Кеше елордадағы «SOS Астана балалар ауылы» мемлекеттік емес білім беру мекемесінде «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді әрекеттесу тетіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті және «SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қоры бірлесіп ұйымдастырған басқосуға депутаттар, аталған қор басшылығы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау саласының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан «SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов бұл басқосудың маңыздылығын айта келіп, елімізде балалар құқығын қорғау бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын, әсіресе, жетім балаларға қамқор болу ісі басты назарда тұрғанын сөз етті.
Одан әрі депутат жетім балаларға қолдау көрсету бағытында тиісті шараларды жүзеге асыру жалғаса беретінін жеткізді.
– Біз алдағы үш жылдық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында әлеуметтік жетімдерге және олардың балалық шағын жайлы өткізулерін қолдау мақсатында 1 миллиард теңге бөлуді қарастырдық. Бұл бюджет Парламент Сенатына жолданды. Сенат депутаттары біздің ұсынысымызбен келіседі деп ойлаймыз, – деді С.Сейдуманов.
Бұдан кейін сөз алған «SOS Қазақстанның балалар ауылы» корпоративтік қорының директоры Жанаргүл Құсманғалиева өзі басшылық жасайтын қордың жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз бойынша қызмет көрсетіп отырған Астана, Алматы және Теміртау қалаларындағы SOS балалар ауылдарындағы 34 отбасында 340 бала тұрақты түрде тәрбиеленуде. Бұл ауылдарда тәрбиеленіп шыққандардың 165-і жоғары және кәсіби білім алған. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда осы ауылдардың 127 түлегіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілген.
Басқосуда жетім балалардың құқықтарын қорғауды жүзеге асырудағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметі, тағдырдың жазуымен ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерді қолдау ісінде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтаса жұмыс істеу жолдары да талқыланды. Бұдан бөлек, жиын барысында SOS балалар ауылының жұмысын Қазақстан аумағында тарату жайы, сондай-ақ, бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдарды тарту мақсатында заңнамалық мәселелерді шешу туралы сөз болды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар «SOS Астана балалар ауылы» тәрбиеленушілерінің тұрмыстық жағдайларымен танысты.
Айта кетейік, мұндай типтегі балалар үйін алғаш рет 1949 жылы Австрияның Имст қаласында дәрігер Герман Гмайнер деген азамат ашқан екен. Қазіргі таңда мұндай балалар үйі әлемнің 135 елінде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бұл мекемелер «SOS Kinderdorf Іnternational» халықаралық қоры аясында қызмет көрсетуде. Қазақстанда Сара Назарбаеваның бастамасымен алғаш рет 1994 жылы «SOS Қазақстанның балалар ауылы» қоры құрылып, ол SOS Kinderdorf International халықаралық қорына мүше болу сертификатын алды. Ал 1995 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және аталған халықаралық қордың арасында келісім жасалды. Содан кейін, яғни, 1997 жылы Алматыда, 2000 жылы Астанада, 2004 жылы Теміртауда SOS балалар ауылы құрылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»