11 қар, 2016 сағат 13:52

Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы: Серіктестіктің соны сатысы

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасында мемлекеттік сапармен болды. Сапар аясында Елбасы Отан үшін құрбан болғандар монументіне барды. Онда гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, бір минут үнсіздікпен боздақтар рухына тағзым етті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

d9d1cb6bfbe440a403b82c2a7c4a4c99Өзара байланыстар өріс кеңейтеді

Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына ел Президенті Пак Кын Хенің арнайы шақыруы бойынша барды. Бұл сапар екі мемлекет арасындағы барлық сала бойынша қарым-қатынас тетіктерін одан әрі бекемдеуге бағытталған.

Сапар аясында Қазақстан Пре­зиденті Корея Республикасының Пре­зи­денті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздер аясында мемлекеттер басшылары екіжақты өзара іс-қимылдың, соның ішінде сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым, техника салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе келіссөз аясында Оңтүстік Корея Президентінің Аста­наға 2014 жылғы маусымдағы мемле­кеттік сапарының қорытындысы бойын­ша қол жеткізілген уағдалас­тық­тардың іске асырылу барысын қарастырды. Екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мен өзара тауар айналымын жандандыру перспективалары айқындалды. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Келіссөз барысында Корея тарапы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің 2017-2018 жылдардағы тұрақ­ты емес мүшесі болып сайлануына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бас­та­мала­рының жүзеге асырылуының қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Энергетикадағы ынтымақтастық­ты жандандыру жолдары, мұнай мен газ өңдеу, медициналық туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Корея Республикасы мен Еуразиялық эко­номикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру мүмкіндігі қарас­тырылды. Мәселен, Корея тарапы көлік-транзиттік өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше қызы­ғу­шылық танытты.

Өзінің сөзінде Қазақстан Прези­денті Тынық мұхиты жағалауындағы Қытайдың Ляньюньган портының қазақстандық терминалы құры­лы­сының аяқталғанын атап өтті. «Бұл терминал арқылы қазірдің өзінде миллионға жуық контейнер тасымалданды. Сонымен бірге, Қытаймен шекаралас Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен жалғайтын темір жол салынып, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін темір жол төселді. Осы бағыттардың бәрін корей бизнесінің пайдалануына болады», – деді Қазақстан басшысы.

Ал Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевпен елдеріміз арасында дип­ло­матиялық қарым-қаты­нас орна­ғанына 25 жыл толу қарсаңын­да кездесіп отырғанына айрықша қуа­нышты екенін жеткізді. «Мемлекеттер басшыларының арасындағы өзара сенімге негізделген жеке достық қарым-қатынастың қалыптасқаны елдеріміздің стратегиялық әріптес­тігінің де нығая түсуіне септігін тигізеді. Қазақстан мен Кореяның қа­рым-қатынасы бір-бірін өзара толықтырушы ынтымақтастық негі­зінде жедел қарқынмен дамып келеді», – деді Корея Республикасының Пре­зиденті.

Бұдан кейін Қазақстан Прези­ден­тінің Корея Республикасына мемле­кеттік сапары аясында бірқа­тар құжаттарға қол қойылды. Мәсе­лен, мемлекеттер басшылары Қазақ­стан Республикасы мен Корея Респуб­ли­касының стратегиялық әріптес­тік қарым-қатынастарды одан әрі терең­дету туралы бірлескен декларациясына қол қойды. Бұдан бөлек, Қазақстан Рес­публикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Корея Республикасының Сауда, ин­дустрия және энергетика минис­трі Чжу Чен Хван Қазақстан Респуб­ли­касының Инвестициялар және даму министрлігі мен Корея Респуб­ликасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы бір­лескен іс-қимыл жоспарын рәсім­деді. Сондай-ақ, Қазақстан Респуб­ли­касының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Ко­рея Республикасының Көлік, жер жә­не инфрақұрылым жөніндегі ми­нистрі Кан Хо Ин Қазақстан Респуб­ликасының Инвестициялар және да­му министрлігі мен Корея Респуб­ликасының Көлік, жер және инфра­құрылым жөніндегі министрлігі арасында көлік саласындағы инвестициялық және инновациялық жобаларға қолдау көрсету туралы меморандумға қол қойды.

10-11-01

10-11-06

10-11-07Іскерлік байланыстар – ілгерілеу кепілі

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Корея Республикасының іскер топтар өкілдерімен, яғни «бизнес капитандарымен» кездесті. Бұл кездесуге 20-ға жуық ірі корей компанияларының өкілдері қатысты. Олардың басым көпшілігі әртүрлі, мәселен, энергетика, ауыл шаруашылығы, көліктік логистика, тау-кен өндірісі салалары бойынша Қазақстанда жұмыс істейді.

Елбасы мен іскер топ өкілдері қатысқан жиынды Корея Кәсіп­орын­дары федерациясының төрағасы, Қазақ­стан-Корея Іскерлік кеңесінің теңтөр­ағасы Шин Санг Хо ашты. Ол соң­ғы уақытта дүние жүзі экономи­ка­сына қатысты құбылмалы жағдайдың орын алғанын, соның нәтижесінде «бел­гісіздік үдерісінің» көрініс тапқа­нын жеткізді. Сондықтан, мұндай кездесулер өте маңызды екеніне, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға сеп болатынына сенім білдірді. Бұдан кейін ол Қазақстан Президентіне Корея Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзіне үлкен құрмет көрсеткендері және қонақжайлық танытқандары үшін бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірді. «Біз мұны Қазақстанға көрсетілген айрықша құрмет деп білеміз», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Корея Республикасы еліміздің Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі екенін, тәуелсіздік жылдары осы елден келген инвестицияның жалпы көлемі 9 млрд долларға жеткенін атап өтті. 2015 жылы бірқатар сыртқы факторлар мен объективті себептерге байланыс­ты өзара сауда-саттық көлемі біршама азайғанын айтты. «Осы орайда біздің экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін беру маңызды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс, қаржы және инвестициялар, көлік-логистика жүйесі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары болып табылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті атап өт­кен­дей, біздің елде оңтүстікко­реялық капиталдың үлесі бар 465 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеу­де, соңғы үш жылдың өзінде жалпы құны 160 млн доллар болатын 14 инвестициялық жоба іске асқан екен. Қазақстан басшысы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуе­тін арттыру үшін Қазақстанда жүргі­зіліп жатқан экономиканы әрта­рап­тандыру жөніндегі құрылымдық реформалар мен шараларға тоқталды. «Атап айтқанда, инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу үшін қажет жағдай біртіндеп жақсарып келеді, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Басымдығы бар салаларда инвесторларға салық жеңілдіктері жасалуда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін арнаулы шаралар қабылдануда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда.

Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті республикада салық мөлшер­лемелеріне қатысты заңнаманың және жұмыспен қамту саласындағы заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілгеніне назар аударды. «Біздің елдеріміздің азаматтары үшін визасыз режім енгізіліп, тікелей әуе рейстері ашылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сонымен қатар, Қазақ­стан аумағындағы арнайы экономи­калық және индустриялық аймақ­тарда корей компанияларына өз жобаларын іске асыру үшін орын бөлуге әзір екенін айтып, сол аймақ­тарды басқару мүкіндігін ұсынды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы корей компанияларын Қазақ­стандағы мемлекеттік кәсіпорын­дарды жаппай жекешелендіру үрдісіне, алдағы «ЭКСПО-2017»: болашақтың энергиясы» халық­аралық мамандандырылған көрмесінің жұмысына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне белсене атсалысуға шақырды. «Біз корей компанияларымен экономиканың барлық секторында ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Бүгінгі біздің кездесуіміз елдеріміздің іскер топтарының өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын анықтап береді деп үміттенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сапары аясында Оңтүстік Кореяның Прези­ден­тімен жүргізілген келіссөздің жемісті болғанын айтып, онда іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері, соның ішінде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту, ЕАЭО нарығына шығу перспективалары талқыланғанын атап өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақпен арада еркін сауда аймағын құру жөнінде әңгімелестік. Биыл бұл ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан Оңтүстік Кореяның осы кеңістікке ену жөніндегі ниетін құптайды. Бұл бәрімізге жақсы және біз осы идеяны ілгерілететін боламыз», – деді Қазақстан Президенті.

10-11-09

10-11-11Елбасы «Енсэй» университетінің құрметті докторы

 Кеше сондай-ақ, Қазақстан басшысы Корея Республикасының үздік жоғары оқу орны – «Енсэй­де» болды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев­қа университеттің Құрмет­ті ғылым докторы атағы берілді.

Салтанатты шара аясында сөз алған Қазақстан басшысы елдің жетекші оқу орны болып саналатын университет ұжымы алдында оның қызметінің болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге бағыт­талғанын және білім беру саласы­ның қарқынды дамуы Оңтүс­тік Кореяның қол жеткізген жетіс­тігінің басты кепіліне айналып отырғанын атап өтті. «Ел­деріңіз соңғы екі буын ауысқан кезең ішінде шет елдердің көмегін тұтынушыдан ірі донорға айнала білді. Сіздер 2025 жылы ғылым мен техника саласындағы бәсекеге қабі­леттілік деңгейі жөнінен әлем­нің үздік жеті елінің қатарына қо­сылу міндетін батыл іске асырып келесіздер. Адами ресурстар мен технологияны дамыту соған жетудің кілті болып табылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Корея Рес­публикасының жаңашыл экономиканы дамыту жөніндегі саясатын жоғары бағалап, біздің еліміз де экономиканы және бүкіл қоғамды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. «Реформалар барысында ғылымды қамтитын экономиканы қалыптастыруға және адами әлеует сапасын арттыруға баса ден қойып отырмыз. Біздің бас­ты мақсатымыз – кадрларымыздың бәсекеге қабілеттілігін және білім беру секторының экспорттық әлеуетін арттыру», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның Корея Республикасымен ынтымақтасу ісінде ғылымды қам­титын әрі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән бе­ріліп отырғанын атап өтті. «Бұл орайда екі ел университеттерінің, зерт­теу институттары мен орталық­тарының өзара тығыз іс-қимылы жетекші рөл атқаруға тиіс. Сонымен қатар, біз жастар арасындағы бі­лім алмасу аясын кеңейтуге ниет­тіміз. Елдеріміз арасындағы қа­рым-қатынастың болашағын айқындайтын нақ сол жас ұрпақ болады», – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Кореяның ғылыми қоғамдас­тығы мен Астанадағы «Назарбаев Универ­ситет» арасындағы әріптес­тікті жолға қою үшін зор перспективалар бар екеніне тоқталды. Сон­дай-ақ, екі елдің өзара белсенді іс-қи­мылына, достық сипаттағы әрі өзара сенімге негізделген қарым-қаты­насына, күн тәртібіндегі халық­аралық және өңірлік өзекті мәсе­лелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас­тығына назар аударды.

Қазақстан Президенті қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономи­калық ынтымақтастықты екіжақты әріптестіктің маңызды бөлігі ретін­де атап өтті және Корея Президенті Пак Кын Хемен кездесу барысында Қа­зақстан Республикасы мен Оң­түс­тік Кореяның стратегиялық серіктес­тігін жаңа сапалы деңгейге көтеру туралы уағдаластыққа қол жет­кі­зілгенін және бұған Қа­зақ­стан­ның көпұлтты халқының ажы­ра­мас бөлігіне айналған корей диас­по­расының септігін тигізетінін айтты.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Енсэй» университетінің профессорлық-оқытушылар құ­ра­мының жаңа белестерді бағын­дырып, табысқа жетуіне тілек­тестік білдірді. Ал университет рек­торы Ким Юн Хак Қазақстан Респуб­ликасы Президентіне универ­ситеттің Құрметті докторы атағын беру «Енсэй» үшін үлкен мәр­тебе екенін жеткізді. «Мен ректор ретінде білім мен ғылым саласында жетекші жоғары оқу орын­дарымен өзара байланыс­ты дамыту мәселесіне әрдайым басым­дық беремін. Қазақстан – біздің корей компаниялары көп жұмыс атқаратын ел. Олар түрлі салада – ғылымда, медицинада, қоршаған ортаны қорғау салаларында қызмет етеді. «Енсэй» 2003 жылы, ең алдымен, Қарағанды университетімен әріптестік байланыс орната бастады. Осы уақыт аралығында біз Қазақстанның әр түрлі университеттерімен арада­ғы ынтымақтастығымызды кеңейт­тік, бұл бағытта әлі де ықпалдастық орната беретін боламыз», – деді Ким Юн Хак.

Бұдан кейін ректор Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту жолындағы бастамаларына жоғары баға бере келе, ел экономикасын өркендетуде ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев­­тың Қазақстандағы этно­мә­­дени бірлестіктердің дамуына баса мән бергенін айта келе, олар­дың ішінде этностық корей­лердің де бар екеніне назар аударды.

Шара аясында сөз алған университет профессоры Мун Гун Чой да Қазақстан Президентінің ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы бастамаларын, мемлекетті дамыту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады. «Қазақстанда корей компаниялары белсенді жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жеріндегі этнос­тық корейлер қоғамына да қол­дау көрсетуден танған емес. Этнос­аралық ынтымақтастықтың дұрыс жолға қойылуына байланысты бү­гінде Қазақстанда ұлтаралық түсі­ністік мәселесі берік орныққан. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Пре­зиденті өз елі экономикасының, қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді», деді – Мун Гун Чой.

«Енсэй» университетін аралау кезінде Мемлекет басшысы сондай-ақ, қазақстандық студенттермен де әңгімелесті.

Қорыта айтқанда, Елбасының Корея Республикасына мемлекеттік сапары табысты аяқталды деп ой түйіндеуге толық негіз бар.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» –

Сеулден (Корея Республикасы)

Суреттер Президенттің баспасөз

қызметінен алынды