07 там, 2020 сағат 11:50

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек цифрлық әмиян арқылы төленетін болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекті азаматтың әлеуметтік цифрлық әмияны арқылы төлеу тетігі әзірленетінін хабарлады. Жаңа механизм пилоттық режимде іске асырылатын болады, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ал оның алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйекте жариялаған жолдауында зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау жұмыстарын барынша цифрландыруды тапсырды. Соған орай министр Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің біршама дайындық жүргізгенін мәлімдеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еңбек және цифрлық даму, сауда және интеграция министрліктері біраз дайындық жұмыстарын жүргізді. Атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу тетігін пилоттық режимде 2020 жылдың соңына дейін іске асырылады. Әлеуметтік цифрлық әмиян азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы жүргізіледі", – деді Нұрымбетов.

Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында екінші кезеңде республикалық, жергілікті бюджеттерден, әлеуметтік сақтандыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы мен жәрдемақыларды әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу тетіктері іске асырылады. Екінші кезең 2021-2022 жылдары іске асады деп жоспарланып отыр.

Екінші кезеңде еңбек және цифрлық даму, сауда және интеграция министрліктері Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп жұмыс істейтін болады. Олар  республикалық, жергілікті бюджеттерден, әлеуметтік сақтандыру әрі Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы мен жәрдемақыларды цифрландыру жұмыстарын бірлесе жүзеге асырады.

Сонымен қатар министр Нұрымбетов министрліктің 41 мемлекеттік қызметтің 34-ін электронды форматқа ауыстырғанын хабарлады.

"Дей тұрғанмен, мәселе әлі де бар. Азаматтардың кей құжатын, әсіресе, Кеңес одағы кезіндегі құжаттардың электронды қорларында цифрлық нұсқаларының толық болмауы жағдайды қиындатып отыр", – деді Нұрымбетов.

Бұл мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірге 2020 жылдың аяғына дейін зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға қажетті ескі құжаттарды цифрландыру мүмкіндігін пысықтап, аяқтау мерзімін нақтылайды.

Бүгінде республикалық бюджеттен жылына 3,4 триллион теңгеге әлеуметтік төлемдердің 39 түрі төленеді. Барлық төлем азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шотына аударылып отырады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарға жағдай жасау үшін төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар цифрлық әлеуметтік әмиян енгізу керек екенін айтты.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың соңына дейін бірқатар маңызды құжат цифрлық форматқа ауысады. Оның ішінде жүргізуші куәлігі, автокөліктің техникалық құжаты, төлқұжат пен жоғары білім туралы диплом, студенттік билет бар. Сонымен қатар жыл соңына дейін отызға жуық сұранысқа ие анықтаманы алып тастау жоспарланып отыр.