Қазақстанда мектептер 2021 жылдан бастап он екі жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Бұл жайында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлаған болатын. Білім беру жүйесінің жаңа форматына көшу қалай жүзеге асырылады және он екі жылдық білім беру жүйесіне сай оқушы мектепті неше жасында бітіретінін талдап көрейік. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.
Ең алдымен Қазақстандағы мектердің он екі жылдық білім беру форматына көшуі министрліктің 2020-2025 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасына енгенін айта кеткен жөн. Ал 12 жылдық жүйеге көшу кезең-кезеңімен 2021 жылы жаңартылған білім беру мазмұны толықтай енгізілген соң жүзеге асады. Ал білім саласындағы жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы бекітілді. Соған сәйкес, қазір барлық сыныптың 95 пайызы дерлік жаңартылған мазмұнға көшті. 2020 жылы 11-сыныптар да жаңартылған бағдарламаға ауысады деп жоспарланған болатын.
Дей тұрғанмен, министр асығыстық танытсақ, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін айтты. Себебі бұл жүйе білім жүйесіне көшу мектептердің инфрақұрылымына үлкен салмақ салады. Сонымен қатар ұстаздарды даярлау мен жаңа оқулықтарды шығару да қажет. Тағы бір өзекті мәселе – Қазақстанда үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің қарасы көп екені.
Яғни, он екі жылдық білім беру жүйесі 1-11 сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарлама мен жаңа бағалау жүйесіне толығымен көшкеннен кейін енгізіледі.
Оқудың жаңа жүйесіне ауысу үшін 2016 жылдан бастап 1, 2, 3, 5, 6, 7 және 8-сыныптарда орта білім берудің жаңартылған мазмұны енгізілді. Бұл жүйе Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде құрастырылған болатын.
2019-2020 оқу жылында бұл қатарға 4, 9 және 10-сынып оқушылары да қосылды, ал мектептің бітіруші түлектері үшін білім берудің жаңа мазмұны 2020-2021 оқу жылында енгізіледі.
Бұл жүйеге көшкен соң мектептердегі бастауыш сыныптардың оқу мерзіім бір жылға ұзартылады. Бұған дейін 1-4 сынып бастауыш деп аталса, енді оқушылар 1-5 сыныпта бастауышта білім алады. Негізгі орта және жалпы орта білім беру мерзімі өзгермейді.
Қорыта айтқанда, бұл жүйе 2021-2022 оқу жылынан бастап көшіріледі. Ал бағдарлама бекітілгеннен кейін оқу жоспары мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына өзгеріс енгізіледі.
Министрдің айтуынша, бұл жүйеге көшкен кезде оқушылар айтарлықтай өзгерісті сезбейді. Себебі қазір төртінші сынып оқып жүрген оқушылар бірінші сыныптан бері жаңартылған бағдарлама негізінде білім алып жатыр. Сонымен қатар енді 10-сынып оқушыларының оқу бағдарламасына "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні қосылады. Министрлік бұл пәнді қосу арқылы оқушылардың мамандық таңдауында қателік жібермеуі үшін қажет екенін айтып отыр.
Сонымен қатар он екі жылдық білім беру жүйесіне көшкеннен кейін балалар алты жастан бастап мектепке қабылданады. Осы орайда егер бала алты жасында мектепке баратын болса, он екі жыл оқып шыққан кезде 18 жаста болады, ал 18 жастағы бала әскерге шақырылатыны да көтерілген болатын. Алайда заңға сәйкес, Қазақстанда балалар толық алты жасқа толған соң мектепке барады. Қазірдің өзінде баладардың 80%-ы мектепке алты жастан бастап барады. Сонымен қатар бұл көрсеткіш жыл сайын артып жатыр. Демек, 6 жаста мектепке барған бала 12 жылдық мектепті он жеті жасында бітіріп шығады. Жеті жастан мектепке барып, он бір жыл оқығандар да дәл солай, сондықтан бұл жағынан еш өзгеріс жоқ, деп айтты Аймағамбетов.
Демек, 17 жасында мектеп бітірген түлек жоғары оқу орнына түссе, әскер қатарына кейінірек шақырылады.