15 ақп, 2024 сағат 11:08

Қазақстан мұнай және газ қорын барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынуға дайын – Президент

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторы екі ел экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатынын айтты. Қазақстан мұнай және газ қорын барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынуға дайын, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Ақордаға сілтеме жасап. 


– Біз маңызды кен орындарын ашу үшін әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізіп жатырмыз. Осыған орай энергетика саласындағы Қатар компанияларын геологиялық барлау, мұнай химиясы, мұнай мен газды тасымалдау, өңдеу жобаларына белсенді атсалысуға шақырамын. Бүгін Power International Holding компаниясымен Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент және Ақтөбе – Қостанай газ құбырларының құрылысы туралы келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл – келешегі зор бастама. Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауытын салуға қатысты келіссөздер көп ұзамай нақты нәтиже береді деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.


Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия секторындағы ықпалдастық мәселесіне арнайы тоқталды. Қазақстанның бір триллион-киловатқа бағаланған жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті осы саладағы жаһандық ойыншылардың назарын аударды. Жалпы алғанда, олар 43 гигаватт қуат өндіретін бірнеше жобаны жүзеге асыруға міндеттеме алды. 


– Nebras Power компаниясының Қазақстанда қуаты 350 мегаватт болатын су электр станциясын салу ниетін, сондай-ақ Pearl Overseas компаниясының қуаты 1,1 гигаватт болатын бу-газ қондырғысын орнату жоспарын жоғары бағалаймыз. Біз осы аса маңызды сектордағы өндіріс, технология трансферті және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша серіктестікті жалғастыруға мүдделіміз, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды.