2017 жылдың 1 қазанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстан халқының саны 231 мың адамға көбейді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2017 жылғы 1 қазанда еліміздегі халық саны 18 096,9 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар - 10 383, 3 мың (57,4%), ауылдықтар - 7 713,6 мың адам (42,6%). 2016 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда халық саны 231,3 мың адамға немесе 1,3% өсті», - делінген ведомство ақпаратында.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте дүниеге келгендер саны 293,3 мың адамды құраған. Бұл 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 6,2 пайыз аз.
2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 18 мың адамға немесе 8,5 пайызға кеміп, 194,9 мың адамды құрады.
Қарастырылып отырған кезең ішінде 98,4 мың адам өмірден озған. Бұл 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 1,3 пайызға аз.
2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте республикада 1 жасқа дейінгі 2386 нәресте өлімі тіркелді. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда, 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 13 пайызға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Одан 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте 1195 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 50,1 пайызын құрады. Туа біткен ауытқулардан 574, тыныс органдары ауруларынан - 151 және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан - 129 нәресте қайтыс болды.