Қазіргі уақытта "Қордай" шекаралық бақылау-өткізу пунктінде жолаушыларды өткізуге қатысты шектеулер жоқ. Бұл туралы kaz.tengrinews.kz тілшісіне қазақстандық тараптағы кезекші шекарашы айтты.
"Шекара қызметі күшейтілген режимге өтті, бірақ жұмыс істеп тұр. Көліктер өтіп жатыр. Кезек тек таңғы уақытта болады, ал қазір барлығы дұрыс", - деді кезекші.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның шекара қызметінің де Қырғызстандағы сайлауға байланысты күшейтілген режимге өткенін айтып өтті.
Осыған дейін Қырғызстанның шекара қызметіндегілер Қазақстан шекарасындағы жағдайға қатысты түсінік берген еді. Айта кетейік, кеше кешкі уақыттан бері шекарада көліктер кезекте тұрып қалған болатын. "Қырғыз Республикасында президент сайлауына дайындық және сайлаудың өтуіне байланысты Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі күшейтілген режимге өтті", - деп хабарлаған еді Қырғызстанның шекара қызметіндегілер.