Елімізде 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады. Бұл туралы Сенатта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2025 жылға дейін халықтың тауар сатып алу мүмкіндігін қорғау мақсатында қанттан басқа азық-түлік тауарлары бойынша 100% импортты алмастыру шаралары іске асырылады. Бұл ірі 87 сүт-тауар фермасын, 14 ет комбинатын, 17 құс фабрикасын іске қосу және 6,6 мың гектар бақ пен бір қант зауытын (Павлодар) салу арқылы жүзеге асырылады», - деді Тоғжанов.
Сонымен қатар ол бақша, сүт, бал өнімдерін өндіретін 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отырғанын айтты.
«Жалпы жоғарыда атап өткенімдей, 2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орындарын құру жоспарланған агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылады. Бұл ретте отбасылық шаруашылықты дамыту бойынша Жамбыл облысында тиімді іске асырылған пилотты жобаны еліміздің басқа аймақтарына тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қанатқақты жоба 2019 жылдан бері 11 ауылдық округте іске асырылды. Нәтижесінде, жобаға қатысқан 2,5 мың отбасының табысы 4 есеге артқан. Бұл ауылдардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға азайған. Кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өскен, яғни әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Қазір 11 ауылдан түсетін жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі 125 млн теңгеге жетті», - деді Үкімет басшысының орынбасары.