Қазақстан Илон Маск зымыранымен Жерсерік ұшырады. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ғарыш ғылымы бір орнында тұрмайды. Біздің институттар Жерде ғарыштық технологияларды пайдалануға мүмкіндік беретін ғарыштық байланыс, жерсеріктік навигация сынды көптеген байыпты құрылғылар әзірлеуде. Ағымдағы жылы біз салмағы 6 тоннаға дейін жететін ғарыш аппаратының құрастыру-сынау кешенінің құрылысын аяқтайтындығымызды атап өткім келеді», - деді ол форумның «Ғарыштық инновацияның әлемдік аренасындағы Қазақстанның әлеуеті» атты сессиясында.
Осы ретте вице-министр өткен жылы Қазақстан арнайы конструкторлық-технологиялық бюроны іске қосқанын атап өтті. Қазақстандық 150-ден астам инженердің Еуропа, Ұлыбритания және Ресейдің зауыттарында тағлымдамадан өткенін айтты.
«Олар Қазақстанда жұмыс істеуде және біз өзіміздің ғылыми-технологиялық мақсаттағы үшінші ғарыштық жүйемізді құрдық. Егер барлығы да дұрыс болса, онда 19 қарашада Калифорнияда Falcon 9 ғарыш тасымалдығышымен 2 жерсерігін ұшырамыз. Және де инженерлеріміз бен конструкторларымыздың барлық әзірлемесін ғарышта апробациялаймыз. Яғни, олар ұшу тәжірибесін алады және коммерциализациялауға және меншікті жерсерікті осы жерде құруға мүмкіндік береді. Бұл, ең алдымен, қолданыстағы аппараттың орнын басатын байланыс жерсерігі болады», - деді Марат Нұрғожин.
Айта кетейік, форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысына қатысқан Премьер-Министр «Digital Bridge» үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналатындығын, Қазақстан тек қана цифрлық күн тәртіппен өмір сүріп жатқанын айтқан еді.
Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға.
Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөлісті. Digital Bridge форумы цифрлық трансформация, электрондық үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және 4-ші өнеркәсіптік революция идеяларын ілгерілетуге арналған Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы диалогтік алаңды құрайтын жыл сайынғы іс-шара болады деп көзделуде.