Кеше елордада былтыр өз қызметін бастаған, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтармен бірлесіп құрған пікірсайыс алаңы болып табылатын Астана клубының екінші отырысы болды. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Шетелдік 50-ден астам жетекші сарапшылардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, сондай-ақ, отандық мамандардың басын қосқан Астана клубының екінші отырысында талайларды толғандырып жүрген халықаралық және өңірлік саяси және экономикалық өзекті мәселелер талқыға түсті.
Жиында сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте әлемдік саясат пен экономиканың өзекті мәселелері тұрғысында пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті. Одан әрі Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда атқарылған игі істерге кеңінен тоқталды. Елбасы өз сөзінде еліміздің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен қиындықтарды және оларды еңсеру мақсатында жүргізілген игі шараларды әңгімелеп берді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың ішінде көптеген салалар бойынша табысты жұмыстар атқарып, еңселі, әлеуетті, әлем санасатын елге айналды. Сондай-ақ, Президент көпұлтты Қазақстандағы берік орнаған қоғамдық келісім мен татулықтың арқасында ел Тәуелсіздігі нығайып, тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізілгеніне екпін берді.
– Бір айдан кейін Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлайды. Бұл мерейтойға еліміз белсенді түрде дайындалып жатыр. Қазақстан алғаш рет әлем картасына енген кез біз үшін өте қымбат. Тәуелсіздік – біздің халық үшін өте маңызды жетістік, – деді Елбасы.
Сонымен бірге, Президент Қазақстанның 25 жыл көлеміндегі қалыптасу жолына тоқталды.
– Біз бұрынғы КСРО-ның құрамындағы 15 республиканың қатарында болдық. Көптеген аспектілер бойынша нашар жағдайда тұрдық. Бізде ақша және резерв қорлары болмады. Барлық өнеркәсіп орындары Мәскеудегі орталық ведомствоның құзырында болды. Қазақстан өз әлеуетінің 15 пайызын ғана басқарды. Біз адамдардың өмір сүру деңгейі, әлеуметтік даму салалары бойынша артта қалдық. Біз барлығын жаңадан бастадық. Бізде қуатты саяси жігер болды, тәуелсіздігі бар гүлденген ел құруға ұмтылдық. Осы жылдары бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеттік. Нәтижесінде, көпұлтты елімізде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім сақталды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тиісті ұйымдастыру жұмыстары сауатты жүргізілгенінің нәтижесінде ел экономикасына өз деңгейінде шетелдік инвестиция тартылып, ол Қазақстанның дамуына үлкен септігін тигізгенін сөз етті.
– Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан экономикасына 260 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция бағытталды. Экономикалық әлеует пен азаматтардың әл-ауқаты бірнеше есе өсті, – деді Президент.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің мұнай, газ қорлары бойынша әлемде 10-12-орында тұрғанын, темір, түсті металдар, бұлардан бөлек, басқа да қазба байлықтар көп екенін айта келіп, оны ұқсатудың, халық игілігіне жаратудың оңай еместігін, сондықтан, бұл бағытта жүйелі түрде қыруар шаралар атқарылғанын сөз етті. Сонымен бірге, Елбасы елімізде осыдан 25 жыл бұрын тиімді мұнай өндіру ісі жолға қойылмағанын, мұнай өндірудің қазіргі желілерін, заманауи мұнай құбырларының құрылысын жүргізу, әсіресе, өнімді экспорттау міндеттері көп қажыр-қайратты қажет ететініне назар аудара отырып, осынау маңызды жұмыстардың барлығы атқарылып, салаға әлемдік ірі компаниялардың тартылғанын жеткізді. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, осынау шаралардың оңды нәтижесін еліміздің өркендеуінен, жаңа Астана келбетінен көруге болады.
Мемлекет басшысы бүгінгі Астананың даму барысын сөз ете келіп, келер жылы қалада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болатынын, осындай беделді шараны өткізу мәртебесіне ие болу Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін өсіре түсетінін атап өтті. Осы орайда, Елбасы шараға қатысушыларды аталған ауқымды көрмені тамашалауға шақырды.
Одан әрі Елбасы Қазақстанның әлемдік және аймақтық мәселелерді шешудегі, сондай-ақ, ядролық қаруды жою, таратпау үдерісіндегі белсенді рөліне тоқталды. Бұған қоса, Қазақстан Президенті жалпыәлемдік үдерістердің қарқын алып отырғанына, ұлттық, өңірлік және жаһандық даму мәселелеріне қатысты тың ұстанымдар мен тәсілдер қажеттігіне баса назар аударды.
– Мұнай мен металл бағасының күрт төмендеуі, қор нарықтары мен ұлттық валюталардың құлдырауы, өзара санкция енгізу саясаты салдарынан әлемдік сауда өсімінің төмендеуі – осының бәрі, әрине, қазіргі заманғы жаһандық экономиканың сын-қатерлері. Бірақ бұл айтылғандарды шешімі табылмайтын мәселелер деуге болмайды. Сол себептен, қазіргі кезең «салың суға кетіп», құр байбалам салып отыратын уақыт емес.
Ең алдымен, экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа жолдарын таба білу керек. Көзіміз көріп, қолымызбен ұстап көрмеген жаңа нәрселерден үрку сезімі даму мен прогресс жолында ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы геосаяси текетірестердің, қарама-қайшылықтардың күшеюі мемлекеттер арасындағы сенімге сызат түсіретінін, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті жоққа шығаратынын атап өтті. Сонымен бірге, бұл фактор қазіргі заманғы өткір мәселелердің шешімін бұдан да белсендірек іздестіруге түрткі болады.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективасына қатысушылар назарын аударды.
– Барлығы үшін тиімді «Үлкен Еуразия» біртұтас экономикалық кеңістігін құру бағдарын бірлесе отырып айқындау маңызды. Меніңше, мұндай перспектива сөзсіз алдымыздан шығады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық Одақ және «Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы, келешекте бүкіл Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығы бірлесіп, өзара тығыз іс-қимыл жасауы қажет. Құрлықтық әрі әлемдік дамудың бұл бағытын мойындамау бүгінде Еуразия халқының ілгерілеуіне, әл-ауқатына және қауіпсіздігіне зиянын тигізбей қоймайды. Бұл – менің түбегейлі ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қалыптасып келе жатқан ірі өңірлік бірлестіктер, соның ішінде Трансатлантикалық сауда және инвестициялық кеңістік, Транстынықмұхит кеңістігі, Барлығын тегіс қамтитын өңірлік экономикалық кеңістік тәрізді жобалар сауда мен ынтымақтастықтың біртұтас еуразиялық кеңістігін құруға бағытталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әділеттілік, сенімділік, ынтымақтастық және жалпыға ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген әлем қалыптастыру жөніндегі міндеттердің өзектілігіне тоқталды.
– Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі Батыс пен Шығыс арасындағы, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы екіжақты қозғалыстың мықты дәнекері болуды өзінің миссиясы ретінде көреді. Ол өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың, бейбітшілік, сенім және жалпыға ортақ қауіпсіздіктің үлгісіне айналатын аумақ болуға тиіс. Мұның да өзіндік проблемалары жеткілікті. Әлем диалог пен келіссөздердің әлеуетін пайдалану арқылы кез келген мәселені шеше алады, сөйтіп қарама-қайшылықты жойып, XXI ғасырға арналған жаһандық дамудың ортақ стратегиясын әзірлейді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ғасыр дерті саналатын терроризмге қарсы әлем елдерін бірігіп күресуге шақырды.
– Біз барлығымыз лаңкестердің шабуылының астында отырмыз. Себебі, алпауыт державалардың арасында сенім жоқ. Әлем мемлекеттері бірікпей, біз терроризмді жеңе алмаймыз, – деді Елбасы.
Одан әрі Мемлекет басшысы ядролық қауіпсіздік жөніндегі өзінің ұстанымын сөз етті.
«Қазақстанның ядролық қарусыздануға қарсы өз үлесін қосуға толық моральдық құқығы бар. Біз оны іс жүзінде дәлелдедік. Ядролық қарусыздану туралы БҰҰ-ның трибунасында өткен жылы мәлімдедік. Мен 2045 жылға дейін әлем мемлекеттерін, жалпы адамзатты ядролық қарусыздандыруға шақырған болатынмын. Сондай-ақ, «Әлем. ХХІ ғасыр» бағдарламасын ұсындым. Құжатта бұл мақсатқа қалай жету қажеттігін мазмұндадым. Мен – әлем мен саясаттың тек жақсылыққа ұмтылуын, өзара түсіністік орнағандығын қалайтын адаммын», – деді Елбасы. Осы орайда Президент өзінің таяуда Жапонияда сапармен болғанын, 1945 жылы ядролық атқылауға душар болған қалаларға арнайы ат басын бұрғанын сөз ете отырып, адамдарды жаппай қырып-жою көрінісін барлық саясаткерлер Хиросимаға келіп көруі керек екенін жеткізді.
– Ол кезде бүгінгі сияқты ірі қару болған жоқ. Небәрі 1 килограмм уран ғана жарылды. Ал қазір осындай жарылыс болса ше? Сондықтан да Қазақстан ядролық қарудан бас тарту бойынша әлемді қалыптастыру декларациясын ұсынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиында Елбасы биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толғанын айтты. Президент айтып өткендей, аталмыш қадам ядролық қарусызданудағы ең ірі әрі нақты шешім болып отыр.
«Қазақстан – өз еркімен әлемдегі ең ірі полигонның бірін жапқан алғашқы мемлекет. Өзге ядролық қаруы бар елдер әлі де үнсіз. Қазақстан ядролық әрекеттің зардабын жақсы біледі. Халқымыз радиацияға душар болды, үшінші ұрпақ әлі күнге дейін оның қасіретін көріп келеді. Сондықтан біз аймағымыздағы ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз ел атағын алдық», – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қытай, Ресей, АҚШ, Ауғанстан, Жапония сарапшыларының ШЫҰ-ны одан әрі дамыту перспективасына, Жібек жолын қайта жаңғырту жөніндегі шараларға, ядролық қарусыздануға, өңірлік ынтымақтастыққа, экономиканы әртараптандыруға қатысты бірқатар сауалдарына жауап берді.
Соңында Мемлекет басшысы жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге қатысты мұқият әзірленген шешімдердің маңыздылығын арттыру қажеттігін айтып, Астана клубының екінші отырысына қатысушылардың сындарлы, мазмұнды сұхбат өткізулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Бұл жиынның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланған болатын.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды