Биылғы шілде айынан бастап Қазақстанда 1 млн астам адамның жалақысы өседі. Үкіметтік жұмыс тобы құрамында БҚО-ға келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынып жатқан әлеуметтік сипаттағы бағдарламалар халықтың әл-аухатын, тұрмысын жақсартуға арналып отыр.
Осы орайда ең бірінші мәселе жалақы екені белгілі. Биылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік мекемеде жұмыс жасайтындардың, соның ішінде ең төменгі жалақы алатындардың еңбекақысы орта есеппен 15-тен 30 пайызға дейін өседі.
Кем дегенде, 1 млн астам қазақстандықтардың жалақысы көбейеді. Бұл негізінен білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау сынды салаларда жұмыс жасайтындарды қамтиды. Атап айтқанда, бұған әдістемешілер, тәрбиешілер, психологтар, санитарлар, медбикелер және басқа қызметкерлер кіреді.
Слесарь, сантехник, электр монтерлер де тыс қалмайды. Олардың жалақысы орта есеппен 25 пайызға өседі. Оған қоса ауылдар мен қалаларда әкімшіліктерде жұмыс жасайтын, халықпен тікелей байланыста болатын қызметкерлердің еңбекақысы да көтеріледі. Бұлар болжам бойынша 75 мыңдай адам.
«Көп балалы, аз қамтылған отбасыларға көмек ерекше назарда. Кейінгі кезде жиі көтеріліп жүрген мәселе атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табыс мөлшері болатын. Биылғы 1 сәуірге дейін 50 пайыз болса, енді бұл 70 пайыз болмақ. Яғни бұған дейін 14849 теңге болса, 1 сәуірден бастап 20789 теңгеге жетеді. Былайша айтқанда, республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 830 мыңнан асса, Батыс Қазақстан облысында 24481 адам бұған қол жеткізбек. Біздің міндетіміз - осы өзгерістерді ескере отырып, жұмыстың бәрін 1 сәуірге дейін бітіру. Сонымен қатар елімізде әр отбасының әлеуметтік картасы жасалатын болады», деді министр.