыз айында іске қосылған болатын. Пилоттық жоба №120 және №63 бағытында қатынайтын 4 автобусқа сегіз камера орнатудан басталды. Қаланың мобильділік басқармасының хабарлауынша, бұл жоба әрі қарай да жалғасын табады.
Пилоттық жобаны дамыту үшін Алматының "Көлік холдингі" ЖШС мен "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы арасында келісім жасалды. Сол арқылы қыркүйек айының аяғына дейін сегіз бағытта жолаушы тасымалдайтын 32 автобусқа қосымша камера орнатылады.
Алматының мобильділік басқармасының хабарлауынша, енді № 25, Сейфуллин көшесімен жолаушы тасымалдайтын № 7 троллейбус пен №205, №137, №37, №69, №38, №63 автобустарына қосымша бейнебақылау камералары қойылады.
Тамыз айында пилоттық жоба барысында медициналық бетперде тақпаған 1 773 жолаушы анықталды, оның ішінде 1 106 адам медициналық бетперде тақпаған, ал қалған 667 адам автобусқа медициналық бетпердені дұрыс тақпай отырған.
Сонымен қатар пилоттық жоба іске асырылған уақыт барысында автобус жүргізушілерінің де жұмысына жүктеме артты. Сол себепті бір автобус жүргізушісі қызметінен босатылды, ал үш жүргізушіге сөгіс жарияланды.
#Жүйе қалай жұмыс істейді?
Ең алдымен автобустағы бейнебақылау камералары адамның жеке басын анықтамайтынын айта кеткен жөн. Бұл жайында Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев мәлімдеді. Сонымен қатар бұл жүйе жолаушыларды жазалау үшін емес, оның ішінде айыппұл салу мақсатында емес, керісінше, қала тұрғындары мен мегаполис тұрғындарын медициналық бетперде тағу мәдениетіне үйреті мақсатында жүзеге асатын болады.
Жүйе бойынша камералар әр жолаушының жеке-жеке қарап, оның медициналық бетпердені дұрыс тақпағанын анықтайды. Ол белгі бейнебақылауды бақылауды қарап отырған диспетчерлік қызмет постына келіп түседі. Содан кейін диспетчер автобус жүргізушісіне белгі береді. Жүргізуші көлікті тоқтатып, жолаушыға маска тағуды немесе салоннан шығуды ұсынады.
"Бұл жерде ең алдымен, тұрғындар мен автобус жүргізушілерін жазалау емес, керісінше, пандемияның таралуын болдырмау көзделіп отырғанынн ескеру қажет. Сонда адамдар үнемі бетперденің бар-жоғын бақылайтын жүйенің бар екенін, камераға өзі де түсіп қалуы мүмкін екенін білетін болады. Пандемияның екінші толқыны басталмас бұрын осы жүйені реттеп, халықты дайындау маңызды болып саналады", - деді Баян Қоңырбаев.
Айта кетейік, бұл жүйе автобустағы адамдардың жалпы санын көреді. Адамның бет биометриясын пайдаланбайды. Платформа машиналық оқыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану негізінде әзірленген.
Алматы қаладасы мобильділік басқармасының басшысының айтуынша, жақын арада қоғамдық көліктерде Wi-Fi арқылы тегін интернетті қолдана алады. Тегін Wi-Fi ең алдымен троллейбустарға қойылады.