Америкалық «Washington Times» газетінің сейсенбі күнгі санында Қазақстандағы демократиялық қоғамның қалыптасуы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағыты және АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы мақала жарық көрді.
Мақалада биыл тамыз айында болатын елдің басқарушы партиясы «Nur Otan» партиясының праймеризіне айрықша назар аударылған. Онда елдегі ашық саяси бәсекелестік, жастар мен әйелдердің қоғам ішінде және билік арасындағы белсенділігін арттыру бағытында қабылданған шараларға оң баға берілген.
Автордың сөзінше, бұл реформалардың қабылдануы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар мен саяси оппозиция алдында нақты дәлелдер келтіре алды. Мысалы, басқарушы партия құрамына ашық сайлау әдісі Қазастан тарихында алғаш рет болмақ. Бұл кандидаттар мен халық арасындағы түсіністіктің дамуына әсер етеді. Сондай-ақ, сайлау барысы заңмен бекітілген қатаң талаптар төңірегінде өтетін болады.
Сонымен қатар, елде алғаш рет кандидаттар арасында міндетті қоғамдық пікірталастар өтеді. Бұл сайлау барысында халық үшін нақты шешім қабылдауға өз септігін тигізеді.
Мақалада басты назар аударылған тағы бір мәселе сайлау кезінде жастар мен әйелдерге берілетін квоталар. Яғни, партияға іріктеу барысында әйелдер үшін 30 пайыз, ал жастардың үлес салмағы 20 пайыздан кем болмауы тиіс. «Nur Otan» партиясының бастамасымен енгізілген бұл өзгерістер қоғамдағы әйелдер құқығы мен олардың азаматтық белсенділігін арттыруға көмектессе, жастар үшін демократиялық сайлау процесіне қатысып, жас буын өкілдеріне елдің саяси жұмыстарына белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Автор мұндай бастамалар Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқанын айтады. Ал Қазақстан секілді Орталық Азияда орналасқан мемлекет үшін мұндай реформалар елдің де, өңірдің де демократиялық бағытын қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді дейді.
Айта кетсек, мақала авторы Джесси Джейн Дафф, АҚШ теңіздегі жаяу әскер корпусының 20 жылдық еңбек өтілі бар ардагері, Лондондағы саяси зерттеулер орталығының қызметкері және Трамп Ардагерлер кеңесінің тең төрағасы