Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Орталық Азияның Ресеймен шекаралас жалғыз мемлекеті — Қазақстан Мәскеумен қарым-қатынасын қайта қарауды жөн көрді және АҚШ, Түркия мен Қытайдан өзіне одақтастар іздей бастады. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көп жыл бойы Ресей мен Қытай Қазақстанды "бөліске" салды: Мәскеу қауіпсіздікті қадағалады, ал Пекин экономикалық дамумен айналысты. Украинадағы соғыс басталғалы жағдай өзгере бастады. Сәуір айының соңында Қытайдың Ұлттық қорғаныс министрі Вэй Фэнхэ Қазақстанға келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесуде олар әскери ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Сондай-ақ, Қазақстан НАТО-ға кіретін Түркиямен тығыз байланыс орнатуға ниетті. Мамыр айының басында Тоқаев Анкараға ұшып барды, онда екі елдің өкілдері Қазақстанда әскери ұшқышсыз ұшақтарды бірлесіп өндіру туралы келісімге қол қойды. Сәуір айынан бастап ҚР-ға бірнеше америкалық шенеуніктер келді, мәселен, маусым айында елге АҚШ Орталық қолбасшылығының жаңа басшысы, армия генералы Майкл Эрик Курилла келді.
Сәуір айында Қазақстан өзінің қорғаныс бюджетін 441 млрд теңгеге ұлғайтты (салыстыру үшін: 2021 жылғы желтоқсанда ҚР әскерге, полицияға және ТЖ органдарына 859 млрд теңге бөлді). Атын атамауды өтінген жоғары лауазымды шенеунік қаражаттың бір бөлігі елдің әскери резервтерін ұлғайтуға бағытталатынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан Украинаның қатал қарсылығынан сабақ алды және армияны гибридті соғысқа дайын болатындай етіп реформалауы тиіс.
Батыста кейбіреулер Ресей армиясы қауіпті қарсылас емес деп ойласа да, Орталық Азия елдерінің біріндегі жоғары лауазымды шенеунік Ресей Федерациясының амбицияларынан қорқу керек деген пікірде:
"Әзірге олар бар уақытын Шығыс Еуропа және Украинаны қысу үшін жұмсап жатыр. Егер Украина болмаса, келесі нысана біз болмақпыз ба?”.
Қазақстан, Ресеймен көршілес орналасқан Орталық Азияның басқа елдері сияқты Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғысқа қатысты бейтарап ұстанымда қалды. Ел тепе-теңдікті сақтауға ниетті: ҚР-да Украинадағы соғысқа қарсы акцияларға тыйым салынды, сонымен бірге Ресейдің басып кіруінің символдарының бірі – Z белгісін дәріптеуге рұқсат жоқ.
Еске сала кетсек, 17 маусымда Ресейде Петербург Халықаралық экономикалық форумы өтті, іс-шара барысында модератор Маргарита Симоньян Тоқаевтан РФ-ның Украинадағы "арнайы операциясына" деген көзқарасы туралы сұрады. Қазақстан Президенті егер ұлттардың өзін-өзі айқындауына жол берілсе, онда жер бетінде 500-ден астам мемлекет пайда болып, хаос болатынын атап өтті. Осы себепті, Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан Тайвань мен Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамайды. Мемлекет басшысы еліміз Луганск және Донецк "республикаларына" да дәл осындай көзқараста екенін жеткізді.
«Бұл бағытта әртүрлі пікір бар. Тікелей айтайын. Біздің қоғам ашық. Азаматтық қоғамның пісіп-жетілгені анық көрінеді. Әртүрлі ой айтылады. Былай дер едім: қазіргі халықаралық құқық – БҰҰ жарғысы. Алайда жарғыдағы екі қағидат дәл қазіргі заманда бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бұл – мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен ұлттың өзін-өзін айқындау құқығы. БҰҰ-ның негізін қалаушылар кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырған секілді. Бәлкім, әдейі енгізген болар», - деді ол.