Исламдық қаржы саласында әлемге белгілі ғалым, “Шариғат шеңберінде ойлау” кітабының авторы Дауд Бакармен сұхбат
– Әңгімеміздің басында исламдық қаржы жүйесінің құрылу тарихын аз-кем әңгімелеп берсеңіз. Пайыздық өсімсіз қаржыландыру тетігі қай кезден қолданысқа ене бастады?
– Қазіргі заманауи ислам банкі жүйесінің дамуы 1975 жылдан басталды деп айтсақ, қателеспейміз. Сол жылы екі үлкен оқиға болды: бірінші – Сауд Арабиясының Жидда қаласында мемлекетаралық мекеме – Ислам даму банкі құрылса, екінші – Дубай ислам банкі ірге қалады. Алғашқысы – халықаралық қаржы ұйымы, кейінгісі жекеменшік банк ретінде жұмысын бастады. Қос мекеменің де көздеген басты мақсаттары мұсылман қоғамына дін қағидаттарына қайшы келмейтін қаржылық операцияларды жүзеге асыруға, қаржылық нарыққа араласуға мүмкіндік беру болатын. Әуелгі қадам, міне, осылай басталды.
– Қазақстанда исламдық қаржыландырудың басты қолдаушысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның ұйытқы болуымен он үш жыл бұрын Алматыда Ислам даму банкі басқарушыларының кеңесі өтті. Беделі өте жоғары, елу алты елден министр деңгейіндегі арнайы өкілдер қатысқан мәртебелі жиын барысында Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті, д-р Ахмед Мохамед Әлимен кездескен. Сонда көптеген мәселелер сөз болып, елімізде ислам банкингін дамыту кеңінен талқыланды. Біздің исламдық қаржы ұйымдарымен байланысымыз сол кезден басталса керек. Әлемдік исламдық қаржы нарығына Қазақстанның қосылуы жөнінде не айтасыз?
– 1975 жылы басталған қаржы жүйесі бүгінге дейін үлкен белестерді бағындырып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Іргесін кеңейтіп, көптеген елдерді қамтып үлгерді. Бірақ дәстүрлі қаржы жүйесімен салыстыратын болсақ, әлі де құлаш сермеуді қажет етеді. Аяқ баспаған асулары жетерлік. Ислам қаржы жүйесінің барлық активтері (1,5 триллион доллар шамасында) дәстүрлі қаржы жүйесі активтерінің (300 триллион доллар шамасында) бір пайызына да жетпейді. Өйткені, дәстүрлі қаржылық ұйымдардың көп жылдық тарихы, даму жолы және тәжірибесі бар. Ал жекелеген мемлекеттік тұрғыдан қарасақ, мәселен Сауд Арабиясында исламдық қаржы жүйесінің активтері 40-50 пайызды қамтиды. Кувейтте де осындай шамада. Малайзияда 27 пайыздың төңірегін құрайды. Индонезия, Түркия сияқты мұсылман халқы көп елдердің өзінде бұл көрсеткіш 6 пайыздың арғы-бергі жағында. Бірақ дәл қазіргі таңда ислам қаржы жүйесінің даму қарқыны өте жоғары деңгейде деп сеніммен айта аламыз.
Бұл жүйені енгізуді енді бастаған Қазақстан секілді мемлекеттерде көрсеткіштер өте төмен болғанымен, ілгерілеуге мүмкіндіктер көп. Неге? Себебі, әлгі Саудия, Малайзия-сынды елдер аталған жүйеге кезең-кезеңімен қадам басты: алдымен ислам банктері құрылды, содан кейін исламдық сақтандыру компаниялары жұмыс бастады. Іле-шала құнды қағаздар нарығы қалыптасты. Осылай тәжірибе жинады. Енді осы жүріліп өткен жолдарды исламдық қаржы жүйесін жаңа енгізіп жатқан мемлекеттер дайын модель ретінде қолданып, тез арада жүзеге асыра алады. Бірінен кейін бірін созбақтамай, барлық кезеңді бір сәтте орындауға ештеңе кедергі емес.
Негізі, Қазақстанның әлемдік ислам қаржы жүйесіне қосылуы 2007 жылдардан басталады. Сол тұста Қазақстанда алғаш рет арнайы конференция ұйымдастырылды, алқалы жиынның нәтижесінде исламдық қаржы жүйесін енгізу бойынша ұсыныс тасталды. 2009 жылы Қазақстан Парламенті осы жүйеге қатысты заңнаманы қабылдады. Одан кейін бұл құжатқа бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жетілдіріле түскенінен хабардармын.
– Қателеспесем, 1992-93 жылдары елімізде «Әл-Бәрака Қазақстан» деген ислам банкі ашылған. Алайда, қаржылық ұйым лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған кедергілердің салдарынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған көрінеді. Осы оқиғаны ой елегінен өткізіп, сұрағым келгені, әлемдегі және Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесінің дамуына, қарышты қадамдарына қандай да бір кедергілер бар ма?
– Тек Қазақстанда емес, жалпы әлемдегі исламдық қаржы жүйесінің дамуына кедергі келтіріп жатқан жағдайларды үш түрге бөлуге болады. Әлем елдерінің бұл жүйені өздерінде қолдануға, дамытуға мүдделі болмауының бірінші себебі – салық. Салық бойынша тиісті мекемелер тарапынан көп сауалдар туындап жатады. Исламдық қаржы ұйымдары қағидаларының бірі – егер ақша берілетін болса, оның артында міндетті түрде нақты экономикалық әрекет болуы шарт, белгілі бір активтері болуы тиіс: тауар алу керек немесе өндіру керек немесе сатылу керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық баланс сақталғаны жөн. Сондықтан көбінесе, дәстүрлі салық режиміне сәйкес, бұл жерде екі түрлі салық төлеуге тура келетіндей көрініп тұрады. Негізі, осы тұста түсініктеме жұмыстары керек-ақ. Өйткені, дәстүрлі банк болсын, ислам банкі болсын, тауарларды клиент үшін алады. Сондықтан қайткен жағдайда да, дәстүрлі банктен аз салық төленбейді.
Екінші кедергі «ислам» деген атауы болып тұр. «Исламдық қаржы мекемелері» дегенге кейбір мемлекет билігіндегілер діни ұйым ретінде қарайды. «Исламдық банк болғаннан кейін, оның тұтынушылары – тек қана мұсылмандар» деген сықылды түсінік, көзқарас бар. Шындығында, олай емес. Исламдық қаржы ұйымдары – кез келген азаматқа, ұлттың, діннің өкіліне қызмет көрсететін қаржылық мекеме. Тұтынушылар қаржы мекемесінің қызметіне, ұсынған сервисіне мән береді, нарықтық жағдаймен салыстырады.
Түсіндіру, жарнама, насихат жұмыстарының аздығын үшінші түйін дер едім. Мемлекет емес, жалпы халық исламдық қаржы мекемелерінің барынан хабардар болғанымен, оның жұмысы жайында біле бермейді. Көбісі оның қызметін тым күрделі, қиын деп ойлайды. Осы бағыттағы шаруалар жалғаса берсе, бұл да уақыт өте шешілетініне сенімім мол. Біздің, қаржы саласындағы мұсылман ғалымдардың, сарапшылардың алдындағы міндет – жоғарыдағы стереотиптерді бұзу. Кез келген адам дәстүрлі банктердің жұмысын қалай түсінсе, исламдық қаржы мекемелерінің танымалдығын да сондай деңгейге шығаруымыз қажет.
Осы үш кедергіні жоя алсақ, ислам банктерінің белсенді дамуына мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Бүгінде исламдық қаржы мекемелері әлемнің көптеген елінде – Жапонияда, Кореяда, Еуропаның бірнеше мемлекетінде, Австралияда бар. Оларда исламдық ұйымдарды қаржылық құрал ретінде танып, дамыту үрдісі қалыптасуда. Яғни, жаңағы үш себепке қарамай, тиімділікке ден қойған елдер жоқ емес. Десе де, мақсатты істерімізді дұрыс жүргізе берсек, әлемдік қаржы жиынтығының елу пайызы емес, он пайызы емес, бес пайызына қол жеткізгеннің өзінде, он бес триллион долларлық нарықты иеленер едік. Жалпы, қаржы әлеміндегі активтер шамамен үш жүз триллион шамасында. Соның бес пайызы – он бес триллион доллар. Ал бұл – жетуге болатын меже.
– Сіздің қазақ топырағына ат басын бұруыңыздың себебін, мақсатыңызды айтып берсеңіз.
– Шын мәнінде, Қазақстанда Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен исламдық қаржы жүйесін дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Заң тұрғысынан да оңды қадамдар болғанын мойындау керек. Бірақ әлі де үлкен жобалар кезегін күтіп тұр. Меніңше, халықаралық нарықта маңызы бар, ауқымды істер жасалуы қажет. Ал сапарымның мақсаты – сондай іргелі шаруалар алдында осындағы қаржы ұйымдарымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және тиісті мемлекеттік мекемелермен кездесулер өткізу.
Әлемнің көптеген мемлекеттерінде исламдық қаржы ұйымдарын құруға көмектестік, аяқтарынан тұруға атсалыстық. Яғни, бар тәжірибемізді пайдаланып, Қазақстандық мамандарға да ислам қаржы жүйесінің практикалық механизмдерін, ерекшелігін, түрлі жолдарын түсіндірмекпіз. Мәселен, кейбір елде исламдық қаржы жүйесі туралы жалпы түсінік болғанымен, «Қалай жасалады?» деген сауалға келгенде, мүдіріп қалады. Толық білмеген дүниесін ешкім қолға алғысы келмейді. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз болғандықтан, білгенімізді үйрету арқылы күдікті сейілтіп, жасалуы керек нақты іс-шараларды көрсетіп берсек дейміз. Сонымен қатар сала мамандарының сауалдарына жан-жақты жауап қатып, исламдық қаржы орталықтарының ірге кеңейтуіне күш салсақ деген ойымыз бар.
Заңнама жөнінде айтсам, ең бастысы, бұл салаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көңіл көншітеді. Заңдық тұрғыдан ыңғайлылықты сеземіз. Осындай жағдайларға қарап, Қазақстанның қаржы орталығы болуына, оның ішінде исламдық қаржы орталығы болуына мүмкіндігі де, әлеуеті де бар деп айтар едім.
Территория жағынан алсақ, әлемдегі ең үлкен мұсылман мемлекеті – Қазақстан. ТМД-дағы немесе Орталық Азиядағы экономикалық қуаттылығы өз алдына. Енді исламдық қаржы орталығы болуға нақты қадамдар жасаса, осы бағыттағы жұмыстарына септессек деген ниет пен тілек – біздікі. Негізгі мақсатымыз да – осы.
– Менің білуімше, Қазақстандағы ислам банктері ірі корпоративтік клиенттерге ғана қызмет көрсетеді. Енді біздің еліміздің жекелеген тұрғындарына, халыққа бағытталған исламдық қаржыландыру жүйесін қалыптастыру үшін қандай қадамдар керек?
– Тағы да тәжірибелеріме сүйеніп айтайын, исламдық қаржы құралдарын дамыта түсудің кез келген мемлекет үшін екі жолы бар. Біреуі – ұзын жол, екіншісі – қысқа жол. Ұзын жолы – толыққанды исламдық банк лицензиясын ғана енгізу. Яғни, исламдық қаржы құралдарын ұсынғысы келетін тарап жаңадан банк ашуы керек. Бұл жолдың ұзын, ұзақ мерзімді болуы неліктен? Өйткені, жаңа банк ашу үшін үлкен қаражат, тұрақты инвестор, өзге де жағдайлар керек. Қазақстандағы исламдық банк бойынша қабылданған заңнама – ұзақ жол. Биыл біреуі ашылады, келесі жылы тағы бір банк ашылады. Бұл жолмен исламдық қаржы жүйесі дамиды әрине, алайда, баяу қозғалады.
Екінші жол – өте қысқа және қарапайым халықтың қажетіне жарайтын, сұранысын қанағаттандыруға оңтайлы исламдық қаржы терезелерін ашу. Яғни, заңнаманы жетілдіру арқылы кез келген дәстүрлі банк ішінен арнайы бөлімше ашуға мүмкіндік беру қажет. Мұның басқару технологиясы, заңдық құжаты әлемдік тәжірибеде жасалған, дайын. Сондықтан мұны Қазақстанға қосымша шығынсыз, үлкен инвестициясыз енгізе салу өте қиынға соқпайды.
Тағы айта кетерлігі, халықаралық нарықта «Сукук» деген исламдық облигация бар. Мемлекеттік деңгейде сукук шығарып, халықаралық исламдық қаржы ұйымдарына ұсыну керек. Бұл тек сырттан қаржы тарту үшін емес, мемлекеттің исламдық қаржы орталығын қалыптастыруына, дамытуына мүдделі екенін көрсетуде маңызды роль атқарады. Сол арқылы жекеменшік банктерді, жеке инвесторларды қозғалысқа алып келеді. Сондықтан мемлекеттік немесе ұлттық сукук шығару нарықтағы паровоз сияқты, тиімді қимылға итермелейді.
– Исламдық қаржы жүйесі бойынша білім беру мәселесін өзге мемлекеттер қалай шешті?
– Әлемнің дамыған, дамушы елдерінің білім беру жүйелерінде, университеттерінде арнайы исламдық экономика, исламдық қаржы бойынша практикалық сарапшылар әрі ғалымдар даярлайтын бағдарламалар бар. Ал Қазақстанға келетін болсақ, дәл қазіргі сәтте сіздерге исламдық қаржы жүйесінен сауатты жастар командасын жасақтау өте маңызды. Өйткені, ислам экономикасы да жаңа экономика болып саналады.
Менің естуімше, Қазақстанда жастарды шет мемлекеттерде тегін оқытатын «Болашақ» бағдарламасы бар. Осы бағдарлама арқылы да ислам экономикасының білікті мамандарын әзірлеуге кеңес берер едім. Екінші, қысқа тренинг-курстар өткізуге болады. Өз басым жаппай оқыту керек дегенмен келіспеймін. Алдымен, өзгерістерді жасайтын адамдарды сауаттандыру қажет. Оларды негізгі бес топқа бөлген абзал. Бірінші – діни ғалымдар. Яғни, экономика саласын түсінуге қабілетті діни ғалымдардың білімін жетілдіру керек. Шет елдерден арнайы мамандарды шақыра бергенше, мүфтиятпен бірігіп, экономика саласын түсінетін дін ғалымдарының білімін арттырған жөн. Екінші – заңгерлер. Жергілікті заңгерлерге ислам қаржы жүйесінің қағидаттары мен ережелерін түсіндіру қажет. Үшінші – қаржыгерлер. Төртінші – мемлекеттік органдар. Өйткені, жүйені жасағаннан кейін, оны қадағалайтын, қарайтын осы топ. Бесінші – аудиторлар. Исламдық қаржы тұрғысынан аудит жасай алатын тәуелсіз мамандардың болуы өте маңызды. Ең бастысы, осындай бес топты құрған жөн. Тағы айтатыным, осылардың барлығын әуел бастан үйлестіретін, халыққа дұрыс ақпарат жеткізетін БАҚ өкілдеріне де курстар, тренингтер арқылы ислам қаржы жүйесінен білім беру керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Асхат Райқұл, «Егемен Қазақстан»