13 ақп, 2019 сағат 11:55

Қазақстан жаңа мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты

Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасы мен Маршалл Аралдары Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Аматлайн Элизабет Кабуа екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу кезінде екі елдің өкілдері БҰҰ аясында өзара қолдау, соның ішінде ұйымды реформалау мәселелерін талқылады. БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына және климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерге де ерекше мән берілді. Қазақстан Республикасының елшісі Қайрат Омаровтың айтуынша,  бірлескен коммюнике ел арасындағы екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдардың шеңберінде түрлі салалардағы қатынасты дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

«Ал Аматлайн Элизабет Кабуа Қазақстанның климат өзгеруімен күрес және баламалы энергия көздеріне көшу шараларына белсенді қатысып отыратыны үшін алғыс білдірді. Ол Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Маршалл аралдарының ұлттық күні іс-шарасына жеке қатысқанын да атап өтті. Маршалл аралдарының тұрақты өкілі ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт халықаралық бастамаларына қолдау білдіріп, осы салада одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Ядролық сынақтардан зардап шеккен Маршалл аралдары, Қазақстанның жаһандық деңгейде осы сынақтарға тыйым салу туралы бастамасын толығымен қолдайды», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Маршалл Аралдары Республикасы - Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Халық саны шамамен 57 мың адам. 1986 жылы Америка Құрама Штаттарымен еркін келісімшарт негізінде тәуелсіздік алды. 1947-1962 жылдар аралығында мемлекеттің аралдарында ядролық сынақтар жүргізілді. 1954 жылы АҚШ Бикини атоллда сутегі бомбасын алғаш рет сынақтан өткізді. Жарылыс аралды толығымен жойып жіберді.

Экономикасының негізін құрайтын салалар - табиғи ауыл шаруашылық өнімдері, копра өнімдерін экспорттау және АҚШ-тан алатын қаржылай көмек. Валюталық түсімдердің үлкен бөлігі - туризмнен келіп түсетін кіріс.

Елдің басты проблемаларының бірі - жаһандық климаттың өзгеруі. Бұл - теңіз деңгейінің көтерілуі, жағалаудағы эрозия, тұзды судың топыраққа енуі, құрғақшылық пен су тасқыны, циклондар мен дауылдар.