05 нау, 2021 сағат 21:05

Қазақстан мен Қырғызстан «Қордай», «Ақ жол» өткізу бекеттерінің ашылуын талқылады

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қырғызстан Республикасының Көлік, сәулет, құрылыс және коммуникациялар министрлігінің өкілдері арасында кездесу өтті. Оған ҚР ИИД вице-министрі Берік Қамалиев және Қырғызстан Көлік министрінің орынбасары Талант Солтобаев қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиынға, сондай-ақ ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, қос мемлекеттің шекара қызметтерінің және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мердігер ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Тараптар «Қордай» және «Ақ Жол» өткізу бекеттерін ресми түрде ашу мәселесін талқылады. Бұл, Қырғызстан тарапынан «Ақ Жол» өткізу бекетіндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін және эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде мүмкін болмақ. 

Қазақстандық «Қордай» өткізу бекетін реконструкциялау жұмыстары 100% аяқталған. Айта кетейік, жаңартылған «Қордай» бекетінің өткізу әлеуетін тәулігіне 2500 автокөлік пен 25 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланған.

Бұдан бөлек, вице-министр Берік Қамалиев Алматы облысындағы «Ұзынағаш - Отар» республикалық маңызы бар жолдың 63-159 шақырымындағы реконструкция жұмыстарын тексерді. 63-101 шақырымдағы учаскеде мердігер ұйым барлық негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізген. Бұл шаралар толықтай 2021 жылы тәмәмдалмақ. Сондай-ақ, биыл 101-143 шақырымдағы реконструкциялау учаскесінде жаңа мердігерді анықтау үшін байқау өткізу көзделуде. Үшінші учаскеде жаңарту жұмыстары 2020 жылы аяқталған болатын. 143-159 шақырымдағы қозғалыс толықтай ашылды. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша пайдаланушылар тасжолдың жаңартылған 58 шақырым жолымен жүре алады.

Вице-министр, сондай-ақ, «Алтын Орда» нарығы аумағындағы «Алматы-Бішкек» автожолының 16-19 шақырымындағы жүріс бөлігін кеңейту бағытындағы жұмыс қарқынымен танысты.

Қазір жолды абаттандыру және сыртқы жарықтандыру, қозғалыс қиылысының арматуралық торын орнату, бұрылыс магистральды өтпе жол мен 4 аялдаманы орнату бойынша жұмыстар аяқталуға таяу. Бұл жұмыстарды 2021 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарланған.

Берік Қамалиев Үлкен Алматы айналма жолының құрылыс алаңында да болды. Ондағы құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Шамалған станциясындағы эстакада құрылысының барысы да тексерілді. Онда көлік құралдары үшін қозғалыс 2021 жылдың соңына дейін ашылатын болады. Кездесулер нәтижесінде мердігерлерге жобаларды іске асыру бойынша бірқатар нұсқаулар мен тапсырмалар берілді.