Фото: Baq.kz
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасында 2023 жылғы 9 қарашада Астана қаласында қол қойылған біртұтас энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі келісім Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетімен мақұлданды. Енді бұл келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Парламент Сенатының қарауына ұсынылмақ, деп хабарлайды Ult.kz.
Келісім бойынша Қазақстан мен Ресей жыл сайын Қазақстан арқылы өтетін Ресейден келетін электр энергиясының көлемін алдын ала келіседі. Бұл ретте электр энергиясын жеткізу құны Қазақстандағы ішкі тұтынушыларға арналған тарифтен аспайды және бұл тарифті Қазақстанның мемлекеттік реттеу органы бекітеді.
Сонымен қатар келісімде электр энергиясының нақты жеткізілген көлемі жоспардан ауытқыған жағдайда реттеу тәртібі анықталған:
- Егер ауытқу рұқсат етілген шектен аспаса, электр энергиясын сатып алу мен сату бағасы Ресейдің көтерме нарығындағы бәсекелестік шарттарына сай белгіленеді. Бұл жағдайда Интер РАО компаниясының пайда мөлшері 0,5% деңгейінде болады.
- Егер ауытқу рұқсат етілген шектен жоғары болса, бағалар Ресейдегі электр энергиясын теңгерімдеу нарығындағы шарттарға сәйкес анықталады. Бұл жағдайда Интер РАО пайда мөлшері 2,5%-ға дейін өседі.
Яғни, тараптар жеткізілген электр энергиясының нақты көлемі мен жоспар арасындағы айырмашылықты тиімді басқаруға келісті.
Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары жетіспейтін көлемдерді Ресейден коммерциялық негізде сатып алатын болады. Бұл ретте баға Ресейдегі мемлекеттік органдар бекіткен тарифтерді және инфрақұрылым ұйымдарының шығындарын ескереді.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті бұл келісімді Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам деп бағалап, оның заңды түрде бекітілуін қолдайды.