Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев «Қазақстан-2020: Коронадағдарыспен күрес және жаңа реформалар» атты аналитикалық баяндамасын жария етті. Сарапшы халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне, ел экономикасына пандемияның әсерін жіті талдап, Үкіметтің нақты қандай шаралар қабылдағанын терең зерттеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Білім беру саласы
Андрей Чеботаревтың зерттеуіне сәйкес, 2020 жылы іске асырылған немесе 2021 жылға жоспарланған әлеуметтік сипаттағы шаралар пандемия жағдайында қазақстандық қоғамның түрлі санаттары мен топтарын қолдауды, сондай-ақ жағдайды жақсартуды және оны тиісті салаларда қамтамасыз ететін тетіктерге бағдарлауды біріктіреді. Олар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші және үшінші отырыстарында және Мемлекет басшысының Жолдауында баса айтылған.
Саясаттанушы атап өткен ҚР Үкіметінің білім беру саласындағы шешімдерінің ішінде келесі шаралар бар:
• Педагог мамандығын таңдаған үміткерлерге қойылатын талаптарды арттыру мақсатында олардың осы мамандыққа бейімділігін анықтау үшін белгілі бір педагогикалық жағдайларды шешу жөніндегі арнайы емтихан тапсыруды енгізу. Бұл аталған адамдардың балалармен қарым-қатынас жасай білуін, гуманизм, шыдамдылық, әділдік, оның ішінде ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға бейжай қарамау деңгейін анықтауға мүмкіндік береді;
• 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап болашақ педагогтер үшін шәкіртақы мөлшері 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін, ал докторанттар үшін 102 498 теңгеден 150 мың теңгеге дейін артты;
• ЖОО оқытушыларының жалақысын арттыру мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім гранттарының құны артты;
• ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқулықтарды цифрлық оқу басылымдарына кезең-кезеңімен көшіру жоспарының жобасы әзірленді;
• ҚР БҒМ 24.07.2012 жылғы №344 «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, сараптау, апробациялау және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына ғылыми және педагогикалық сараптама мен апробацияны жүргізу сапасына қойылатын талаптарды күшейту бөлігінде өзгерістер енгізілді;
• Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында академиялық дербестікті, соның ішінде білім беру бағдарламаларын жасау және кредиттік технологияны енгізу бойынша мәселе пысықталды;
• Толыққанды оқу процесіне қажетті барлық функциялар жиынтығы қарастырылған бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы қамтамасыз етілді;
• 2021 жылғы қаңтардан бастап келесі үш жыл ішінде осы мақсаттарға қосымша 1,2 трлн теңге бөле отырып, педагог қызметкерлердің жалақысы 25%-ға артты;
• Тұрғылықты жеріне және оқыту тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау бойынша жүйелі шаралар әзірленді;
• Білім беру саласындағы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою үшін жалпы білім беретін мектептерді қолдау шаралары әзірленді;
• Азаматтардың сауаттылық деңгейін, олардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға, бейресми білім берудің балама нұсқаларын белсенді енгізуге, дербес оқыту нәтижелерін мойындауға, кәсіби дағдыларын сертификаттауға және т. б. бағытталған өмір бойы оқыту (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы әзірленді;
• Барлық облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің жұмысы қайта басталды;
• Ғылыми қызметі бойынша өңірлік университеттерге ірі бизнес тарапынан «қамқорлықты» қабылдау мәселесі пысықталды;
• Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант бөлу, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдар үшін 1000 грант ұсынылды.
«Дипломатиялық тетіктер шетелдік жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандықтарға көмек көрсету үшін де қолданылды. Атап айтқанда, Ресейде білім алып жүрген 10 мыңнан астам студенттің мүддесі үшін Қазақстанның осы елдегі елшілігі ғылым және жоғары білім, ағарту министрліктерінің және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде эпидемия ахуалына байланысты Ресейге баруға мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттердің қашықтан білім алуы туралы келісімдерге қол жеткізілді. Соның ішінде түлектердің дипломдық жұмыстарын қашықтан қорғау да қарастырылған» , - дейді саясаттанушы өз зерттеуінде.
Әлеуметтік сала қалай тұрақтандырылды?
Пандемия жағдайында азаматтар мен коммерциялық құрылымдардың еңбек және іскерлік белсенділігіне мәжбүрлі түрде шектеу қойылған еді. Осыны ескере отырып, мемлекет 2020 жылы тиісті жеке және заңды тұлғаларға нақты көмек көрсету арқылы экономика мен әлеуметтік саланы тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шара қабылдады. Бұл жағдайда шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға немесе бейресми жұмыс істейтіндерге 1 ЕТЖ (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдер беру бірінші кезектегі шара болды. Тиісті өтінімдерді беру үшін Egov.kz («Электрондық үкімет») порталы, сондай-ақ арнайы құрылған «42500.enbek.kz» порталы қолданылды. Қарастырылып отырған қаржылық көмекті көрсету үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 млрд теңге бөлінді. Төлемдер 2020 жылдың сәуір-мамыр және шілде айларында төтенше жағдай кезінде және одан кейінгі шектеу шаралары кезінде берілді. Бұл көмекті барлығы 4,6 млн адам алды.
Қарастырылып отырған процеске түрлі мемлекеттік емес құрылымдар да өз үлесін қосты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету үшін құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорын ерекше атап өткен жөн. Қорға 2020 жылдың қазан айының ортасына қарай сомасы шамамен 34 млрд теңгені құраған қайырымдылық түріндегі ақшалай қаражатты отандық бизнесмендер мен меценаттар ұсынды. Осы қордан 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде қаржылық көмек 2,2 млн қазақстандыққа немесе 650 мыңнан астам отбасыға берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасыға азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар, тағы 100 мыңына — 5 млн медициналық маска берілді.
ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты тұрақты атаулы әлеуметтік көмек алушыларға оны тағайындау уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ жыл бойы ұзартылды. Атап айтқанда, 2020 жылғы IV тоқсанда бұл шара 130 мың отбасының 650 мыңнан астам азаматына қатысты болды. Сол жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 168,6 мың отбасыдан 858 мыңнан астам адамға 58,3 млрд теңге сомасында АӘК төленді.
Сонымен қатар сол жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 92,4 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды.
Жұмыссыздық – өзекті проблема
Елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру аясында ҚР Үкіметі 2020 жылдың соңына қарай елдің ұлттық экономикасының тұрақтылығын қалпына келтіріп, жекелеген салаларда көрсеткіштердің өсуіне қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,9%-ға өсті. Оның ішінде фармацевтикада 47%-ға, машина жасауда 16,3%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіруде 4%-ға артты. Құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында өсім көрсеткіштері тиісінше 11,2% және 5,6% құрады.
Сонымен қатар пандемия жағдайында электрондық сауда үлесінің (6 п. т.) және қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің (2 есе) өскені байқалады.
2020 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы $77,7 млрд құрады, оның ішінде экспорт — $43,4 млрд, импорт — $34,4 млрд. Өз кезегінде, бұл $9 млрд деңгейінде оң сауда теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев сондай-ақ пандемия кезінде Үкіметтің жұмыспен қамту шараларын қабылдауының маңыздылығын атап өтті.
Ғылыми жұмыста халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында Үкіметтің «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» және т. б. бағдарламаларды іске асыру шеңберінде қажетті шараларды қабылдағаны айтылған. Олардың біріншісі аясында қолдау сомасы 2020 жылғы наурызда 300 млрд теңгеден 2020 жылғы шілдеде 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазан айының соңындағы мәлімет бойынша жұмыспен қамтуды қолдау шараларымен 1,2 млн адам қамтылды, оның ішінде: «Еңбек» — 600 мың, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» — 255 мың, басқа мемлекеттік бағдарламалар — 364 мың адам.
Отандық бизнесті қолдау
Саясаттанушы Қазақстанда пандемия кезінде отандық бизнеске елеулі қолдау көрсетілгенін жазады. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдың қаңтарынан бастап табыс салығын төлеуге және микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеруге үш жылдық мораторий күшіне енді. Пандемия басталған кезде оған қосымша келесі шаралар қабылданды:
● барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді 2020 жылғы 1 маусымға дейін кейінге шегеру;
● сауда (азық-түлік өнімдерін сату мен дәріханаларды қоспағанда), туризм, дене шынықтыру және спорт, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесі, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар мен көрмелер сияқты экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында жұмыс істейтін ШОБ субъектілері үшін бұл мерзімді 2020 жылғы 1 қазанға дейін ұзарту;
● жеке кәсіпкерлерді жыл соңына дейін жеке табыс салығын төлеуден босату;
● ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығын және АӨК биологиялық активтерінің импортына ҚҚС төлеуден жыл соңына дейін босату;
● 2020 жылғы 30 наурыз бен 1 қазан аралығындағы кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 8%-ға дейін төмендету. Осы шаралармен барлығы 700 мың кәсіпкер қамтылды;
● 2020 жылғы 16 наурыздан 15 маусымға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 164,8 млрд теңгеге 12 455 кәсіпкерлік субъектісіне екінші деңгейдегі банктердің неиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру;
● 2020 жылғы 3 тамыздан 1 қазанға дейінгі кезеңде 4694 кәсіпкерге 1 542 банк несиесін қайта қаржыландыруды және оларды төлеуді кейінге қалдыру;
● 2020 жылғы наурызда ҚР Ұлттық банкінің іске асыруға 600 млрд теңге бөле отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын қабылдауы. Бұл ақша кейіннен тиісті коммерциялық құрылымдар мен жеке кәсіпкерлерге несие беру үшін екінші деңгейлі банктерге салынды. 18 қарашадағы жағдай бойынша банктер 567,4 млрд теңге сомасына 2 311 өтініш қабылдады, 1 370 ШОБ субъектісіне 455,3 млрд теңге сомасына қарыз берілді. Осы айда аталған бағдарламаның қолданылу мерзімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Сонымен қатар оған қосымша 200 млрд теңге бөле отырып, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлер де таратылды;
● 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 12 ай ішінде экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ-тың барлық қолданыстағы несиелері бойынша жылдығы 6%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемелерді мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету, 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша ШОБ субъектілері үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтата тұру.