04 қыр, 2019 сағат 14:47

Қазақстан үшін жаңа дәуір туып келеді – Олжас Сүлейменов

Қазақстан үшін сапалы, жаңа дәуір туып келеді. Мұндай ұсынысты елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумында қазақ ақыны Олжас Сүлейменов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз жиі кездесе бермейміз. Осыған дейін 1973 жылы, 40 жыл бұрын Алматыда жүздескен едік. Ол кезде Азия мен Африка елдерінің конференциясы өтті. Күрделі кезең еді. Азия мен Африка елдерінде басқыншылыққа қарсы процестер орын алып жатқан. Қазір біз әлдеқашан тәуелсіздіктерін алып, оны нығайту жолына түскен Азия елдерінен келген әріптестерімізбен ғана кездесіп отырмыз. Бұл кездесу Қазақстан үшін айрықша уақытта өтіп жатыр. Сапалы, жаңа дәуір туып келеді», - деді ол.

Олжас Сүлейменов оған елімізде орын алып жатқан процестер жарқын дәлел бола алатындығын баса айтты.

«Бұл жайында қазіргі уақытта әрбір отбасыда талқыға түсіп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында жан-жақты айтылған. Ол айтқан реформалар жүзеге асуы қажет. Бірақ, Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір де жаңаруы керек. Бұл жайында, жаңа уақыт жайында таяуда ғана Нұрсұлтан Назарбаев тамаша айтып еді. Ол әлемде күштілердің емес, ақылды адамдардың дәуірі туып келе жатыр деп керемет айтты. Мұндай жан-жақты әрі нақты пайымды көптен бері естімеген едім», - деді О.Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, әдебиет ақылды адамдары тәрбиелейді. Ал ақылды адамдар экономиканы көтереді.