27 ақп, 2018 сағат 11:49

Қазақстан Еуразиялық қайта құру және даму банкінен 267 млрд теңге қарыз алмақшы

Астана мен Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру үшін Қазақстан Еуразиялық қайта құру және даму банкінен 267 млрд теңге қарыз алмақшы. Бұл қаражатқа «ҚазТрансГаз» компаниясы «Сарыарқа» газ құбырын жүргізеді деп жоспарлануда, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" sn.kz-ке сілтеме жасап.

Газдандыру жұмыстары 4 кезеңнен тұрады. Оның барлығына 370 млрд теңге қажет. Ал, алғашқы кезеңі – Астанаға газ құбырын тартуға бағытталған. Бұл жұмыстарға 267,3 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгінгі Үкімет отырысында осылай деді.

Министр сондай-ақ, мұнай-газ-химия саласын дамыту үшін де Қазақстанның Қытайдан 2 млрд доллар қарыз алғанын атап өтті. Бұл қаражатқа полипропилен өндірісімен айналысатын зауыт іске қосылмақ. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп күтілуде.

Министрдің айтуынша, аталған жобалар ірі көлемде пайда түсіріп, 10 мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.