25 қаз, 2016 сағат 17:04

Қазақ тілінде қандай мәдениет жасалды?

Кішкентай қоңыз үлкен қоңызға сұрақ қойыпты:

– Әке, біз неге көңде өмір сүреміз? Ана

көбелекті қарашы, алуан түсті гүлдердің үстінде

ұшып жүреді, солардың нәрін сорады.

Әке-қоңыз шатасына былай жауап береді:

Бұл сенің отаның-ғой, жаным-ау,  Отаның.

Анекдоттан

 

Шаруаның өмірін идеалдау зиянды және қауіпті.

М.Ганди

 

Әдебиетсіз демократия,

демократиясыз әдебиет жоқ.

Ж.Деррида

 

Қазіргі қазақ мәдениетінің барын бажайлап, өмір тынысын көз алдыға келтіру үшін оны өркениеттердің омырылуы теориясы тұрғысынан талдап бағалау керек. Өркениеттер индустриялы және аграрлы болып бөлініп түскенде, қазақтар олардың даму жағынан артта қалған басқышынан табылды. Демек, ұлттық мәдениеттің сипаты мен рухани дүниеде болып жатқан құбылыстардың сырларын да омырылу сызығының арғы жағындағы жағдайлармен түсіндіргенде оған берілген баға объективті бола алады.

 

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ КЕЙІПКЕРЛЕР 

Қазақстанда сонау XIX ғасырдың өзінде-ақ Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай сынды ақсүйек әулеттерден шыққан ұлылардың қолымен классикалық мәдениеттiң iргетасы қаланған болатын. XX ғасырдың алғашқы жартысында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердiұлы, М.Әуезов және басқа көркемөнер қайраткерлері бұл ұлы миссияны ары қарай жалғастырды. Көпсалалы, көпжанрлы қазақ ұлттық әдебиеті дүниеге келіп, өзге халықтар әдебиеттерімен терезесі тең деңгейде, қанаттас дами бастады. Негізгі жанрлар прозада, поэзияда, драматургияда жаңа есімдер пайда болып, жаңа романдар, поэмалар, пьесалар жарық көріп, халық арасына тарала бастады.

Алайда, қазақ мемлекетінің тәуелділік жағдайда өмір сүруінен, тиісінше, метрополия жүргізіп отырған саясаттың шеңберінен тыс әрекет ете алмауынан, Кеңес билігі орнағаннан кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетінде әр түрлі үрдістер көрініс беріп жатты. Аталған прогресшіл бағытқа  қарама-қарсы таптық-идеологиялық бастаулардан тамыр алатын екінші үрдіс пайда болды. Кеңес заманының талабы бойынша, көркем өнер биліктің әлеуметтік саясатының жүзеге асырылуына үлес қосуға міндетті болатын. Сол талапқа сай төменгі таптан шыққан кейбір жазушылар өз сословиесі өкілдерін дәріптеп шығармалар жазды.

Б.Майлин Мырқымбайды, С.Мұқанов Шоқпытты өз заманының қаһармандары ретінде сомдады. Большевиктік идеология тұрғысынан алғанда осындай кейіпкерлерді сомдаған шығармалар қазақ әдебиетінің жетістікті үлгілері болып саналды. Бұдан кейінгі кезеңде қазақ жазушыларының үлкен тобы осы үрдісті жалғастырды. Өз шығармаларына арқау етіп олар жоғарыда аталған кейіпкерлердің рухани ізбасарларын таңдап алды, шаласауатты, есерсоқ, қияли, маскүнем адамдар ұнамды кейіпкерге айналып, үлгі ретінде сипатталатын болды. Осылай қазақ әдебиетінде ұнамды қаһарман ұғымы төңкеріліп түсті.

Солардың бірі О.Боранбаев деген автордың «Әңгүдік» атты шығармасының бас кейіпкері – қолы неге тисе, соны бүлдіретін, істеген ісінде опа жоқ, жүрсе сүрінетін, жүгірсе жығылатын, есі кіресілі-шығасылы әңгүдік, оған қосымша, маскүнем адам. Авторлық ремарка бойынша кейіпкердің ұнамды қасиеті – оның отанын сүйетіні: «ауру, маскүнем бол, тек билікке көз салма, саясаттан аулақ жүр, «отанымды сүйемін» деген ұранның көлеңкесінде итшілеген өміріңді сүре бер. Билік қалай айдаса – солай жүрсең болды, сонда сен жақсысың!» Рухани мешеу, надан, мәдениетсіз, білімсіз адамның «ұнамды» бейнесін жасау кеңестек идеологияның инерциясы ретінде әлі орын алып келеді. Осы шығарма М.Әуезов атындағы Академиялық театрдың репертуарынан мығым орын алып, ұзақ уақыт сахнадан түспеді.

 

* * *

Ғасырдың екiншi жартысында әдебиет көкжиегінде өз қолтаңбасын алып келген жаңа есімдер көбейе түсті. Ә.Нұрпейісовтың, Ә.Әлімжановтың, Б.Момышұлының, М.Мағауиннің, Қ.Жұмаділовтің, Ә.Кекілбаевтің, Жұбан Молдағалиевтің, Т.Ахтановтың, Қ.Мұхаметжановтың, Х.Ерғалиевтің, Т.Жароковтың, Қ.Бекхожиннің, О.Сүлейменовтың, М.Мақатаевтің және олар қатарлы көптеген өзге жазушылар мен ақындардың шығармалары өз дәуірінің көркемдік деңгейінің эталоны іспетті болды.

1960 жылдардың ішінде Мұрат Әуезовтың идеялық дем беруімен және  ұйымдастыруымен Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы пайда болды. Бұл ұйым қазақ жастарының ұлттық санасының өсуіне, республикада және одан тыс жерлерде қоғамдық-саяси ойдың өркендеуіне белгілі деңгейде әсер етті. Бұдан кейінгі кезеңде ұлт-азаттық идеялары қазақ жазушыларының тарихи романдарынан көрініс тапты. Тарихи-патриоттық тақырыпқа қалам тартқандардың алғашқыларының бірі болып С.Сматаев «Елім-ай» романын жазды. 70 жылдар ішінде қазақ прозасында тарихқа назар аудару жаңа импульспен жалғасын тапты. І.Есенберлиннің романдары бұқаралық санада рефлексия тудырып, қолдан қолға өтіп жатты.

Кейінірек кейбір озық ойлы қаламгерлер екінші ұстаз Әл Фараби, Абылай хан, Қабанбай батыр және солар сияқты шынайы ұнамды қаһармандардың бейнелерін сомдаған туындылар берді. Олар аталған кезеңдегi қазақ қауымының талғамы мен талаптарын бiршама қанағаттандыратын едi. Сонысымен оқырмандардың ілтифатына бөленіп, көркем әдебиетте өзіндік із қалдырды.

 

* * *

XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінде М.Әуезовтың «Абай жолына» еліктеп ірі қоғамдық және мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметін сипаттап жазған дилогиялар мен трилогиялар қаптап кетті: «Аққан жұлдыз», «Ақан сері», «Жаяу Мұса», «Сұлтанмахмұт», «Қызыл жебе», «Мұхтар жолы», т.б. Бұл көптомдықтар авторлардың бейнелерді көркемдікпен көре білгенінен емес, кейіпкер ретінде сомдап отырған қайраткердің беделіне сүйеніп нысанаға жетуді көздеуден туындаған шығармалар болып шықты. Сондықтан олардың ешқайсысы мэтр сомдаған деңгейге жете алмады. Өйткені, еліктеуден туған туындының сапа жағынан ешқашан еліктеткен нұсқаға жете алмайтыны белгілі.

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АУЫЛШЫЛДЫҚ ДЕРТІ 

Алайда, осы кезеңнен бастап ұлттық мәдениеттің аяқ алысында екінші, негативті үрдіс көрініс бере бастады. XX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде бір оқшау бағыт пайда болды. Ол бағыт 60-жылдардан бастап әдебиетке ауыл мектебін бітіріп келген, балалық шақтарын сонда өткізген, ауыл менталитетін тасушы жазушылардың үлкен шоғырының шығармаларынан көрініс берді. Орыс әдебиетіндегі «шестидесятниктер» дегенге ұқсастырып, қазақ әдебиетшілері оларды  «алпысыншыжылдықтар» деп атады. Олар дәуір өлшемімен, қазақ ауылының орта және аға буын оқырмандарының талғамы тұрғысынан шамалағанда бірсыдырғы тәуір шығармалар берді. Ауыл тұрмысын, қарапайым еңбек адамдарының психологиясын шынайы сипаттаған повестерді оқырман қауым жылы қабылдады. Сондықтан, XX ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің жетістікті жылдары деп бағаланды. 

Әрине, қазақ «алпысыншыжылдықтары» дарыннан құралақан емес еді, арасында қалам ұстай білетін, қабілеттілері де аз болмады. Олардың әдебиетке деген ынтасы мен құлшынысы да жоғары болды. Олар шығармашылық объект ретінде өздеріне жақын стихия – ауыл тұрмысы тақырыбын таңдады. Жазғандарында өздері күнде көріп жүрген ауыл адамын бейнеледі, сюжетті солардың істеген әрекеттеріне құрды, тек солардың қолайына жағатын, солар сүйсініп оқитын шығармалар жазуға тырысты.

Сырттай қарағанда, ауылдан шыққан адамның өсіп, оқып, жетіліп, жазушы болғаннан кейін өзі өскен ортасы – ауылы жайлы жазуының және кейіпкерді онда тұратын, еңбек ететін адамдар арасынан іздеуінің өзіндік қисыны бар екені де рас. Бірақ осы дәуірдегі қазақ әдебиетіне тереңірек үңілген адам бұл аяда болып жатқан құбылыстардың астарынан жалпы ұлттың рухани дамуына кері ықпалы бар түйткілдердің болып жатқанын аңғарған болар еді.

Ауылшыл  жазушылар  әлеуметтік  өмірде  болып  жатқан  құбылыстарды натуралистік  тәсілмен сипаттаудан арыға бара алмады. Олар ауыл адамының соңынан еруді ғана білді. Жазғандарында оқырманмен кері байланысты жүзеге асыруға септігі тиетін, прогресшіл идея, жаңа ой болмады. Шығармаларының фабуласы бірінікі екіншісінікіне  ұқсап тұрды, ауыл тұрғындарынан басқа оқырмандарды  қызықтыра алмады. Оларға айтылар уәж мұнымен шектелмейді.

Ең бастысы, «алпысыншыжылдықтардың» көркем әдебиет арқылы халықтың санасына сіңірмек идеясы оқшау болды. Олардың көпшілігі қазақтарды ауылдан шығармау, қалаға жібермеу бағытын таңдауымен, әдебиетке, жалпы мәдениетке ғана емес, ұлттың саяси-әлеуметтік өрлеу жолына тосқауыл қойды. Жазғандарының бәрінде негізгі желі ретінде қаланың көлеңкелі жақтарының фонында ауылды идеалдауды ұстанды, жастарды ауылдан кетпеуге, қалаға қоныс аудармауға үгіттеді, шығармаларын өркениеттен қашу идеясын қазақ атаулының санасына сіңіруге бағыштады.

Ол кезде қазақтар дерліктей ауылды елді мекендерде жайғасып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын. Қалада тұратын аз санды қазақтар, тілдік орта болмағандықтан, орысша сөйлеп, тілдік сәйкестілігінен айырылып қалатындай жағдайда өмір сүріп жатты. Қазақтардың өз жерінде ұлттық азшылық жағдайға түсуі, өнеркәсіпті қалалардың дерліктей бәрін өзге ұлт өкілдерінің жайлап алуы, орыс тілінің үстемдігінің жыл өткен сайын арта түсуі, қалада тұратын қазақтардың орыс арасында жұтылып, орыс тіліне ойыса бастауы қазақ мәдениет қайраткерлерінің санасына ұлттық мәдениеттің ендігі өмірлік тыныс алатын жері – тек қана қазақ ауылдары деген түсінікті тудырған едi.

Ұстанған бағыттарының дұрыстығына мығым сенген қазақ жазушыларының дені діттеген нысанаға жету үшін, тіл мен ұлттық мәдениетті сақтап қалу үшін, қайткенде оның белең алып тұрған мәдениеттермен жұтылып кетуін болдырмау үшiн жанталаса қарману күйін кешті, жанкешті әрекеттерге бой алдырды. Олардың қолындағы бірден бір құрал – сөз болатын. Соның өзінде ол сөз коммунистік идеология шеңберінен шықпауы тиіс.

Осы тұста қазақ жазушыларының діттегені бола қалды. Олардың дөйдала кеткен, кесірлі бағытын Қазақстан Үкіметі ұтымды пайдаланып, «қазақ жастарын ауылды жерлерде тұрақтандыру» туралы қаулы шығарып берді. Қазақ ауылшылдарына даңғыл жол осылай ашылды. Әдебиет пен көркем өнер қазақтың ауылдан кетпеуі керек екендігін нәсихаттайтын бірден бір құралға айналды. Жазушылар енді бар шығармашылық қуаты мен жігерін Қазақты ауылдан кетірмеу үшін сарқа жұмасуға белсене кірісіп кетті.

 Қазақ жазушылары ауылдың сүреңсіз тұрмысын суреттейтін, оның қаладан «артықшылығын» жан сала дәріптейтін, шаруадан шыққан «ұнамды» кейіпкерлері бар шығармаларды төпеп бере бастады. Сюжеті, идеясы, кейіпкерлері де бірі бірінен аумайтын романдар мен повестерінде олар боранда қасқырмен алысқан шопанның, жер жыртып жүрген механизатордың, фермадағы сауыншының, кеңестік белсенділердің, сүйгенiн қырманда кездесуге шақыратын тракторшының, бiр кесек нанды досымен бөлiсетiн интернат тәрбиеленушiсiнiң, қаладағы «қатыгез» әке-шешесiнен ауылдағы «мейiрiмдi» қарттарға қашып бара жатқан жасөспiрiмнiң бейнелерiн ұнамды қаһармандар сапасында сомдап, ауыл оқырмандарын қызықтыруға тырысты. Мектеп бітіре салып, қой бағуға шыққан комсомол мүшесінің өмірі олардың сүйікті сюжетіне айналды.

Алайда, жазушылар мейірімділік, ақкөңілділік, аңқаулық, жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттерді арқалаған ауыл адамының бейнесінің астында тарих көшінен адасып қалған халықтың қараңғылығы мен артта қалуы дәріптеліп жатқанын сезбеді. Барын салып, жарты ғасыр бойы қала өркениетін оқырман алдында жағымсыз қырынан бейнелеудің түбінде елді қандай орға апарып жығатынын аңғармады. Олардың сипаттауынша, қала –  моральдық жағынан азған, мейірімсіз, қатыгез адамдар тұратын, қорқынышты орта. Қалаға бармау керек, барсаң адамшылықтан айырылып қаласың, бойыңдағы ұлттық, отаншылдық сезімдердің бәрі жоғалады.

Бұл тұстағы мәселенің өзектісі ауылшыл авторлардың ойлау стильдерiнiң бiржақтылығында, аймақтық шектеулiлiгiнде, шығармаларының тақырыбында, сомдаған қаһармандарының бейнелерінде ғана емес, бастысы, олар көтерген идеяларында болатын. Олар жазғандарында ауыл өмірін көркемдеп қана қойған жоқ, қазақты ауылдан кетпеуге шақырды, малшылықты дәріптедi, мешеулікті ілтифатпен сипаттады, шығармаларында осы бағытты идеология ретiнде бетке ұстады. Осылай, әдебиеттің ғана емес, тұтастай ұлттық мәдениеттің нысаналайтын идеясы ауыл болып, күллі қазақтың миына сіңіп, санасына бекіп алды. Ауылдың «артықшылығын» пәш етудi дiттеудiң астарында индустриялы қоғамға сірескен, мағынасыз қарсылық жатты. Көркем әдебиетте «ауыл ауруы» немесе «ауылшылдық» деген үрдiс осылай қалыптасты. Бұл жылдары көркем әдебиет арқылы ауылды дәріптеп, әлеуметтің түбінен шыққан «ұнамды» қаһармандарын сомдауда С.Жүнісов, Б.Нұржекеев, Б.Бодаубаев, Б.Мұқаев, Т.Нұрмағамбетов, Қ.Түменбаев, Ә.Сараев, Д.Әшімханов, тағы басқалар ерекше белсенділік көрсетті (қараңыз: Қ.Жүкешев. Қалаға неге қырын қараймыз? Қазақ әдебиеті, 13.01.1984; Ауылшылдықты асқындырмайық. Жұлдыз, № 9.1988; Әлеуметтiк-психологиялық бейiмделу және образ шынайылығы // Уақыт және қаламгер, А.: Жазушы, 1990, 107-124 б.б.).

 

* * *

Көркем әдебиетте қазақты ауылда тұрақтандыру идеясын бұқараның санасына сіңіруді қазақ жазушылары негiзiнен үш әдеби тәсiлмен:

а) салыстырмалы ассоциация;

ә) тiкелей үгiт;

б) ауылды идеалдау әдiстерiмен жүзеге асырды.

Салыстырмалы ассоциация әдiсi бойынша ауыл мен қала қарама-қарсы алынып, ауылдың жағымды жақтары мен ауыл адамының ұнамды қылықтары қаланың көлеңкелiтұстарымен, қала адамдарының кемшiлiктерiмен қатар ұсынылады. Қала адамдарының «екіжүзділігі», «қатыгездігі», «сұмпайылығы» ауыл адамдарының «адалдығының», «ізгіліктілігінің» астарында әшкереленеді. Қаланың «буырқанған», «қатулы» өмірі ауылдың «ертегідегідей мамыражай» тіршілігінің фонында салыстыра сипатталады.

Екiншi тәсiл бойынша ауыл тура үгiттеледi, қалаға кетiп қалған жасты ауылға шақыру немесе туған ауылдан кетпеу керек екендiгiн автор  арсеналындағы троптар мен гиперболаларды жеріне жете пайдалана отырып, көркемдік шеберлікпен нәсихаттайды.

Ауылды идеалдау тәсiлi бойынша ауыл мен қала қатар алынып қарастырылмайды және кетіп қалғандарға «ауылға келiңдер», «қалаға жоламаңдар»  деген ашық нәсихат та жүргiзiлмейдi. Ауыл өмiрi мен тұрмысы ғана алынып, оның салттары мен дәстүрлері көңілге қонымды, жүрекке жылы тиетіндей, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнағандай суреттелдi.

В.Г.Белинский «1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас» деген жыл әдебиетін қорытындылаған  мақаласында  сол  кезеңнің өнерінің «аянышты күйі» туралы қынжыла баяндай  отырып, «бұл өнер айналасында қайнап жатқан өмірді көрмегендей, барлық тіршілік  атаулыға, заманауиға, шындыққа мойын бұрмай, көзін жұмып алып, шабытты келмеске кеткен өткеннен іздейді, содан адамдар баяғыда суынып кеткен, ешкімді қызықтырмайтын, жылытпайтын, іңкәрлік сезімін оятпайтын дайын идеалдарды теріп алады» [Белинский В.Г. Взгляд на русскую литературу 1847 года // ПСС. Т. 10. М.: Издательство академии наук СССР, 1956. 311-б.] деп жазған еді. Тарихи аналогия бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы орыс әдебиетіндегі ахуалдың XX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдебиетінде қайталанып отырғанын осылай алға тартады. Қазақ өнерінің күйін анықтап беретін бұдан артық объективті сипаттаманы іздеп жатудың қажеті жоқ. 

Ауылшылдық бағытты бекем ұстанған, оны сүйікті тақырыбына айналдырып алған жазушылардың кейбір уәждері көңіл аударарлықтай. Ауыл және ауыл адамдары туралы бұған дейін айтылып жүрген географиялық тезистерін қайталай келіп, жазушы Ә.Сараев, ауылдың ауасының таза болатынын қайталап ашып, көне ауылды аңсауын алға жайып, онда қоржын үй мен там салу қажеттігі туралы ұсынысын айтты. Бұған қосымша, ол былай деді: жұртымыздың тарихын, әдебиетін, өнерін, ғылымын – барлық рухани байлығын жасаған ауылдан шыққан түлектер болыпты, халқымыздың ел бастаған қайратты ұлдары, қоғам қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырлары да осы ауылдан шығыпты… Табиғатпен етене ауыл өз перзенттеріне ізгілік, адамгершілік қасиеттерімен бірге қабілет, талант дегенді де молынан сыйлаған…» (Қазақ әдебиеті, 16.11.1984).   

Осы жерде ақиқат пен абсурдтың қосақтала өріліп кеткені сондай, енді бұлардың аражігін ажыратып алуға тура келеді. Осы екі философиялық ұғымның арасында қандай айырма бар? Сұрақ қаншалықты терең болғанымен, оның жауабы бетте қалқып тұр. Өйткені, даналық әр қашанда қарапайым болады. Ақиқаттан кейін сұрақ тумайды, бәрі бәріне түсінікті болып, орнына келе қалады. Ал абсурдтан кейін, оны естіген адамның ойына жүз сұрақ ұялайды және ол сұрақтардың жауабын табу да оңайға соқпайды. Абсурдтың абсурдтылығын дәлелдеудің қажеті жоқ. Тек абсурдтың авторына сұрақ қою арқылы түпкілікті мағынаның жоқтығына көз жеткізу тиімді.

Егер жазушы Ә.Сараевтың айтқандары ақиқат болса, онда мына сұрақтардың жауабын табу қиынға соқпаса керек. Сұрақтар мыналар: «ауылдан шыққан» дегенді қалай түсінуге болады, ауылды елді мекендерде дүниеге келіп, сонда тұрып, өмір сүріп жатқандарды ма? Ауылда туып, кейін кетіп қалғандарды қай санатқа қосамыз? Қоржын үйдің заманауи жәйлі пәтерлерден қандай артықшылығы бар? «Халқымыздың ел бастаған қайраткерлері, ту ұстаған көсемдері мен батырларының бәрі ауылдан шықса», өздері «қайратты» болса, онда олар ауылдық халық қазақтың отарға түсуіне неге жол берді, халық неге қырылды, неге шетке қашты? Қазақстан барланған табиғи байлықтың қоры бойынша дүние жүзінде алтыншы орында тұр. Солай болса да, қазақ неге кедей, неге бар тауқымет қазақтың басына үйірілген? Ауылдан шыққандардың өзгелерге қарағанда «қабілетті және талантты» (дарынды дегісі келгені болар – Қ.Ж.) болатынын қандай әдіснамамен, кім зерттеген, нәтижелерін қайдан табуға, танысуға болады? Ауылдан шыққан дарындылардың дүниежүзілік ғылымға, техникаға, технологияға қосқан үлесі туралы мәліметтерді қайдан тауып, олармен танысуға болады, статистика қайда? Егер қалалықтар қабілет пен дарыннан кемшін болып туатын болса, онда дүние жүзіндегі қалалық елдер артта қалып, ауылда тұрып мал шаруашылығымен айналысатын елдер (қазақ сияқты) неге тасқа шауып, төске өрлеп кетпеген? «Ауылдан ғалым» қалай шығады? Ауылдың өзінің университеттері мен академиялары бар ма? Ауыл кітаптарды, монографияларды қай баспадан шығарып жатыр? «Ауылдан шыққан түлектер жасаған рухани байлықтың» тұтастай тығырыққа тіреліп отырғанын, тілдің теориялық мәселелерінің бірде бірін шешіп бере алмағанын немен түсіндіруге болады?..

 

ОРЫС ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «ДЕРЕВЕНСКАЯ БОЛЕЗНЬ» 

Ол кезде орыс тілін меңгере қоймаған қазақ жазушыларының одақтық мәдениеттің ұланғайыр кеңістігінде не болып жатқанынан мағлұматтары тапшы болатын. Кеңес әдебиетінде болып жатқан құбылыстар мен үдерістерден хабарсыздығын өзі әшкерелеп бергендердің бірі сыншы Б.Сарбалаев болды. Ол сұрақты былай қойды: «Орыстарда неге қалаға қарсылық мәселесі қозғалмайды? Олар неге қалаға араша түсіп жатпайды?» Іле ол өз сұрақтарына өзі дайын жауабын берді. «Өйткені, - деп түсіндірді қазақ сыншысы, – оларда мұндай толғақты мәселе жоқ. Оларда жоқ болса, бізде бұл алаңсыз жоқ емес пе?» (Қазақ әдебиеті, 10.08.1984.).

Әрине, қазақ сыншысы өзінің ауылындағы киіз үйінің сұлбасындай таным кеңістігімен қала мен деревня арақатынасының орыс әдебиетінде сипатталуының толғақты мәселелерінен хабарсыз болатын. Қала мен деревняны бірін біріне қарсы қоюды алдымен бастаған орыстар екенін, бұл құбылыстың XX ғасырдың екінші жартысында орыс әдебиетінде  «деревенская болезнь» деген атпен көрініс бергенін аталған сыншы білмейтін. «Деревня дертіне» ұрынғандар да орыс «шестидесятниктері» арасынан шықты. 60-70 жылдары бұл бағыт оларда да кең қанат жайды. «Деревенская проза» деген ұғым пайда болды. Бұл ағымның кейбір өкілдері орыс әдебиетіне көркемдік жағынан бірегей туындылар берді. 

Деревняны қызғыштай қорғап, онда тұратын адамдардың адамгершіліктілігі мен арлылығы туралы шығармаларында ғана емес, қойған фильмдерінде де көп өзек еткендердің бірі В.Шукшин еді. Ол Сібірдің тұнық табиғатын, орыс деревнясы адамдарының махаббатын, ар тазалығын, олардың аңқаулығы мен сауатының кемшіндігінен туындап жатқан орашолақ әрекеттерімен қабыстыра, табиғи қалпында, шынайылықпен суреттеді. Деревняны уағыздап, оған қарсы қала өмірінің көлеңкелі тұстарын әшкерелеп, жастарды қалаға кетпеуге шақырған мақалалар жазды. Сондықтан алтайлық қаламгердің шығармаларымен таныс болған қазақ ауылшылдары оны қатты қадірлейтін. Оны бетке ұстап, «ренессанс тұлға» деп, ауыл мен қала туралы сөз болғанда оның кейіпкерлерін үлгі ретінде келтіріп жататын.

Алайда, кейінірек орыс «деревняшылдары» райынан қайтты. Олар деревня тұрғындарының моральдық қасиеттері жағынан қалалықтардан «артықшылығын» уағыздаудың, жастарды деревняда қалуға үгіттеудің, ондағы өмірді идеалдаудың заманауи өркениеттің даму заңдылықтарымен үйлеспейтінін түсінді. Бұған дейін деревняшылдығымен айшықты көзге түсіп жүрген В.Шукшин де бұрын ұстанған бағытын өзгертіп, «...село мәдениеті қалада жасалады. Түптеп келгенде, село мәдениеті деген мүлдем болмайды» [Шукшин В. Вопросы самому себе // Собрание сочинений в трех томах. Т.3. М.: «Молодая гвардия», 1985. 583-б.] деп, деревняда мәдениет болмайтынын мойындаған мақаласын жазды. Ал соңғы сұхбаттарының бірінде ол «Алғашында мен крестянды деревняда ұстап қалуға әрекеттендім. Осы тақырыпқа мақалалар жазуға, үндеу салуға батылым барды. Артынан бұл қылығымның келеңсіздігін түсіндім» деп ағынан жарылған болатын.

80-жылдары орыс әдеби басылымдарында деревняшыл бағыттардың ақылға сиымсыздығын әшкерелеген, өткір пікірлер молынан жариялана бастады. Солардың бірі жазушы Георгий Семенов қала мен деревняның арақатынасы хақында былай деп жазды: «Мен деревняны да, қаланы да бірдей назар сала, қызыға жазамын. Мен «қазіргі заманның адамгершілік тірегі – деревня, бәрі наннан бастау алады, ал нан – деревняда» дегенді естігенде таң қаламын. Және мен, егіншінің алдында басымды ие отырып, неге біз адамгершілікті таза географиялық ұғымға таңатынымыздың мағынасына жете алмаймын?» (Семенов Г. Живые картины // Литературная газета, № 36, 1985). 

Өткен ғасырдың 90-жылдарына қараған шақта деревняшылдық ағым ретінде орыс әдебиетінің аспанынан сейілген тұманша көзден ғайып болды.

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢНІҢ ӘДЕБИЕТІ 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде де қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің ұстанған тақырыбы мен мазмұны өзгере қоймады, сол бұрынғыша, шектеулі, ауыл адамдарынан өзгелерге түсініксіз, индустриялы қоғамға кірікпейтiн, ауылдан тыс жерлерге таралмайтын күйiнде қала бердi.

2001 әдеби жыл қорытындысында романдар туралы жасаған баяндамасында Ж. Дәдебаев былай талдау жасады: «жарық көрген романдарды тақырыптық-жанрлық белгілеріне қарай екіге бөліп топтастыруға болады: а) тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар; ә) әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпқа жазылған шығармалар»... (Дәдебаев Ж. Айтылар сөз әлі алда // Қазақ әдебиеті, 11.04.2003.)  Солардың ішінде баяндамашы 4 романда адам мен аңның тіршілігі өзара байланыста суреттелетінін атап өтеді.

Баяндамашының Т.Әлжантегінің «Қым-қиғаш тіршілік» романы туралы ілтифатты пікірі тоқталып өтуге тұрарлық. Өйткені, бұл шығарма тағы сол, қала адамы мен ауыл адамын қатар ала отырып, олардың алдыңғысын жексұрын, соңғысын сүйкімді етіп көрсететін салыстырмалы ассоциация әдісімен жазылған.

Баяндамашының  түйіндеуінше: автор «әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік сипаттағы мәселелерді көтерген... Қаладағы үлкен баласының тірлігіне, ісіне ауру әкенің көңілі толмайды. Оны өзінің жаназасына шақырылатын ет жақындарының тізіміне қоспайды.... Бір әке, бір анадан туған екі баланың екі түрлі ісі, екі түрлі қылығы, ауылдағы ұлдың жөнге, жүйеге жүйріктігі, кісілігі, қаладағы ұлдың жаттығы, бөтендігі секілді жайлар оқиға желісін түзеді» (сонда).

Бұл жерде өткен ғасырдың ортасынан бастап қазақ жазушыларының талайының шығармасына өзек болған, үнемі қайталанатын, сонысымен көзқарақты оқырманның ызасын келтіретін, таптаурын сюжетпен тағы ұшырасамыз.

Қазақты аймақтандыру идеясынан әлі бас тартпай келе жатудың келесі бір мысалдарын поэзиялық шығармалардан келтірейік:

 «Кедейленген көңілге ем бола ма,

Кеткім келіп тұрады кең далаға.

Көшіп алған қалаға мен де кеще,..

Қала – менің қатыгез өгей анам...» (И. Сапарбай. Барамыз еркек кіндік езге айналып. «Жас Алаш» 2014).

«Бет ауған жаққа шықтым да,

Қаладан  қаштым мен зеңіп,..»  (Я. Амандықов. Сақ атаның шаңырағын шайқалтпай. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014.).

«Пойыздайын зымырап бара жатқан,

Қашып барам далаға қала жақтан,...» (Т.Тұяқбаев. Жұлдыздардың жанарын жасауратып. «Қазақ әдебиеті». 19.09.2014. 

Бұл нені көрсетеді?

Бұл Кеңес үкіметінің қазақты қалаға келтірмеу туралы нұсқауының күші жойылса да, қазақ    жазушыларының  сол, баяғыша, антиурбанизациялық бағыттан айырылмай, ауылды нысаналаудан  көз жазбай келе жатқанын көрсетеді. Әдебиеттегі жағдай да қаз қалпында, идея да, әдіс те, сюжет те орнында екенін айғақтайды.

Әрине, әдебиет кеңістігінде тіршілік тоқтап қалған жоқ. Барлық жанрларда бірдеңелер жазылып жатыр. Белгілі бір мазмұндық құндылық арқалаған, өзінше көркемдік бұлтарыстары мен иірімдері бар шығармалар да ұшырасады.  Олар аздаған тиражбен таратылып жатыр. Қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен кемістігі – қоғам тынысын аңғартатын, көпшілікті елеңдететін, мазмұнымен, көркемдігімен түрлі пікірлердің таралуына, талқылауға өзек бола алатын, бұқара арасында жанды қыбыр – мимесис тудыратын шығарманың жетіспеуінде.

Бұл ретте белгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің соңғы жылдары жарық көрген шығармаларын атап өту керек. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға өткір сыншыл тұрғы ұстанатын, адуынды ойлар айта білетін автордың «Мен», «Жармақ» романдары терең саяси-философиялық астары бар толғауларға толы, зиялы өкілінің іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.

 

* * *

Алдымен ұлттың бір бөлігінің басқа тілге ауысып кетуі, сонан кейін қайта құру мен жариялылықтың жариялануы, ақыры, ширек ғасырға созылған қазақ тілінің төңірегіндегі дискурс ұлттық мәдениеттің, білім берудің, ғылымның күйін айқындап, мәселелерін шешіп бере алмады. Зиялы қауым «алтын балықты» қойып, «сұр балықты» да аулай алмай, сол жыртық астаудың қасында қалып отыр. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әкімшілік ресурсты жұмсай отырып, тілді, мәдениетті жетілдіру саясатын жүргізу мүмкіндігіне ие болудың да шарапаты тие қоймады. Мол мүмкіндік жағдайында ширек ғасыр бойы тер төккеннен кейінгі жеткен жеріміз  тағы сол старттық межеден ұзай алмау болып отыр. Бұдан бір қатар алаңдататын сұрақтар туындайды.

Қазақ әдебиетін таяудағы онжылдықтарда не күтіп тұр? Долбар көңіл жұбатарлық емес. Мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің тоқырауы туралы әркім айтады. Бірақ көбі отбасында, іштей сыбырлап айтады. Ашық айтудан қаймығады. Өйткені олар еркін адамдар емес. Ойындағысын айта алмағанына іштей қынжылмай-ақ, үндемей жүре береді.

 Дегенмен, соңғы уақыттарда кейбір танымал қайраткерлердің қобалжуын ашық білдіре бастағандары көңілге медеу ұялатады. Өйткені, сөз іске ұласар деген үміт туады. Олардың кейбіреулерінің пікірлері мынадый:

«Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын... Қазіргі жазушыларда табиғатына қонған интеллект жоқ» (Ысқақ Қ. 2011 әдеби жыл қорытындысы. Қазақ әдебиеті. 25-31. 05. 2012 ж.). 

«Сұрғылт белдеуге келіп тірелдік (көркем әдебиетте – Қ.Ж.). Мемлекеттік сыйлыққа татитын ешкім де, еш шығарма да жоқ. Обскурация фазасы төніп тұр» (Г.Бельгер. Плетение чепухи. Из 21-й тетради).

«1991 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралықта әдеби процесс тоқтап тұр... Поэзияда жаңалық жоқ. Нәтижесінде әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз» (Е. Раушанов. Өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым // Общественная позиция. 25.06.2015. Сілтеме:http://kitap.kz).

 

* * *

Тәуелсіз зерттеулердің қорытындылары бойынша, қазақ тілінің қазіргі аномал қолданылу жағдайы көркем әдебиеттің інжуы мен маржандарын ғана емес, әдеби журналдарды толтыруға пайдаланатын, орта қол романдар жазуға мүмкіндік бермейді. Әзірше, салыстырмалы түрде, қалам ұстай біледі, қазақша мәтін жаза алады деген санатқа қосуға болатын, қазақ тілі аномалды белдеуге толық кірмей тұрғанда тілі шыққан, көзі тірі жазушылар – 55-60 жас шамасындағы және одан егделер, «аққу зарын» айтып болғанша, қазақ көркем әдебиеті кеңістігінде бір шама дискурстар жалғаса тұрады. Аталған санаттағы жазушылардың соңғы шығармалары тұтастай қазақ әдебиетінің де «аққу зары» болып шығуы мүмкін. Одан кейін, белгілі бір уақыт шамасында, бұл тілде бай жазушылардың (тілі мен елестетуі жағынан емес, сөздің тура мағынасында), иллюстрациясының өзі көлемнің жартысын алатын, мерейлік-өмірбаяндық «романдар» ғана жазылатын болады. Одан кейін, қазір ешкім сипаттап бере алмайтын уақыт келеді. Егер...

Бұл – осы зерттеулердің авторының немесе әлдебір мүдделі топтың қиялынан немесе олардың эмоциясының жетегіне ілесуден туған, асығыс синопсис емес. Қазіргі қазақ тілінің өмір сүру ареалын, сөздік қорын, қолданылу практикасын – тілдің идея тудырушы және репрезентациялаушы қабілетін бажайлай отырып шығарылған қорытынды.

Г.Тардтың тұжырымдауынша «тіл идеялардың әлеуметтік кеңістігін көрсете алуы керек» [Тард Г. Социальная логика. С-Пб. 1996. С. 130]. Ю.Хабермас бәрі «тілдің репрезентациялаушы қызметіне тәуелді» [Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. М.: «Весь мир». 2003. С. 268] екенін ескертеді. Әлемдік лингвистика ғылымында осы бағыттар жеткілікті зерттелген және осыларға үндес тұжырымдар айтқан данышпандар аз емес. Соларға иек арта отырып, ұлттық мәдениеттің, соның ішінде әдебиеттің қазіргі күйін – қазақ тілінің ой тудырушы, идея көтеруші және оларды репрезентациялау қабілетінің мүлдем әлсірегенінің салдары деп түсіндіруге болады.

Біздің зиялы қауымға белгілі бір кеңестер айтпастан бұрын, өзге жанрлардағы жағдайды саралай келіп, әдебиет пен мәдениеттің төңірегінде көрініс беріп отырған констелляцияға ғылыми дәйекті, квалификациялы баға беріп алу керек.

 

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ТОҚЫРАУЫ 

Ұлттың рухани кеңістігінде қалыптасқан ахуалды қалай бағалау керек?

Тіл мен мәдениеттің тоқырауының үнемі шиеленісіп бара жатуын немен түсіндіруге болады?

Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің мәні мен сипатын шектеулі мәдениет және декаданс деп аталатын категорияларға сүйене отырып, толық көз алдыға келтіруге болады.

Шектеулi мәдениет – субкультура (лат. sub – астында, жанында, шетте) ұғымы шетте, белгілі бір әлеуметтік топтың арасында ғана таралатын, тұйықталған мәдениет дегенді білдіретiнi белгiлi. Субкультураның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың бастылары мыналар:

біріншіден, субкультура – қоғамның құрамына енетiн белгілі бір топтың мәдениеті болғандықтан, қоғам мүшелерінің бәрі оны қабылдамайды. Мысалы ол топ – жастар болуы мүмкін. Мұндайды білдіру үшін жастардың шектеулі мәдениеті (молодежная субкультура) деген термин қолданылады. Субкультураны кейде ұлттың бір бөлігі немесе халықтың құрамындағы бiр этнос, кейде орналасуына қарай бөлінген топ жасауы мүмкiн.

Екіншіден, көпшiлiк жағдайда субкультураның ұстанған идеясы тұтас қоғам немесе жалпы адамзат қабылдаған құндылықтармен үйлеспейді, топтың ындыны ретінде көрініс береді. Сондықтан субкультура шығармаларының тақырыбы шектеулі, оны жасап отырғандардың өздеріне түсінікті болғанымен, өзгелерге түсініксіз, сонысымен өзге мәдениеттермен байланыссыз, олармен кірікпейді, байымайды, өзге жұрттарға таралмайды.

Үшіншіден, субкультураны арналған топтың арасынан шыққан, дарынды, бірақ жүйелі білімі жоқ (жоғары білімнің дипломы болса да), Дж. Локтың сөзімен айтқанда «өңделмеген алмастар» жасайды.

Ағылшын философының келтіруінше «өңделмеген алмасқа ешкім қанағаттанбайды, айналасына жағымды әсер қалдырғысы келген адам оны сол күйінде тағып жүрмейді. Ол тек жонылып, кемертыс киігізілгенде ғана жарқырайды. Сапа жақсы болса маңыз аларлық жан байлығын құрайды. Тек ізгі тәрбиелілік қана оған кемертыс ретінде қызмет ете алады» [Джон Локк. Мысли о воспитании // Соч. Т. 3. М.: Мысль, 1985. 484-б.].

Қазақ  арасында  «өңделмеген  алмас» ұғымын дәл беретін “кесек алтын” («золотой самородок») тіркесі қолданылады. Олар – топқа менталитетi мен дүниетанымы үйлесетiн, топ мүддесін түсінетін, талғамын білетін адамдар. Бірақ дүниетанымы тар, адамдармен жүздесу мәдениеті және интеллект деңгейі төмендігінен олар бұқараны ілестірiп, жалпыадамзаттық өркениетке қоса алмайды, өздері бұқараның соңынан ілеседі. Бұқара алып жүрген идеяларды, құндылықтарды шығармасына тиек етедi, көпшіліктің көкейіндегісін жырлайды, оның қарадүрсiн өмiрi мен тұрмысын сипаттайды, сонысымен топқа жағады.

Төртіншіден, субкультура өзінің өмір сүретін ареалында қолданылатын жұтаң лингвемамен жасалады. Сөздік  қорының шамасына лайық тілі жететін тақырыптарды ғана қозғай алады. Ауыл субкультурасы өкілдері қала, өндіріс, ғылым, саясат тақырыптарына шығарма жаза алмайды.

Бесіншіден, субкультура туындылары көркемдік жағынан солғын, қарадүрсіндігі басым болады, таптаурындарға жол береді, мәдениеттен гөрі ермекке жақын болады, топтың эмоциясын ғана күйіттейтiндiктен рухани азық бермейді, уақыт өткізіп, көңіл көтеруге көбірек бағышталады.

Белгілі  жазушы, әдебиетші Г.Бельгердің түсіндіруі бойынша, қазақ субкультура­сына ұқсас құбылысқа қатысты «неміс әдебиетінде аймақтағы өмірді шектей суреттеу ұғымын беретін «Heimatdichtung» деген термин бұрыннан қолданылады. Мұндайда дүниені сезінудің қамалған нұсқасы алға тартылады. Қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың көпшілігі осы «Heimatdichtung» стилінде жазылған. Демек, оларда өмір ауыл маңындағы күлтөбенің биігінен ғана көрініс табады. Тамаша, айқын, түсінікті, бірақ, географиялық, тарихи, психологиялық тұрғылардан қарағанда тұйықта қамалып жатыр. Тұсалудың кібіртіктеудің, омалудың бәрі осыдан туындап отыр» [Г. Бельгер. Плетенье чепухи. Из 24 - тетради].

Субкультураның классикалық мәдениетпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, қоғамның субаймақтарында пайда болып, өмір сүріп, өліп жатады. Субкультура – мәдениеттегі тоқыраудың меңдегенінің, тұралап қалудың, декаданстықтың көрінісі.  

 

* * *

Егер субкультура рухани әлемді еңсеріп тұрса, оның туындыларын тұрғындардың басым көпшілігі пайдаланып жатса, онда бұл құбылыс сол елдің мәдениетіне декаданстың төніп келе жатқанын айғақтайды. Тиісінше, мәдениеттегі дакаданс субкультураның пайда болуына және оның бұқаралық сананы иектеп алуына жол беріп отырған ұлттың өзін де көрге сүйрейді.

 Декаданс – қоқынышты сөз, әсіресе кемшілігін мойындағысы келмейтін біздің халқымыз үшін. Бұрынғының қазақтары «ауруын жасырғанның өлетінін» білген. Қазіргінің қазақтары кемшіліктер туралы объективті ақпараттан гөрі, жалған жетістіктер туралы, құлағына жағатын, қызыл сөзді тыңдай бергісі келеді. Сонда жаны жай табады. Қазаққа «біз бүкіл планетаның алдында, алып адыммен, бәрінен өза шауып, зымырап барамыз. Мәдениетіміз гүлденіп кетті» десең ұнайсың. Солай болса да, алдан күтіп тұрған аяусыз анафеманы сезе тұра, «біздің корольдікте бәрі ретті болмай тұр» дегенді дауыс шығара айтуға тура келеді.

Қазақ тілі  қазақтілді ауылда сақталады деген теорияның өзі қате. Бәрі керісінше, ауыл тілдің аномалиялық қолданылуы «практикасын» көрсетіп берді, сонысымен, оны үйрене де, өзгеге үйрете де алмайтындай табанға түсірді. Біз ауылда шектеліп қалғандықтан индустриялы қоғам талабына сай дами алмаған қазақ тілін ресми қолданысқа жарата алмай жүрміз.

Шынтуайттап келгенде, мемлекеттік тiлдiң де барлық қиындықтары оның «әлеуметтiк тiрегi» ауыл болуынан туындап отыр. Қазақ тілінің индустриялы өмірден аулақта қалуы дегенді, оның да, екінші сөзбен айтқанда, тарихтан, мәдениеттен тысқары қалуы деп түсіну керек. Субаумақта ғана таралған тілде келешек болмайды. Тiлді аграрлық уклад қойнауынан суырып алып, қала индустриясына алып келгенде ғана, демек, тіл «қалалық» болғанда ғана қалыпты даму жолына түседі, өзiнiң келешегiн жасай алады. Түптеп келгенде, тілдің тоқырауы – құбылыс, ауыл – себеп, мәдениеттің тоқырауы – салдар.

Тағы да сол, «ауыл мәдениетін көтереміз» деп тыраштану да – далбасалық. Өйткені «ауыл мәдениеті» деген ұғым жоқ, мәдениет қалада жасалады, ауыл оның жетістігін құлықсыз қабылдайды, еріксіз пайдаланады. Қазақ жазушылары «ауыл мәдениетін көтерумен» үнемі айналысып келеді. Өткен ғасырда марқұм О.Бөкеевтің таралымы көп газеттердің бірінен тұрақты айдар ашып, талайды «ауыл мәдениетін» көтеруге жұмылдырмақ әрекеттерін жасағаны бар. Қазір де әр тұстан осыған бағытталған шараларға топтасулар көрініс беріп отырады. Бірақ еш нәтиже шығып көрген емес, шықпайды да.

Қоғамның даму үдерісіндегі қаланың рөлі Батыс философиясында аз көтерілген жоқ. Танымал Батыс ойшылдарының бірі М.Вебер «мәдениет атаулының бәрі өзінің мәні жағынан алдымен қалалық болады, саяси өмірді құратыны сияқты, өнердің де, әдебиеттің де тасушысы қала болып табылады» [Вебер М. Социальные причины падения античной культуры // Избранное: Образ общества: М.: Юрист, 1994. – 449-б.] деп жазған болатын. Демек, мәдениет тек қалада жасалады. Онда ауыл мәдениеті деген ұғым санада шөлдегі айсберг деген сияқты із қалдырады.

Бұл дискурстың әлеуметтік-психологиялық астары бар. Ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылар мәдениеттің тек қалада жасалатынын, «ауыл мәдениеті» деген тіркесте мағына жоқ екенін мойындағысы келмейді. Бұл тезиске қарсы уәж айтуға тағы дәрмендері жоқ, оған алға тартар аргуметтері мен келтірер айғақтары жетпейді. Ауыл мәдениетін көтеру жолдарын көрсетіп бере алмайды? Өйткені, ондай жол жоқ. Кейбіреулері мұны түсінеді, бірақ ауылын жамандыққа қия алмай, еріксіз конформистік психологияға бой алдырып, көпшілік жағына шығып отырады. Оларға ауыл мәдениетін көтерушілердің қатарында екендігін көрсетіп жүре беру ыңғайлы. Түптеп келгенде, ауыл мәдениетін көтеруді жақтаушылардың ешқайсысы қаладан кетпейді, ауылдың өзіне барып, оның мәдениетін көтерумен белсенді айналысуға өз еркімен ешкім адым баспайды.

Рухани дамудың әмбебап заңдылықтарының бірі мынау: мәдениеттің күйреуі қоғамның күйреуіне ұласады. Ежелгі Рим империясының басынан өткен үдерістердің мысалымен бұл қағиданы Макс Вебер қолға таяқ ұстатқандай сипаттап берген болатын. Оның түсіндіруінше, «Рим  империясы әлдебір бөгде себептерден – жаулары сан жағынан көп болғандығынан немесе саяси жетекшілерінің қабілетсіздігінен немесе сырттан кездейсоқ келген күшті соққыдан,..  құлаған жоқ... Империяның өзі құлағанынан бұрын Ежелгі Римнің мәдениеті күйреуге ұшырады. III ғасырдың басында Рим әдебиеті үн шығаруын тоқтатқан болатын. Юриспруденция және құқық мектептері күйреді. Грек және латын поэзиясы өлі ұйқыда жатты. Тарих дерліктей өмір сүруін тоқтатты. Тіпті жазулар да мелшиіп қалды. Латын тілі толығымен мешеуленуге жақындап келді» (сонда. 447-б.).

Соңғы  мың  жыл  ішіндегі  адамзаттың  тарихы  мынаны дәлелдеді: халық өркениетке, соның ішінде Батыстың гүлденген демократиялы қоғамдарына қосылғанда алаңсыз даму жолына түседі. Шығыс қайраткерлерінің ішінде алдымен Батыс өркениетіне ден қойған, оны жанымен түсінген, елінің болашағын сонымен байланыстырған және саяси қызметін солай бағыттаған, артына ұлағатты өсиет қалдырып кеткен түрік ұлтының жетекшісі Ататүрік болды. «Біз өркениет салған жолмен жүреміз және соған келеміз. Өркениет – ол күшті от, оны елемеген жанып кетеді, күйрейді. Біз өркениетке қосыламыз және сол үшін мақтанатын боламыз» деген екен ол [Куттыкадам С. Служение нации. А.: ИНЭС-ЦА, 2009. 29-б.]. Осылай Ататүрік Түркияны аграрлық былықтан суырып алып, индустриялы қоғамдар қатарына қосып кетті. Ал, өкінішке орай, мұндай аксиомаға айналып кеткен қағидаларды қазақ жазушылары түсіне алмады, өркениеттен аулақ жүріп, «жанып та, күйіп те» кеткен кездерінен қорытынды шығармады, мыңдаған жыл бойы өркениет алға тартып келе жатқан тәжірибеден сабақ алуды қажет деп таппады.

 

* * *

Субкультураның ерекше кесірлі түрі – контркультура. Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Батыстың буржуазиялық мәдениетіне рухани қарсылық ретінде пайда болған болатын. Көптеген елдерде етек алған бұл рухани қозғалыс Батыс қоғамдарының әлеуметтік құндылықтарынан, моральдық-адамгершілік идеяларынан, стандарттарынан, өмір бейнесінен, бас тарту, олардың респектабельділігіне, материалдық игіліктеріне, жәдігөйлігіне, эгоизміне, қарсылық формаларында көрініс берді. Бір жағынан, пуристік моральді, еңбекті әспеттеп, есірткішілікке, ұжымдық оргияға қарсы бағытталған әрекеттер жасағанымен, тұтастай қарастырғанда, контркультурашылдар адамзаттың маңызды жетістіктерін объективті бағалай алмады, әлеуметттік шынайылықтан шығып кетті. Сонысымен, эфемерлі көрініс деңгейінде, тарихта із қалдырмай, жойылып кетіп отырды. Контркультуралық бағытты белсенді ұстанып аренаға шыққандардың өздері кейіннен заманауи өркениетке қосылып, сіңіп кетіп отырды. Оларды өздерінің ұрпақтары да қолдамады.

Отарлық жүйенің пайда болуы мен халықтардың езгіге тап болу айғағын Кеңестік идеологтар Шығыс елдерін Батысқа айдап салатын идеологиялық қару ретінде пайдаланғаны белгілі. Өткен ғасырларда отар елдерде контркультуралық бағыттардың пайда болуы мен жайылуы осымен түсіндіріледі.

Ал қазақ контркультурасының негізіне осыған ұқсас, бірақ бұдан өзгеше құбылыс әсер етті. Қазақ мәдениетіндегі контркультуралық идеялар кезінде Қазақстан Кеңес Одағының қарамағында болғанда көрініс бере бастаған болатын. Қазір сол үрдіс жалғасып келеді. Батыстың алпауыт елдерінің Қазақстанды отарламағаны белгілі. Солай болса да, қазақ мәдениетінде контркультуралық бағыт белең алып, үнемі өршіп отырды. Оның себебі Кеңестің Батысқа қарсы идеологиялық соғысының салдарымен, қазақтардың  Кеңес коммунистерінің соңынан көзсіз ілесуімен түсіндіріледі.

Қазақ мәдениет туындыларына сіңісті болып келген контркультуралық идеялар қазір де бұқараның санасын ылайлауын, халықты Батыстың озық қоғамдарына өшіктіріп қоюын жалғастырып келеді. Мәдениет қайраткерлерінің саяси философиялық бағдарларының терістігінен, тарихи сананың сүртіліп тасталуынан, олар ұлтты оңға бастамайтын туындыларын жариялауды жалғастырып келеді.

Қазақ контркультурасы рухани кеңістікте екі бағытта жүзеге асырылуда:

а) кеңестік идеология тұрғысынан Батыстың мәдениеттеріне қарсы;

б) ауылшыл патриотизм тұрғысынан қала мәдениетіне қарсы.

 

* * *

Шын құлшынған адамның шеберлігінде шек болмайды. Қазақ алпысыншыжылдық­тары да діттегенін оқырманның санасына жеткізу үшін небір ұтымды тәсілдерді ойлап табудан кенде қалмады. Кейбір қаламгерлер шығармашылық қуаты мен дарынын өздерінің контркультурологиялық идеяларын нәсихаттауға – қаланы ғайбаттауға ғана емес, бүкіл адамзат өркениетін құбыжық ретінде сипаттауға бағыштады және жетістіксіз болмады.

Антиөркениеттік, контркультурологиялық идеяларды көтерудің мысалы жазушы Т.Әбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» деген жазушылар арасында жақсы аталған повесінде айшықты көрініс берді. «Амазонканы тозаққа айналдырған... кәдімгі  цивилизация мен мәдениет апармақ болған «ақ ниетті» адамдар» деп көрсетті ол аталған шығармасындағы ұнамды кейіпкерінің аузымен [Әбдіков Т. Тозақ оттары жымыңдайды // ТШ. А.: Жазушы, 1991. 371-б.]. Автордың мұндағы тозақ оттары деп отырғаны «ақ адамдардың мекен-тұрағынан қаз-қатар жылтыраған ғажайып оттар. Ерекше сәулелі, сиқыр оттар» (сонда: 386-б.), демек, өркениетті елдер тұратын қалалардың шамшырақтары.

Автор астарлы экспликациясымен оқырманын дилеммаға әкеліп тірейді:  өркениетті қоғамның азаматы болу керек пе, әлде, өркениетке дейінгі дәуірде өмір сүріп жатқан ерікті хомо сапиенстің өкілі болып қала берген жөн бе?  Өркениет – тозақ, ол халықтарды, елдерді жұтады. Өркениетке қосылмай, табиғат аясында, алғашқы қауымдық құрылыста, өзгеріссіз қала беру адамдардың бір қалыпты, мамыражай өмірін жалғастыра беруін қамтамасыз етеді. Әрине, бұл тұста автор оқырмандарының екінші жолды қалағаны жөн екендігін емеурінмен білдіреді. 

Қазақ  жазушылары әскери техникаға, от қаруға, мұхит транспортына ертерек қол жеткізген  жұрттардың қауымдық құрылыста немесе аграрлық уклад жағдайында өмір сүріп жатқан тайпалар мен халықтарды басып алғанын, қырғанын, езгенін еңірей сипаттауға үйірсек. Осы айғақпен олардың жауыздығын әшкерелеп, оқырманын олардан теріс айналдырмақ болды. Ұзаққа созылған тарихи үдерістен расында да болған бір оқиғаны – испандықтардың Амазонкадағы бір тайпа елді қырғынға ұшыратқанын бөліп алып, «өркениет – тозақ» деген қорытындыны шығарады. Осы бір мысалдан алынған түйіннің құйрығынан ұстап алып, қазақты тұтас өркениетке қарсы айдап салмақ болады.

Зиялы қауым адамзат өркениетінде орын алған, бір халықтың екіншісін басып алу айғақтарының астындағы тарихи мағынаны тұтастай көре алмады. Шамасы жетіп тұрса, тарихта кез келген күшті халықтың әлсізді еңіретуінің үрдістілігін; соның ішінде өз бабаларының да айдарынан жел есіп тұрғанда талайды еңіреткенін; Шығыс жиһангерлерінің де басып алған жұрттарына мейірімді бола қоймағанын ескермеді. Батыстың басқыншы халықтарының келесі ұрпақтарының құлдық пен нәсілшілдік сияқты антиадами құбылыстарды жойғанын,  дүниежүзілік отарлық жүйені ыдыратқан да солар – Батыс өркениеттері екенін, өз халқының да тәуелсіздікті солардың – кезінде «тозақ оттарын жаққандардың» ұрпақтарының көмегімен алғанын ұмытып, аталған повестің авторы қазақты оларға мейілінше өшіктірмек ниетін көркемдік шеберлікпен жеткізуге тырысып бақты. Тарихи оқиғаларды зерделі саралап алмай, құбылысты тұтастай көз алдыға келтіре алмай, оның мәнін терең түсініп алмай, ақыры, одан өзімізге келер-кетерді бажайлап алмай, оның бір элеметінен үстірт қорытынды шығарып, ұрпақты прогреске қарсы айдап салуға болмайтын еді.

 

ҚАЗАҚ ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ АЯҚАЛЫСЫ 

Қазақ драматургтерi кезiнде «алыптар тобы» аталған, классикалық әдебиеттiң негiзiн салған қайраткерлер үлгiлерiн жасап берген фольклорлық шығармаларды инсценировкалау тәжiрибесiн одан ары спецификалық драма тудыруға ұластыра алмады, драма үлгiлерiн жасаудан өткен ғасырлардағы Шекспир мен Мольердiң деңгейiне жете алмады. Олар дәстүр бойынша, сол бұрынғыша,  салыстырмалы тәуiр романдар мен повестердi – Ә. Нұрпейiсовтың «Қан мен тер» романы, Ш. Айтматовтың «Құс жолы», «Жәмила» повестері, тағы сол қатардағы шығармаларды инсценировкалаудан ары дамыта алмады. Пьесаларында iшiнара эксперимент деңгейiндегi драматургияға ұқсас қақтығыстар ұшырасқанымен, олар нағыз драматургияның спецификалық ерекшелiктерi мен тәсiлдерiн меңгермедi. Кәсіпқой театрлардың өздерінде әрекетінен сөзі көп, айбындылығынан мұңы көп бас кейіпкерлері бар, жылауық сентиментализм сарынындағы спектакльдер басым түсіп жатты. Ұлттық театрдың жеткен шыңы осы ғана болды. Репертуар тапшылығынан академиялық атқа ие болған театрлардың өздері аудандық өнерпаздар ұжымдары деңгейінде қалып қойды.

Шынайылығында, қазақ театрлары режиссерлерінің қоржынына түсіп жатқан пьесалар аз емес. Олардың арасынан сирек болса да, Т.Ахтановтың «Ант», 
Қ. Ысқақовтың «Қазақтар» сияқты бірсыдырғы, тәуір тарихи драмалар ұшырасатын. Д.Исабековтың замандастар бейнелерін жасаған кейбір пьесалары шет елдерде қойылды. Қазақ театрлары болымсыз жетістігін солармен астастырады. Бірақ бұлар сияқты салыстырмалы тәуір пьесалар Қазақстан театрларын репертуармен қамтамасыз етуге аздық етті.

Қазақ театрлары Орталық Азияда, өзге Шығыс елдерінің театрлары арасында өткен конкурстарда алдыңғы лектен көрініп жүрді. Бірақ, бұл көңіл жұбатудан басқа пайдасы жоқ «жетістік» болып шықты. Арттағыдан озғанға мақтанар дәнеңе жоқ, әрине. Шығыс елдерінің, солардың ішінде мәдениеттен кенже қалып отырған елдердің жетістігі нысанаға алатын эталон бола алмайды. Еуропа театрларымен иық тіресуге ұмтылу болған жоқ.

Заманауи қазақ театрлары мемлекеттің тағдырына қатысты, ұлттың, тілдің, мәдениеттің  қордаланып қалған мәселелерін қопара, қотара қозғайтын, әлеуметтік-саяси драмалар қоюға бетбұрыс жасай алмады.  Драмаға арқау болуға сұранып тұрған  оқиғалардың  ішінен өзектісін іріктеп ала білмеді. Биліктің маңайындағы үрейлі қарбалас, өзінде еркі жоқ депуттардың желдің ығына қарай жапырақша жығылғыш күйі, сыбайлас жемқорлықпен байланысты шытырман оқиғалар, әлеуметтік өмірдің төменгі қабаттарындағы сиқырлы құбылыстар... бәрі жабулы қазан астында жатыр. Шуағы мен көлеңкесі қатар жүретін, жылымығы мен ызғары тез алмасатын, кереғар замандағы замандас бейнесі, оның психологиялық толағанысы мен күйзелісі, үміті мен күдігі бұқараның алдына тартылған жоқ, жан дүниесін қозғап, оны ой кешуге итермелеген жоқ. Жайлау мен қыстау арасын шиырлай беруден қолдары тимейтін қазақ авторларының бұл тақырыптарды игеруге қауқары жетпейді.

Шекспирдің заманында өмір сүрген қазақ драматургін ондай бола алмадың деп кіналағанда, ол «мен Шекспир емеспін, ағылшынның жоғары қауымының арасында жүрген жоқпын, жайлаудан келдім» деп ақталар еді. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ қаламгерін шекспирше жаза алмадың деп сөгуге әбден болады. Өйткені, ол «титанның иығында тұр» (О. Сүлейменовтың сөзімен).  Бүгінгі қазақ қаламгерінің Еуропа өнері шыққан биікке көктен  қарау мүмкіндігі бар.

 

* * *

2013 жылдың жазында Астанада жаңа опера және балет театрының ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет министрі сипаттағандай, дүниежүзілік стандарттарға сай, бірегей мәдениет объектісінің сыртқы сәулеті бойынша классикалық, ішкі безендірілуі ультразаманауи екені де рас. Соңғы жылдары Еуропа астаналарында салынған тектес өнер ордаларынан асып түскен «Астана-опера» М.Төлебаевтің бірегей туындысы «Біржан-Сарамен» ашылды. 

Бәрі келісті. Сырттай қарағанда, жетістік емес деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймайды. Бірақ,..

Бірақ, осы ультразаманауи сарайдың ішіне кіргенде жетесі бар адамның желкесінен ауыр зіл басады, оның көңілі құлазып сала береді. Неге?

Бұл сұрақтың жауабы да сұрақпен беріледі: Енді осы ғажап ғимараттың сахнасына шығаратын қазақ опералары мен балеттері қайда?

Алматыдағы  Абай атындағы опера және балет театрының (кезiнде бұл да жойылып кете жаздады) репертуары негізінен шетелдік авторлардың шығармаларынан  тұрады. Ішінара өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қазақ авторларының шығармалары қайталап қойылып жатады. Өйтпеске шара жоқ. Репертуар тапшылығы алдан көлденеңдей береді. Театр тәуелсiздiктен кейiнгi кезеңде қазақ тілінде сонау Кеңес кезiнде жазылған, қазiргi көрермендi тартпайтын, Ә.Кекiлбаев пен Е.Рахмадиевтiң «Абылай ханынан» басқа татымды ештеңе ұсына алмады. Қазақтiлдi авторлар опера мен балет жазатындай, көрермендері оны көріп бағалайтындай деңгейге дейін өспедi.

 

ӘДЕБИЕТТЕГІ ҮРДІСТЕРДІҢ МУЗЫКАДАН БАЯН ТАБУЫ 

Музыка өнерiмен айналысушылар да өздерiнiң әлеуметтiк жайғасуына сәйкес, өркениеттен жырақ қалған ауыл адамдарына арналған тұрмыстық жайларды сипаттаумен келедi. Қазақ әуеншiлерiнiң әндерiндегi таптаурындар жосықсыздығы мен жалпылығы жағынан айтылар ой немесе алға тартылар идея түрiнде ғана емес, көркемдiк әдiс ретiнде де мызғымастығын көрсеттi. Интеллектуалдық қораштығынан, шығармашылық ауқымының тарлығынан қазақ ақындары мен сазгерлері орындаушыларды заманауи репертуармен қамтамасыз ете алмады.

Қазақ    жазушылары мен   сазгерлерінің  арасынан  шыққан,  ауылдық  табиғилығымен  көрінетін, индустриялы қоғам өміріне бейімделмеген тұлғалар – өңделмеген  «кесек алтындар» аз болған жоқ. Бірақ олар шығармашылық қызметінде де сол «өңделмегендігін» үнемі көрсетумен болды. Көпшiлiгi табиғи қабілетінің арқасында бірдеңелер шығарып, сонысымен зиялы қатарын толтырып жүр. Жоғары білімнің дипломын үдерістік (процедуралық) әдiспен алған ауыл маргиналы постиндустриялы қоғам адамының талғамына сай мәдениет туындыларын жасаған жоқ, жасай алмайтын едi. Сондықтан, қазiргi қазақтар өткен XX ғасырдың 60-70 жылдарында пайда болған, Ш.Қалдаяқов және оның тұстастарының әндерін айтып жүр. Бұл сол кезде өмiр сүрiп, еңбек еткен авторлардың кемеңгерлiгiнiң емес, мәдениеттi жасауда жылжу болмағанының және бұқараның талғамының да өспегенiнiң айғағы болып табылады. Соңғы 30-35 жыл ішінде қазақ композиторларының ән жанырында ғана емес, классикалық (опера, симфония) жанрларында да ұсынып жүргендерінің арасында татымдылары көп емес.

Қазіргі таңда идеясы ұлттық мүддеге қайшы, тақырыбы таптаурын, мазмұны қораш, зарлы сағыныш пен ауылды аңсауға толы минорлы нотадағы, туыстар және оларға ән арнау формаларында ұшырасатын ән жанрының туындылары бұқараның жұтаң санасын әбден меңдеп алды. Құбылыстың нақты мысалдары мынадай.

 

1-мысал.  Сағыныш тақырыбының таптаурынға айналуы:

«Шаттығың боп шарладым,.. Сағыныш боп самғадым» («Саржалым». Өлеңiн жазған Р.Оңтағаров, әнiн жазған Т.Абылайханов. Бұдан былай осы ретпен.); «Аяулым, сағындырып келсең едi»… («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н. Алғашбаев); «Аманбысың, iнкәрiм-ау, Сағынышым, аманбысың?» («Ояндың ба?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Сағына ма менiбiреу, сағына ма мендей боп. Сағына ма менi бiр жан...» («Сағына ма менi бiреу?» Т.Молдағалиев, Қ.Аршабаев); «Әкеңнiң осы сағыныш күйiн шерте бар» («Барып қайт балам ауылға». А.Қадырбаева, Т.Бақтыгереев); «Қара көзiм, сағынасың ба, көк жапырақ көктемдердi» («Қара көзiм». Т.Молдағалиев, Д.Гусинцов); «Көзiңнiң отын сағындым, жаным… Сайраған кезiн сағындым, еркем… Серпiлтер өзiң, сағындым сенi» («Жан ерке». С.Оспанов, Қ.Дерiпсалдин); «Ана деген жүрегiм, сағыныштан балқысын… Сағынатын кездерiм… Сағындырды-ау сөздерiң…» («Бала сағынышы». М. Ембергенов); «Сен менiң мәңгi-бақи сағынышым». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Сағынып кетпей ойдан туған жерiм»,.. («Туған жер сағынышы». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Саған деген сағынышым бiтпедi. («Үмiтiм менiң». Қ.Қазыбеков, С.Қайырғалиев); «Көңiлiм көбелек боп тағы да ұшты, қомдап ап сағыныштың қос қанатын». («қара көз». Ә.Сәрсенбаев, А.Қасымов); «Сағыныш бойды шарпыды». («Iңкәр». Қ.Жұмағалиев, Ж.Меймандосов); «Қараймын жолыңа, сенi сүйген жүректi сағындырма… Самалым-ау, сен ендi сағындырма… Бақытым-ау, сен ендi сағындырма». («Сағындырма». Ө.Оралбаев, Ж.Назаров); «Сендердi ойлап, сағынып жүрмiн бүгiн»,.. («Әдемi едiк». Г.Сейтақов, М.Нысанов); «Шет жүрсем – сағынарым»,.. («Анашым». Қ.Жұмағалиев, М.Омаров); «Түсiнер кiм бар өзiңдей сағыныш толы жанымды» («Әке арманы». Қ.Қазыбеков, М.Омаров); «Сағындым ғой, дедiң-ау, жаным, маған,.. Сағынышқа төсегiн бесiк еткен»… («Сағыныш бесiгi». М.Мақатаев, Қ.Палымбетова); «Саған арнап сағынышын жолдайды» («Сезiм нұры». Қ.Палымбетова); «Сағыныштан сарғайып түс пен өңдей» («Қайдасың сен, аруым?» С.Оспанов, Т.Тайбеков); «Сағындым сенi, арайлым»,.. («Аңсарым сен». Ө.Есекбаев, С.Тұрғымбаев); «Сағынған сазды үнiмнiң оңаша мәнiн». («Жеткiзсем деймiн өзiңе». С.Оспанов, С.Тұрғымбаев); «Әуендей ғасырдың, сағынышты асырдың». («Асылым». А.Түгелбаев); «Армандай аңсап келген аяулы елiм, сәлемiм, сағынышым саған менiң». («Елiм саған». А.Түгелбаев); «Сағыныш боп қалам деп, өзiң бе едiң кезiккен». («Аңсағаным». Т.Yшқоңыров); «Кездерiм жоқ сенi аңсап сағынбаған». («Жүрек сыры». М.Көбеева, Т.Iзтаев); «Түсiмде сенi көрiп сағынатын». («Оқжетпес». К.Салықов, К.Iлиясов); «Сағынған осы қазiр сәттерiмде». («Сағыныш». Е.Ибраим, К.Iлиясов); «Сеземiн сүйген жүрекке, сағыну соқпас оңайға». («Менi ойла». Т.Айбергенов, М.Iлиясов); «Осы әнмен балаңыз, сағынышын жолдайды». («Бала сағынышы» М.Ембергенов) [Жастық шақ әуендерi: Әндер. – Алматы: «Өнер», 1993.].

 

2-мысал: Ән арнау таптаурынына құрылған шығармалар:

 «Аралым, саған арнап ән саламын». («Аралым – аяулым». Ж.Мәкенәлиев, Н.Алғашбаев); «Бiр балаң саған әнмен сый арнады». («Әсем қала – Алматым». Ә.Нiлiбаев, Х.Дәуiтбаев); «Өзiңе арнап жазған әнiм үшiн». («Ақ гүлiм». М.Ембергенов); «Өзiңсiң – менiң аңсарым, әнiм. Арнаймын саған әнiмдi, жаным». («Өзiңсiң сүйгенiм». Қ.Жағыпарова); «Жас дәуренде арнадым сүйiктi өлең». («Шiркiн-ай, дәурен-ай». Ж.Кәрiмова); «Арнаймын мен әрқашанда ән саған»... «Сенсiң – менiң арманым, әндi өзiңе арнадым». («Жан сырым». Қ.Хасанов, М.Нысанов) [сонда].

Осылардың бәрi бiр ғана әндер жинағынан алынған. Жинаққа енген әндердің жоғарыда аталғандарынан басқасының дерліктей бәрі ауылға шақыру идеясын көтереді. Бұл идеяның қазақтың санасындағы үстемдiгi сондай, тек ауыл тақырыбына жазылған әндердiң арнайы жинақтары бар.

Тұрмыс тақырыбы қазақ әдебиетінің барлық жанрларын меңдеп алғаны бұрыннан белгілі. Ал ән жанрында бұл тақырып көзге ұрарлықтай, айшықты көрініс береді. 

Тұрмыс объектiлерiнiң iшiндегi қазақ авторларының көзiне көбiрек түсетiнi – тұрмыс аясында жүздесетiн адамдар болып табылады. Олар – ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, нағашы, жиен, бауыр, келiн, бала, немере, балдыз тағы басқалар. Бұлар қазақ тiлiнде көркем өнер туындыларын жасаумен айналысатындардың шығармаларының негiзгi объектiлерiнiң бiрiне айналып алды. Соңғы кездерi олар «тақырыптық кеңiстiктерiн» құда, құдағи, құдаша, құда бала «бейнелерiн» жасаумен кеңейтуде және туыстарын қосарлап әнге қосатын, мысалы, «атам мен әжем», «әкем мен шешем», «ағам мен жеңгем» деп келетiн «формалық түрлендiрумен» толықтыруда. Қойыртпақ туыстық байланысы бар адамдарды ғана емес, сонымен қоса, тұрмыстық заттарды (мыс, дастархан, тамақтар: қаймақ, шай, май, қымыз,..), тұрмыстық оқиғаларды (той, құдалық, шiлдехана, аруақтардың құрметіне ас беру), туыстардың мерейлi күндерiн де (туған күн, баланы сүндетке отырғызу, солдатқа шығарып салу, мерейтой) қамтуда. Субкультураны жасаушылардың дені өздерінің интеллекті мен дарынын тек осы объектiлердi ғана «көркемдiкпен игеруге» бағыштап келеді.

Кеңес кезінен бастау алған, туыстықты дәріптеген шығармалардың, солардың ішінде әндердің идеяларының маңыз аларлық деңгейде бұқаралық санада шағылуы қарусыз көзбен көрінетіндей құбылысқа айналған. Непотизмдер (лингвистикада туыстық қатынастарды білдіретін сөздер мағынасында: әке, ана, бауыр, балдыз,..) ауыл қазағының сөздік қорының маңыз аларлық бөлігін құрайды және сана қалтарыстарында менталдық деңгейде көрініс береді. Оның салдарын мемлекеттің басқару   сатысының  түрлі  баспалдақтарындағы  лауазымды  адамдардың   айналасына туыстарын жинап алып, сыбайлас жемқорлықты өршітіп отырғандарынан көруге болады. Бұған қоса, адамдардың қазір қаражатын, қайдан және қалай тапқанына қарамастан, тек тұрмыстық шараларға ғана жұмсайтыны, өндіріске инвестиция салу туралы ой ешкімнің қаперіне кірмейтіні және бар. Өндірістік сана деген ұғым еш қазақтың қаперіне кірмейді, оның орнын толығымен той-сана (хатым-сана, мүшел-сана,..) жайлап алған.

 

* * *

Субкультура туындыларын жасаушылардың алып отырған объектiсiн көркем сипаттау әдісіндегі таптаурындар мыналар:

а) құрғақ жария немесе таптаурын эмоция: «сүйемiн», «аңсаймын», «сенен артық ел жоқ, жер жоқ», «жерi кең», «көлдерi мөлдiр», «таулары биiк», «аспаны ашық»;

ә) троптар мен мезі қылатын тіркестер: «айым», «күнім», «жұлдызым», «жарығым», «биiгiм», «асқарым», «байтерегiм»; немесе «анауың боп», «мынауың боп» немесе «анауымсың», «мынауымсың»;

б) келбет бейнелеу: «қара көз», «қолаң шаш», «қиғаш қас», «пiсте мұрын», «аққу мойын», «аршын төс»,..;

в) бата беру: «сөйте берсiн», «бүйте берсiн».

Еуропалық  постмодерннің  көрнекті өкілдерінің бірі Р.Барт «ақынның тек әлсізі ғана бейнені суреттеумен айналысады немесе одан басқа ештеңемен айналыспайды... поэтикалық тіл ұғымын қабылдауы бұлыңғыр... олар бәріне қайткен күнде метафоралық белгілерді таңып тастауды діттейді, демек, нені болса да, поэтизациялау үшін оны өз атымен атамаса болғаны» деген екен [Барт Р. Семиотика: Поэтика:– М.: Прогресс, 1989. 53-б.]. Оның растығы қазақ тілінде өлең жазудың технологиясынан айшықты көрінеді. Қазақ ақынының өлең жазуы шабыттың шаңбозына мінуден, көзілдірікті киюден, сонан кейін айналада не көрінсе, соны тізуден тұрады. Мысалы, шабыты күндіз келген ақын, «сен менің күнімсің, жарық берген нұрымсың,..» деп көкке өрлейді. Шабыты түнде келген ақын, тиісінше, аспандағы ай мен жұлдызды көреді де, «айымсың, жұлдызымсың,..» деп ағылады. Орманда жүрген ақын «қайыңсың», «терексің», «керексің» деген ұйқастардың айналасында ойқастайды.

Ақындардың ән өлеңдерін жазуда көркемдiк стильдi жетiлдiруден жеткен жерi осы. Жамбыл аталарының сүрлеуімен олар теңеу іздеудің соңынан түсуді ғана әдістемеге айналдырып алған, білетіндері тек «бәріне метафоралық белгілерді таңып тастау», «нені болса да, өз атымен атамау». Олар оқырман көңілін аударарға тұрарлық өмірдің бір үзігін, айналада болып жатқан бір құбылысты, адамдар арасындағы қатынастың бір қырын, көңілге түйткіл тудыратын немесе үміттендіретін бір нәрсені, адамдардың ындынын, құлшынысын, достығы мен махаббатын, сатқындығы мен алдампаздығын, алысқа кетіп жатқандар мен ауылда қалып қойғандарды, біреулердің әділетсіз өрлеп, енді біреулердің жазықсыз айдалып бара жатқанын, өзгелерге ұқсастырмай, бұрын айтылып кеткенді қайталамай, жаңа қырынан, жаңа тіркестермен, тың көркемдік шешіммен сипаттап бере алмайды. Сол баяғыша, «күн шалмаған арымсың, ...барымсың, ...жанымсың, ...жарымсың; домбырамның үні сен, ...гүлі сен, ...жыры сен, ...нұры сен» деген пішінге келтірілген идеяларды, шақыруды, кейбір «оралымды» сөздерді аккумуляциялауды, шексіз қайталауды, тек кімнің (ненің) кімге (неге) ұқсайтынының ұзын-сонар тізімін жасауды ғана біледі. Осылай субкультураның майталманы өзiнiң айналдырған үш мыңдық лингвемасымен, үш идеяның (сағыну, ауылға шақыру, ән арнау) айналасында, үш стильдiк тәсiлдiң бiрiн қолданып, өзiнiң «көркем дүниелерiн» бұрқыратып шығаруда.

Сағыныш – түрлі себептермен көптен көріспеген туыс немесе іңкәр адамдардың жүздесуге ынтыққанын білдіретін психологиялық күй. Әрине, жағымды эмоциялық құбылыс ретінде, оның да көрініс беруге құқығы бар. Ал қазақтардың сағынышында көзінің жасы мен көңілінің кірбіңі, қолға байлау, аяққа тұсау болып тұрғанды жеңе алмай, іс түйінін шеше алмай,  «сағындым» деп бейшаралықтан күңіренуі жатыр. Конъюнктура шынайылығын сезе білмейтін адамның өзінің құзіретсіздігін жариялауы, әлсіздігін әшкерелеуі жатыр. Өз өмірін дұрыс құра білетін, еркін адам ешкімді сағынбайды (сағынып бара жатса – барады немесе сағынған адамын қасына алып келеді). Бейшаралық пен зар еркін адамға ілтифат емес, жайсыздық тудырады. Ал көркемөнерде сағыныштың минорлы сарында үнемі көрініс беруі, көп қайталанып сипатталуы еркін адамды одан мүлдем алыстатады. Түптеп келгенде, сағыныш тақырыбы – көркем шығармаға өзек бола алатын проблема емес. Өйткені, құлдың зарын тыңдау өте жиіркенішті, оқырманды (тыңдаушыны) психологиялық жәйсыз күйге түсіреді. Еркін халық мұң мен зардан аулақ болуы керек.

Орыс және өзге тілдерде жарық көріп жатқан көркем өнер туындыларының саны қанша болса, оларда сонша тақырып көтеріледі, сонша идея алға тартылады, сонша ой айтылады, әр қайсысының мазмұнына сай келетін  көркемдік шешімдер қабылданады. Ал қазақтардың сүйікті тақырыбы – ауыл, сағыныш, туыстар; идеясы – ауылға қашу, ән арнау; көркемдік шешімі – теңеулерді тізу.

Осындай рухани азықпен, О.Сүлейменов айтқандай, «ауылдан келiп, мұғалiмдiк жоғары оқу орнына түскен» [«Бiздiң мұратымыз тағы да сол – тауларды аласартпай, даланы асқақтату» // Егемен Қазақстан. 26.02.1994] ауылшыл қаламгерлер дарыннан   құралақан  болмаса да, ойлау стильдерiнiң орашолақтығынан, түсiнiктерiнiң бiржақтылығынан көркем әдеби туынды жасаудың заманауи тәсілдерін  меңгеретiн деңгейге дейiн өсiп үлгiрмедi, ауыл бақташысының талғамына тұрарлықтан аса алмады. Сондықтан қазiргi қазақ мәдениетi орыс тілінде жасалып жатқан мәдениетпен бәсекелесе алатын деңгейге көтерiле алмады. Көтерiлуi мүмкiн де емес, өйткенi, шаруаның интеллектiсiмен, аграрлы қоғам адамының лингвемасымен, шектеулi тақырыпта, терiс идеологиямен бәсекеге қабілетті әдебиет жасалмайды.

 

ӨНЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ТҮРЛЕРІ 

Бұл жерде өнердің дәстүрлі түрлері туралы сөз олардың қазақ тілінің таралып, қолданылуына қатысы болуынан туындап отыр.

Халық көркем өнерде ғасырлар стихиясымен біте қайнасқан, өз заманы адамдарының көкейіне қонымды, төлтума формаларды дүниеге әкелді. Қазақтарда олар айтыс, терме, жыр пішіндерінде ұшырасатын бірегей фольклорлық жанрлар ретінде алға тартылған. Қаймағы бұзылмаған, табиғи қалпында олардың өзін қазақпын деп санайтын әр зиялының ұмтылар аңсауына айналып, ғасырлар бойы жанға серік болып, тәнге рух беріп келгені рас. Алайда, рухы жағынан өнердің бұл жанрлары даму қарқыны баяу, мал шаруашылығымен айналысатын қоғамда өмір сүріп, уақытпен регламенттелмейтін жұмыстар атқаратын, даламен етене, асықпайтын, жайбасар халықтың психологиясына сай келетін еді. Сонысымен, дәстүрлі өнер аграрлы қоғаммен біте қайнасқан, онымен уақыт шеңберінде бірге өмір сүріп, бірге тарих сахнасынан көрініс берген болатын.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап өнердің бір кезде ұмытыла бастаған көне жанрларын «сақтау» және «жаңғырту» бағытындағы шаралар жүргізіле бастады. Сол жылдары бұл бағытты жақтаушылар ауылдардан көптеген «орындаушылар» тауып, телеэфирлік уақытты айтыспен, жырмен, термемен толтырды. Баспасөз «ұлттық өнердің қайта жанданғанын» күн құрғатпай сарнап жатты. 

Сырттай қарағанда бәрі дұрыс сияқты болып көрінді. «Ұлттық өнерімізді жаңғыртайық, дамытайық» деген ниеттің ізгіліктілігіне шүбә келтіруге болмайтын еді. Көпшілік оған кәміл сенді. Бірақ бұл сыртқы көрініс қана еді. Ал құбылыстың ішіне үңіліп көрген адам шешуі қиын түйіндерге ұшырасар еді.

Ақыры конститутивтік-семантикалық қайшылықтарынан арыла алмаған дәстүрлі жанрлар жаңа дәуірмен біте қайнасып кете алмады, заманауи жастардың сүйікті өнеріне айнала алмады. Өйтуі мүмкін емес те еді. Өйткені, дәстүрлі өнерде мазмұндық-формалық жетілу болмады (олай болғанда олар өнердің дәстүрлі түрлері деген қасиетінен айырылып қалар еді). Олардың мәтінді беру стилі де қазіргі заманның рационал адамы қабылдай алмайтын нюанстарға толы болды. Қарсыластардың біріне бірінің өрепкіген ұмтылысы, түйтіксіз еліруі мен лепіруі психологиялық-этикалық тұрғыдан заманауи мәдениетті тұтынатын тұлғаның талғамымен үйлеспеді.

Дәстүрлі өнерді жақтаушылар алға шығарып отырған қазақ абсурды алдымен контенттен көрініс берді. Көпшілікке ұсынылып жүрген жанрлар мүлдем пішінін өзгерткен, контентінің мазмұны таяз, көркемдік қауқары шамалы болды. Үнемі қайталанатын, мағынасыз, сылдыраған, шұбыртпа ұйқастардан тұратын семантикалық жүдеулік тыңдаушыны мезі қылды.

Айтыскерлер өздерінің таптаурын сарынына түсіп:

Алыстан ат терлетіп келіп тұрмын,

Астанаға сәлемімді беріп тұрмын, – деген секілді рационал тыңдаушының құлағын тесетін екіленуіне баса береді. Шаруашылықтағы кемшіліктерді сынаған болды, әрненің басын бір шалып, әлі жеткенінше тілін безеп бақты. Осылай өнердің бұл түрлері өзінің XXғасырға дейінгі формаларының каррикатурасына айналды.

Дәстүрлі өнерді орындаушылар кәсіпқой емес, ауыл клубына қатысушылар арасынан шыққандар болды. ЖОО-лар бұл сала үшін мамандар дайындамайды. Әр ауылдан ұстап әкелінген олар өздерінің сыртқы ұсқыны мен жүзіне, гримасасына бақылау жасай алмайтын, беттері жуылмаған адамдар болды. Қарадүрсін құрастырушылардың отырысы мен тұрысында, қозғалысында да көрерменді, әсіресе, жастарды өзінен үркітетін, олардың жеріну сезімін көрсететін мысқыл күлкісін тудыратын элементтер көп болды.

 Ш.Айтматовтың «Қызыл алма» шығармасының желісімен түсірілген фильмде бас қаһарман  Исабековтің кішкентай қызы Анар, авторлық ремарка бойынша, Робертино Лореттидің Ave Maria-сын сүйіп тыңдайды. Фильмдегі бір эпизодта ол телевизордан жыр айтып отырған манасшыны көріп, «мен мына кісіден қорқамын» деп, әкесіне жылап келеді. Бұл көрініс «заманауи ұрпақ өкіліне өзінің ата-бабаларының өнері неге жат?» деген сұрақтың жауабын іздеуге жетелейді. Сырттай қарағанда нағыз нонсенс сияқты көрінетін бұл құбылыстың түсіндіруі жоқ емес.

Өркениеттердің омырылуы салдарынан халықтар мен мәдениеттер тарих сатысының түрлі баспалдақтарына бөлініп түсті. Мұндайда төменгі баспалдақта қалған орындаушы – «өткеннің адамдары» [Тоффлер Э. Шок будущего.– М.: ООО «Издательство АСТ», 2004. 50-б.] мен омырылу сызығының жоғарғы баспалдағына шығып кеткен тыңдаушы – «қазіргі күннің адамдары» [сонда] арасындағы қайшылықтан ада болу мүмкін емес. Дамудың аграрлы баспалдағында қалып қойған қазақ термешілері мен жыршылары да сыртқы ұсқынымен осындай, бала шошытатындай болды. Оларды қолына домбыра ұстатып, сахнаға жібергенде көрерменмен арада аттракция жасалмады, керісінше, арнайы сампылдауымен жастар мен ұлттық өнер арасында тұңғиық орнатты. Мұның арты жастардың ұлттық мәдениетке деген ілтифатына нұқсан келтірді. Алдымен, дәстүрлі өнердің өзінің беделі түсті.

Осылай, айтыс, терме жыр қазіргі заман адамын өзіне тартатын, жастардың ұлттық сезімін жанитын құралға айналмады. Көркем мәдениеттің бір құрауышы ретінде қазақ жастарын қазақшаның айналасына топтастыруға септігін тигізбеді. Олардың қазақ өнеріне ілтифатты сезімін оята алмады. Оятқаны былай тұрсын, оларды өзінен, сонысымен өзі ассоциациялайтын қазақ өнерінен, қазақша атаулыдан жерітуші факторға айналды. Өйткені, жастарға формасы қораш, мазмұны ескірген, күні өтіп кеткен тамтықты түрінен ат үркетін орындаушының қолымен тықпалай беруге болмайтын еді.

Осыны сезгендіктен, дәстүрлі өнерді қызылкеңірдек болып жақтап, өршелене нәсихаттап жүргендердің өздері екіжақты тұрғы ұстанды. Бір жағынан, олар көпшілік алдына шығып алып, дәстүрлі өнерді жақтап, ұлттық патриоттығын «дәлелдеді»: «көрдіңдер ме. Мен ұлтымды қалай сүйемін. Оның дәстүрлі өнерін сақтау үшін барымды салып жүрмін». Бұл жерде нәсихаттаушылар бұқараның дәстүрлі өнерді жарататын, оны шынайы қалайтын бөлігінің сезімдерін қамшылай отырып, өздерін ұлт патриоты ретінде жағымды көрсету ындынының соңынан еріп отырды. Түптеп келгенде, олар дәстүрлі өнермен айналысуды жұмыссыздық жағдайында материалдық түсім көзі ретінде пайдаланып қалуды қағыс жібермеді. Екінші жағынан олар жасап жүрген тірлігінің мағынасыз тырбаң екенін, онысы өзі өлгенде бірге өлетінін де мойындаған күйкі тіршілігін жалғастырып жатты. Дәстүрлі өнердің маңына жоламай жүрген жастарды көре тұра, өз балалары мен немерелеріне тұтындыра да, орындаттыра да алмайтынын біле тұра, екіжүзділікпен халық алдында оны «нәсихаттаудан» жалықпады. Өздерін ұлттық мүдделер үшін тер төгіп жүрген қайраткер ретінде көрсетіп, абыройға бөленгісі келгендіктен солай істеуін жалғастыра берді. Ал үйінде өз балаларымен, немерелерімен тұрмыстық аяда орысша сөйлесті, оларға ағылшынша үйреніп алып, шетелге тұрақты тұруға кетуге кеңес берді.

Осылай қазақ жастары өнердің дәстүрлі түрлерін терең түсінетін, олардан ләззат алатын, сезімге бөленетін, шабыт табатын күйге жете алмады. Құдіретімен заманауи адамды өзіне тарта алмаған, оның рухани әлемін баурап алмаған, индивидтің жан дүниесінің нәзік қылдарын дірілдете алмаған дәстүрлі өнердің ұлттың рухани аспанындағы орны айқындалмады. Ауыл өз өнерпаздарының қолында болған өнердің бұл түрлері отаншылдыққа баулитын, тәрбиелеуші функциясын атқара алмады. Атқаруы мүмкін де емес еді. Өйткені, өркениетке төтеден қосылған уағызшылдардың оған интеллектуалдық-эстетикалық қауқары жетпеді.

Қазір дәстүрлі өнер тағы да дилемманың алдында тұр. Бірінші жол – термені, жырды, айтысты «сақтап қалу» жолы. Бұл бағыттағылар – өнердің дәстүрлі түрлерінің жақтаушылары, орындаушылары мен тыңдаушылары. Олар «ауыл аман болса – дәстүрлі өнер өлмейді, бұдан кейін де бола береді» деп есептейді. Бірақ мына факторларды ескере алмай отыр: дәстүрлі өнерді «сақтауда» мағына жоқ. Сақтау үшін дамыту керек. Нені болса да, үнемі жетілдірмей, сол қалпында сақтау деген болмайды. Дамытқанда, заманауи қала жастарының, соның ішінде қазақ еместердің де, жүрегіне жол табатындай дамыту керек. Бұл шарттылықтың қазақ тіліне қатысты алғандағы мәні мынада: дәстүрлі өнер бұқараның алдында сол өнердің өзі арқылы ассоциацияланатын қазақ тілінің индустриялы қоғамдағы қызметімен біте қайнасып жатсын. Олай болса, өнердің бұл формаларын дамыту ауыл өз өнерпаздарының күшімен емес, заманауи университеттерден арнайы білім алып шыққан, кәсіпқой мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек. Ғылыми-бағдарламалық жолға түсірілмеген өз өнерпаздықтың, әдетте, пайдасынан зияны көп болады. 

Дәстүрлі өнердің жақтаушылары мен орындаушыларына айтылар уәж мынау: егер дәстүрлі өнер университеттерде арнайы дайындалған мамандардың күшімен дамытылмаса, онда, өз заманының белбаласы Ақтамбердінің, Бұқардың, Мұрынның, Құлмамбеттің, Жамбылдың етегіне жармасып, соңынан шаң қаба сүйретілуді қою керек. Олардың тұнығы лайланбаған, қол жетпейтін, асқақ өнерін «жалғастырып жатырмын» деген жалғаннан бас тартып, келешек ұрпақтың басын қатырмау керек. Дәстүрлі өнерді дискредитациялауды, оны ұрпақты қазақ тілінен, қазақша атаулыдан үркітуші факторға айналдыруды үзілді-кесілді тоқтату керек.

Егер өз балаларың мен немерелеріңді өнердің осы түрлеріне ынтықтыра алмасаң, өнердің осы түрлерімен ұрпағыңның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтере алмасаң – онда халық өнерінің «саф алтынының» табиғи қалпындағы қадірін кетірме, халықтың есінде сақталған, төл өнеріне деген ілтифатты қатынасын лайлама. Ауылдан келген тымақтылардың кеукеуін бүркеніп, дәстүрлі өнерді нәсихаттаудың  шымылдығының ар жағына тығылып алып, мал табуды доғар. Ұлттық өнердің дәстүрлі түрлерін ұлттық және дәстүрлі болғаны үшін ғана «сақтаудан» ешқандай келелі нәтиже шықпайды.

Осы тұрғыны ұстанушылар да аз болмаса керек. Бұған Ж.Ермановтың қынжылысы дәлел боларлықтай. Ол былай дейді: «Бір көрінбейтін құдіретті қолдар халықтың аңсаулы өнеріне тоқтау сала береді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған халықаралық айтыс теледидардан берілмеді. Барлық арналарда айтыстан аяқ тарту, бойын аулақ салу бар, үрей бар. Айтысқа қолдаушы таба алмай пұшайман болып отырмыз» («Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар». ҚӘ, 25-31.05. 2012). Айтысты теледидардан көрсетуден бас тартқан қорқақтар – бұлар дәстүрлі өнердің перспективасына сенбейтіндер. Алайда ішіндегісін ашық айта алмайды, айтысты қорғайтындардың аранына ұшырап қалам ба деп қорқады. Сол себептен үндемей қарсыласу тұрғысын таңдап алған.

 

АУЫЛШЫЛДЫҚ СИНДРОМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ САЛДАРЛАРЫ

Қазақ тілінде жазатын жазушылардың арасында Ресейдегідей ауылшылдыққа қарсы дәйекті және тегеурінді қарсылық көресте алатын қала зиялысының болмауы, биліктің қоғамдық ғылым өкілдеріне бұл мәселеге араласуға тиым салуы, баспасөздің осы бағытты үнемі және қызу қолдаған материалдарды төпелеп беріп отыруы ауылшылдық вирусының бұқаралық сананы толық меңдеп алуын қамтамасыз етті. Сол кездегі зиялы қауымның басым көпшілігі қазақтың ауылды жерлерге қоныстанып, тілі мен мәдениетін сонда сақтауы керектігіне шын сенетін болды. Оларға сеніп ерген қазақ халқы бiр тектi ауыл халқы болып қалып, әлеуметтiк артта қалудың тұтас кешенiнің зардабын тартты.

Кеңес билiгiндегi қазақ ұлты 80-жылдардың ортасына қараған шақта әлеуметтік артта қалудың барлық қиындықтарын басынан кешіп, ауыр жағдайда өмір сүріп жатты. «Алыс» деп аталынатын аудандарда, экологиялық апатқа ұшыраған аймақтардың маңында тұратын қазақтар, ол кезде ұрпағы мүгедек, мәдениетi тығырыққа тiрелген, моралi тозған, тiлi тұрмыс аясына тықпаланған, саяси тәуелсiздiк пен әлеуметтiк өрлеуден күдер үзген болатын. Келешекте «ұлт пен тілдің жойылатынын», «бiртұтас Кеңес халқына» қосылып кетудiмойындаған, ең бастысы, рухани тозып, географиялық ұғымға айналған, өркениеттен жырақта қалған, ауыл шаруашылық шикiзатын өндiретiн, коммунистік биліктің арзан еңбек ресурсына айналған болатын.

Әрине, бұл бағыттың жөнсіздігін сезген аздаған мәдениет қайраткерлерiнің арасынан қазақ жастарын ауылды елді мекендерде тұрақтандыруға қарсы болғандар да болды. Олар түбінде халықты қала өркениетінен жырақтатып тастауға болмайтынын ескертті. Бірақ олар сан жағынан өте аз болды. Олардың қарсылығын бұқара қолдамады, айтарын бапасөз жарияламады. Осы бағытқа қарсы идеямен баспасөзге шыққан бірен-саран «авантюристер» ауылшыл қара нөпірден оңбай соққы жеді.

Осылай қазақ әдебиетінде мәдениетті азшылықты жеңіп шыққан мәдениетсіз көпшілік осы уақытқа дейін сол үстемдігін жүргізіп келеді. Соның салдары ретінде Қазақстанда ЕжелгiРимдегiдей, классикалық мәдениеттің орнына, “бұқаралық” деп аталатын, мазмұны таяз, ермекке көбірек ұқсайтын, шаруаның менталитетiне сай, соның талабын қанағаттандыратын, өзгелерге тарала алмайтын, субкультура үстемдігін орнатты.

 

ТАРИХИ АНАЛОГИЯ 

Ежелгі Римде, плебейлер үстемдігі орныққан кезден бастап екі мәдениеттің, екі идеологияның болғаны белгілі. Олардың біріншісі – Рим патрицийлері жасаған классикалық мәдениет. Ол кейіннен дүниежүзіне әйгілі және үлгі болды. Екіншісі – билікке келген плебейлер қолдаған, талғамсыз болса да, төменгі тап өкілдерінің өздері құрайтын әлеуметтік ортадағы тұтынушысының көптігінен таралған субкультура. Талғамы жоғары тұтынушының аздығынан классикалық мәдениеттің орнын субкультураның басуы Рим империясын тығырыққа әкеліп тіреген болатын.

Шынайлығында, плебей атаулының өміршең мәдениет жасауға зауқы да, қауқары да болған емес. Плебей – мәдениетті жасаушы емес, жасалғанды бүлдіруші күш. Плебей мәдениет үшін емес, ермек үшін өмір сүреді. Римнің классикалық мәдениетін бүлдіруімен, қала шаруашылығын ұйымдастыруға құлқының болмауымен, ең бастысы, “нан мен ермекті” ғана өмірлік мақсат тұтқан менталитетiмен, плебейлер адамзат өркениетінің бесігі және үлгісі болған Рим қоғамын құлатқан болатын.

Осылай, қазіргі  қазақ әдебиетi негізінен ауыл тұрмысы тақырыбына ғана жазатын, шаруа субкультурасы және контркультурасы деңгейінде өмір сүретін, сонысымен контенті ауылдықтардан өзге бұқараны қызықтырмайтын әдебиет болып қалып отыр. Онда субкультура мен контркультураға тән белгілердің бәрі бар: идеялық бағыты ұлттық-мемлекеттік мүдделерге қайшы, тақырыбы шектеулi, тек шаруаға арналған, сол таптың менталитетiне сай (қазір оның талабын да қанағаттандыра алмайтын), шаруадан өзгелер үшін өзектi емес, көркемдiк орындалу деңгейi төмен, бәсекеге қабiлетсiз, сонысымен сұраныс тудыра алмайды. Қазақ тілін үйренуге сұраныстың төмендігінің басты себептерінің бірін осыдан – заманауи қазақ әдебиеті контентінің қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің жүрегіне жол таба  алмауынан іздеу керек.

 

* * *

Қазақ мәдениетiн, көркем өнерiн басқару тұтқаларын ұстап келгендердің дені қарапайым хрестоматиялық қағидаларды санасына сiңiрiп, ой қорытпады, дүниежүзiнiң өзге халықтары сияқты, қазақтың да өркениеттi қаладан iздеуi керек екенiн, ұлт болу үшiн алдымен ұлттық экономиканың негiзгi тұтқаларын – қала өнеркәсiбiн қолға ұстауға ұмтылу қажеттігін, өнеркәсiпте iстейтiн, әлеуметтiк күш ретiнде көрiне алатын ұлттық техника зиялысы болуы керек екенiн түсiнгісі келмеді.

Аграрлық дүниетаным қарапайым амалдармен көз жеткiзуге болатын ақиқаттардың сырына үңiлуге, кенттенудiң бүкiл дүние жүзi халқына және қазiргi замандағы дамуға тән жалпыға бiрдей, әмбебап үдеріс екенiн түсiнуге ырық бермедi. Соның салдарынан омырылу сызығының ауыл жағынан шыққан жазушылардың басым көпшілігі индустриялы өмірге үрке қарауынан жазбады. Олар қоғамның әлеуметтiк даму заңдылықтары тұрғысынан алып қарағанда бұл құбылыстың қазақ халқының ұлттық мүдделерiне де, адамзат тарихының прогресіне де қайшы екендiгiн түсінбеді. Ұлт тағдырын оны тек ауылда тұрақтандырумен шешу идеясының өзi ол баста бүкiладамзаттық өркениет дамуының әмбебап заңдылықтарына қайшы,ұжымдық аутизм болатын.

Қазақ «алпысыншыжылдықтарының» идеясы ғылыми зерттеудің нәтижелерінен қорытылып шығарылған теориядан да, бұл бағыттың халыққа тиімділігін априори көруден де туындаған жоқ. Бұл идея олардың басына қалыптасқан ахуалдан – қазақтың ауылда шоғырланып қалуынан ғана туындады. Қисын өте қарапайым болды: қазақтың көбі ауылда тұрады екен, ендеше, ауылды әспеттей беру керек. Жалпы дамуға қатысты алғанда онысының абсурд болып шығып жатқанымен олардың ісі болмады, ауылдан шығармауға күш салумен, халқын әлеуметтік прогрестен аулақтатып жүргендерін түсіне алмады.

Көркем өнер қайраткерлерінің көбі жергiлiктi ұлт өкiлдерiн қалаға келтiрмеу бағытын ұстанған коммунистiк әкiмшiлiктiң әділетсіз  демографиялық саясатының мәнiн де аңғармады. Олардың шарғысын мойнына iлiп алып, әкесiнiң ақылын тыңдағыш балаша, айтқанына иланып, «қазақ жастарын ауылда тұрақтандыру» үшiн барын салып бақты.

Егер  қатардағы  шаруа  бала  кезінде  алған білімінің жетімсіздігінен белгілі бір тұйық идеялар  шеңберінен  шыға алмай, күні өтіп кеткен көзқарасымен қалып қойса, оны кешіруге болады: не сұрайсың, ол қатардағы шаруа ғана-ғой. Ал университет бітіріп, қалаға келіп, жәйлі пәтерге еніп, түсімді қызметке орналасып, романдар жазып, томдап таңдамалы бастырып жүрген жазушы бала кезіндегі ауыл мектебінен алған бұлыңғыр түсініктерінен арыла алмай, халқын ауыл резервациясынан шығармауға күш салып жүрсе – мұндай құбылысты қалай квалификациялау керек?

А. Маслоу  мұндай  құбылысты  мәдениеттегі  трансценденттік ұғымын    қолдану  арқылы түсіндіреді.  Америкалық ғұламаның сипаттауынша, «трансцен­денция­лылық­пен өзін өзектілендіре алған адам – әмбебап адам. Ол – адамзаттың адамы. Ол өзін қоректендірген мәдениеттен жоғары тұр, оған тәуелді емес...  Өзін өзектілендіре алған адамдар қоршаған мәдени ортаның әсеріне қыңбайды.... Оның мәдениетке көзқарасы адам белгілі бір күйге түсетін және оны сыншыл, редакторлық, аяусыз көзқараспен бақылайтын психотерапевтік эффектіге ұқсайды,... Ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) сынға алуы, кейде мақұлдауы, талқыға салуы, басқаруы мүмкін, мұның бәрін ол (төл мәдениетін – Қ.Ж.) оңға бастыру, өзгерту үшін істейді». (Маслоу А. Дальние пределы человеческой психики.- СПб.: «Евразия», 1997. 282-б.)

Танымал ғалым-әдіснамашы Л.Феврдың зиялы адам «барлық дәуірдің адамы» бола білуі керек (Февр Л. Чувствительность и история // Бои за историю. «Наука», Москва. 1991. 116-б.) дегені бар. Әрине, барлық адам барлық дәуірдің бел баласы бола алмайды. Ал университеттің дипломын арқалаған, зиялы санатындағы адам ауылда туып, өстім екен деп, есейгенде де көңді ауылында қалып қоймай, жаңа ортаға – индустриялы қоғамға бейімделе алуға міндетті еді. Бірақ қазақ жазушыларының дерліктей бәрі өздері шыққан үңгірінің өкілі болып қалып қойды, индустриялы қоғамның адамына айнала алмады. Саналарында рефлексия, мәдениетте трансценденция жасай алмады, адамзаттың адамы да бола алмады, дәуірдің адамы деңгейіне де көтеріле алмады. Жан дүниесімен жаз болса – жайлаудағы киіз үйінен, қыс болса – сабан жапқан тоқал тамынан шықпай қойды. Барлық жағдайлары – материалдық игіліктері, рухани азығы жеткілікті бола тұра, өркениетті өмірді көре алмады, тани алмады. Жан дүниесін иектеген идиосинкразия психологиясының тұтқынына айналып алып, қалаға, өркениетке қарсы кектенген сезімнің құшағында қала берді. 

Халқына жаны ашитын адам оны аймақтан өркениетке қарай бағыттауы – қазақты қаланың зәулім үйлеріне енгізуге, техниканы, технолгияны меңгертуге, осыған дейін өзге жүрттар өкілдері ұстап келген өнеркәсіп және билік тұтқаларын ұстауға таласуға шақыруы керек еді. Халықты ауылдың мешеулігінен, кедейлігінен құтқаруға, қала өркениетін құндылық бағдар ретінде қабылдауға, тіл мен мәдениетті қалаға енгізуге бағыттауы керек еді.

Кеңес кезінде, қазақты қалаға жолатпау мақсатын көздеген, қатаң идеократия­лық режимнің үстемдігі жағдайында да, көркемөнер туындылары арқылы халықтың қалаға көбірек ойысуын нәсихаттау мүмкіндігі болмай қойған жоқ. Алғашында гуманитарлық салаларда – білім беру мен мәдениетте, баспасөзде қазақтілді микроортаны қалыптастыруға, біртіндеп өзге салаларға дендеп кіруді нысаналап, бұқараны соған бағыттау керек еді. Ұлт ретінде орнығудың тек қалада, капиталистік өндіріс жағдайында, нарықтық тауар-ақша қатынастары орнағанда жүзеге асырылатынын, оларды шешудің ғылыми және саяси жолдары бар екенін де барлық ЖОО-ның қоғамдық факультеттеріне арналған оқулықтардан тауып алуға мүмкіндік болды. Бірақ, қазақ ауылшылдарының мұны түсінуге интеллект қуаты жетпеді. Олар түгел керісінше әрекет етті, халқын дамудың аграрлық басқышынан көтерілтпеу  үшін, шаруашылығын индустриялы әдіспен жүргізетін азаматтық қоғамға жеткізбеу үшін, қалаға, өркениетке кесе көлденең қойып, сірескен, белсенді күрес жүргізді. Өркениетке қарсы оқырманының өшпенділік сезімдерін шабақтауды жалғастыра берді. Әрине, олар өз халқына қастандықты сатқындықтан жасаған жоқ. Ауылшыл қазақ жазушылары алжасушылықтың тарихи үлгісін білместіктен, рухани қораш­тығынан, рухани біліксіздігінен, саяси сауатсыздығынан жасады. 

Әрине, тарихтан орын алған, қоғамдық сипаттағы қателері үшін кінәліні іздеу, оларды жазалау әрекеттерін жасау ізгілікке жатпайды. Дегенмен, қазіргі қазақтың әлеуметтік-рухани аялардағы мәселелерінің бірін де шеше алмай, «тәуелсіздігімізді сақтай аламыз ба, алмаймыз ба» деп, «сақтай алмасақ, енді кімнің отары болғанымыз дұрыс» деп, омалып отыруына алып келген фактор туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Өткенге сарап тарихи қателіктердің келешекте қайталанбауы үшін, ұрпақты тағы адастырмау үшін қажет. Түптеп келгенде, қазақты өркениеттің омырылу сызығының арғы жағында қалдыру бағытын ұстанып келген жазушыларды моральдық жауапкершіліктен ешкім арашалап ала алмайды. Егер кімде-кім, В.Шукшиннен үлгі алып, өз әрекеттерінің келеңсіздігін мойындап жатса, оларға түсіністікпен қарау керек.

 

* * *

Егер жазушылар ауыл өмірін шынайы сипаттап, айшықты бейнелер жасаған татымды туындылар бере берсе, оған ешкім ештеңе демес еді. Ешкім ауыл туралы неге көп жазасыңдар деген сұрақ қоймас еді. Мәселенің үлкені басқада – қазақ жазушыларының, жарты ғасырдан астам уақыт бойы, халқын артта қалған аграрлы басқыштан шығармай, индустриялы қоғамға қарсы қоя отырып, соның салдарынан ұлтын дамудың барлық параметрлері бойынша артта қалдырып, тағдырын мейілінше шиеленістіру жағдайына әкеліп соқтыруында, сонысымен, туған халқына өзге ешкім жасай алмайтын кесірдің ең ірісін жасауында  болып отыр.

Идея мен дүниетаным арасындағы байланыстардың тереңде жатқан сырларын кезінде ағылшын философы Джон Локк талдап, түсіндіріп берген еді. Оның топшылауынша: «Ақылдың ойлауы мен зерделеуінде ол қарайтын және қарай алатын бір-ақ нәрсе бар – ол өзінің меншікті идеялары, өзге төте объект жоқ. Біздің таны­мымыз тек сол идеяларға ғана қатысты» [Джон Локк. Опыт о человеческом разумении // Соч. Т. 2. М.: Мысль, 1985. 3-б.]. Бұл тұстан қазақ ауылшылдарының дүниетаным аясының тарлығының ақылдың зерделеуін тежеу айғағын көруге болады. Тиісінше, зерденің тежелуі оларды идеялық лағуға әкеліп тіреген. Жетекші идея ретінде ауылды нысаналаған олар рухани дамудың өзге аяларында болып жатқан құбылыстарды тани алмады, ауылдан өзге кеңістікте, индустриялы қоғамның өмір аяларында бағыттық қателерге жол берді, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің мәселелерінің бірде-бірін тыңғылықты шеше алмады, тиянақты іс тындыра алмады, келешекке, жас ұрпаққа татымды ештеңе ұсына алмады.

 Соның салдары ретінде, қазақ көркем әдебиетi барлық жанрлар бойынша мүшкiл халге түсті. Қазiр қай жанрды алсаң да сему құбылысы байқалады, тоқырау белгілері менмұндалап тұр. Көркем өнер мен оның тұтынушылары арасындағы байланыс мүлдем үзілуге жақын. Мәдениет туындыларын, шет жұрттықтарды айтпағанда, Қазақстан қоғамы мүшелерінің, соның ішінде қазақ ұлты өкілдерінің өздері толығымен қабылдамайды, қазақ тілін біледі деп есептелінетіндер, оның да бәрі емес, белгілі бір бөлігі – жастайынан көркем әдебиет оқып өскен егде адамдар, тіл мен әдебит сабағының мұғалімдері...  ғана тұтынады.

 

СЫНАУ ЕМЕС, ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҚАЖЕТ 

Жазушылар арасында жариялылық пен ашықтықтың жетіспеуінен, бұрыннан мандымай, екі аяғын тең басып кете алмай жүрген бір жанр бар. Ол – сын жанры. Қазақта ешқашан «сын түзелген емес», соның салдарынан «мін де түзелмеді». Әдебиетте имманентті кемшіліктер үнемі айтылғанымен, іс жүзінде ол кемшіліктер үнемі қайталанады. Алға жылжу мардымсыз. Бір орында таптап тұру бар, кейде кері кету бар. Жылт еткен бір жаңалықтың артында, ойсыраған омырылу бар.

Ашықтық пен жариялылықтың болмауынан, қазақ сыны еркін емес, әлдебір виртуал факторларға тәуелді. Сыншы сызылып тасталған шеңберден шыға алмайды. Сын мәдениетінің төмендігінен, әдетте, адресантта объективтілік бола бермейді. Сынның біреуді ұру үшін айтылатын кездері де аз болмайды. Мақтайтын, жартылай мақтайтын шығармаларды сыншы алдын ала біліп отырады. Сыналған адресат қарсы күреске шығады. Соның салдарынан, сын жүрген жерде ылғи «бас жарылып, көз шығып» жатады.

Қазақ сыншылары шығарманы кең таралған әдеби категориялармен үстірт талдайды: тақырыбы анадай екен, кейіпкерлері мынадай  екен, сюжеті сылбыр екен, тілі былжыр екен,.. деген шамада. Немесе қай жылдары, кімнің не жазғанын тізіп шығады. Мұны әдеби үдеріске шолу деп атайды.

Кеңес қазақ әдебиетінде сын идеологияға тәуелді болды. Көркем шығарманың құндылық критериі ретінде жоғарыдан социалистік реализм туралы теория түсірілді. Сыншылардың осы теория аясынан шығуға қақысы болмады. Бұл бағыттың басты теоретигі академик М.Қаратаевтың қазақ әдебиетінде социалистік реализмнің қалыптасуы туралы еңбегі Кеңес кезіндегі қазақ сынының шыңы болып есептелді. Өзге сыншылар мен әдебиет теориясын зерттеушілер де осы маңайдан табылды. Ал тәуелсіздіктен кейін социалистік реализмнің бағыты ретінде ғылыми дәйексіздігі әшкереленіп қалды. Бұл Кеңес кезіндегі қазақ сынының адасып жүргенін айғақтап берген құбылыс болды.

Орыс сыншысы В.Белинский былай деген еді: «Сын және өнер. Екеуі қосылғанда дәуірдің санасына тең. Ал сын дегеніміз – философиялық сана, өнер – сананың өзі (Белинский В.Г. Речь о критике  // СС. Т.5. М.: Художественная литература, 1979. 67-б.). Орыс сыншысының ойын заманауи философ-постмодернист Ю.Хабермас былай сабақтастырады: «философия мен әдебиеттің арасындағы жанрлық айырмашылық өте аз, сондықтан философиялық мәтіндер өзінің төл мағынасында әдеби-сыншылдық тұрғыдан талдап түсіндіруге ыңғайлы болып тұрады» [Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. – М.: «Весь мир». 2003. С. 198.].

Айтса айтқандай, біздің сыншыларымыздың философиялық санасы тым таяз болды. Олар көркем шығарманы тек онтологиялық сипаттамалары тұрғысынан ғана талдады, әдебиеттің функциясы, мұраты және оның бұқаралық санаға әсері туралы мәселелер үнемі күңгірт қалып отырды. Сол себептен, қазақ әдебиеті халықты ғасырлық ұйқысынан оятушы функциясын атқара алмады, шаруаның соңынан еруші күйінде қала берді. Сын көркем шығарманың идеялық нысанасын халықтың әлеуметтік мұраты тұрғысынан түсіндіріп бере алмады. Қазақ әдебиеті Кеңес басшыларының қазақты ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеген әлеуметтік саясатын жүзеге асыру үдерісіндегі сойыл соғушысына айналды. Бұл міндетін ол ұзақ және тәуір орындады. 

Қазақ жазушыларының көбінің құбылыстың саяси-әлеуметтік және құқықтық астарларына үңілуге шамалары жетпеді. Олар ұлттық мүдделер мен демократиялық құндылықтардың да мәнін түсіне алмады. Либералдық сана, саяси сауат, демократиялық мәдениет жетпегендіктен, өздерін әр қашан да қоғамдық үдерістерден, саясаттан тыс ұстады. Ал әдебиет болса, пайдасынан зияны мол, лаққан идеологиялық ағыстарға толы болды, дүниетанымдық функциясын ойдағыдай атқара алмайды. Қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстардың себептерін теріс түсіндіру созылмалы сырқатқа айналып, оның кесірі ұлттық мәдениетке соққы болып тиіп жатты.

Тұшымды қорытынды шығаруға болмайтын, ғылыми дәйексіз түсіндіруге иланып, басына оралған тұманнан айыға алмай, «қаңғыртқан мен үркіткенге» қарғыс айтып қана, түк бітірмей отыра беру қазақтың әдетіне айналған. «Айлалы қоғамның әккі саясатына» біз неге қарсы тұра алмадық, өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, онда бізді кім қорғамақ?» деген сұрақтарға жауап ізделмеді. Батыс постмодернінің өкілі М.Блоктың  “ешқашан mea culpa (кінә менен) деп бастаудың зияны болмас еді» (Блок М. Апология истории или ремесло историка. М.: «Наука», 1986. – 19-б.) дегенін ешкім есіне түсірмеді. «Бәріне өзіміз, саяси күресті дұрыс жүргізе алмаған өзіміздің қараңғылығымыз кінәлі емес пе?», – дейтін әдебиетші болмады. «Тағдырға жалбарынып, ыңырси бергенді қояйық; Енді бұдан былай кім тарапынан, қандай әккі саясат жүргізілсе де, қаңғырмаудың, үрікпеудің жолын табайық; Басқа түскен қырсықтың себебін өзгеге аудармайық; Қараңғылықты серпіп тастайық, саяси-құқықтық сауатымызды көтерейік, белсенділігімізді арттырайық; Жаңа мәдениетті, бәсекеге қабілетті қоғамды құру өзіміздің міндетіміз; Еркін адамдарша алға ұмтылып, ерлерше жетістікке өз күшімізбен жетейік; Өз тағдырымызды өзіміз қолға алайық» деген бағдар ұсталмады, әрекетке бастайтын лебіз естілмеді. Сол бұрынғыша, «сұм уақыт, айлалы қоғам, әккі саясат қайта оралмаса екен» деп, алақан жайып, аспанға қарау ғана болды. Осылай қазақ жазушылары өткеннің сұрғылт оқиғаларын айтып зар илеуден, келесі «айдың оңынан туғанын» құдайдан жалбарына сұрап, бет сипаудан арыға бара алмады, елін күншуаққа, пәрменді әрекетке қарай бастайтын, оқырманды жасампаздыққа жетелейтін тегеуріні мен рухы бар шығарма бере алмады. Бұл қазақ әдебиетінің дүниетанымдық функциясын атқара алмай отырғанын паш етеді.

Қазақ жұрты «тауып айтатындарға», қызыл сөздің артынан қашаған қуғандай түсетіндерге әр қашан да кенде болған емес. Қайдағы бір виртуал кеңістіктегі, тұтатын ілігі жоқ, тиянақсыз, аморфты бірдеңе туралы ұйқастыра, лепіре сөйлеп тұрған «шешеннің» айтқандарына бас шұлғып, қол соғып отыра беруді әдетке айналдырып алған. Айналаны қоршаған дүниені дұрыс тани алмағандықтан, қайдағы бір сағымның соңынан ілесіп, үнемі жорта беруді әдетке айналдырып алған.

Көркем өнердің көп функциялы болуы керектігі туралы В.Белинский бастаған орыс сыншылары аз жазған жоқ. Көркем өнердің алдына қойылатын міндеттердің бастыларының бірі оның бұқараға айналада болып жатқан құбылыстардың сырларын санаға сіңімді сипаттап бере алуында.  Демек, кез келген көркем шығарма өмірлік практикада болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды көркемдік-эстетикалық әдіспен репрезентациялап бере алуымен қатар, ол бұқараның дүниені тану көкжиегін кеңейтуге, әсіресе, басқару-бағыну аяларында болып жатқан оқиғаларды саяси-философиялық және танымдық тұрғыдан объективті түсіндіріп беруге міндетті еді.

Әдебиеттің  төл функциясын – бұқараның таным көкжиегін кеңейту міндетін атқара алмауының, керісінше халқын мешеу әлеуметтік ортадан шығармауға тырысуының, сынның адуынсыздығының түпкілікті себебі қазақ философиясында. Кеңес билігі жылдарында қазақ тілінде татымды философиялық шығармалар жазылған жоқ. Аздаған қазақ философтарының орыс тілінде коммунистік идеология рухындағы, «диалектиканың қазақстандық мектебі» шеңберіндегі ой кешулерінде рухани дамуды қазақ ұлты мүдделері тұрғысынан қарастырған туындылар болған жоқ. Сондықтан, қазақтың рухани аспанында болып жатқан құбылыстардың сырлары толық ашылмай қалды. Осы үрдіс әлі сақталып келеді.  

 

ҚҰБЫЛЫСТЫҢ СЫРЫ НЕДЕ? АРЕАЛДЫ ЛИНГВИСТИКА 

Ендігі мәселе қалыптасқан ахуалдың себебін анықтауда және бұдан былай не істеу керек екендігін дұрыс бағдарлап ала білуде болса керек. Соңғы жарты ғасыр қазақ әдебиеті өнеркәсіп тақырыбын игеруі керектігін көтерген ұранмен өтті. Қазақ жазушыларының алдына өндiрiс тақырыбына шығармалар жазу мiндеттерi үнемі қойылып отырды. Бірақ, олар бұрынғыша отбасы мен ошақ қасының оқиғаларынан сюжет құрудан, ауыл өмiрi және туыстар арасындағы қатынастарды сипаттаудан алыстап кете алмады. Қазiргi аласапыран реформалар заманында, әнді қойып, роман мен эпопеяға қақтығысты сюжет боларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатқанда, қоғамда көрініс берген бір құбылысты, орын алған бір оқиғаны немесе индивидум өмірінің бір мезетін саяси немесе әлеуметтік мән шығаратындай, қазақтан басқаға да түсінікті болатындай деңгейде көркемдеп сипаттап беруге қазақ авторларының шығармашылық қуаты жетпеді. Неге?

Бұл құбылыстың сырын ареалды лингвистиканың қағидаларына сүйене отырып, түсіндіріп беру қиын емес. Аграрлы қоғам адамының лингвемасы ауыл тұрмысы мен мал шаруашылығына қатыстыларды бейнелеуге жетеді, өзге, индустриялы салаларда болып жатқанды сипаттауға жетпейді. Біздің жазушыларымыздың тілі, тиісінше, ойы мен әрекеті де, сол аграрлы қоғам кемерінен аса алмай, тұйықталып қалған. Ұлттық көркем өнердің мазмұнының агротроптылығы ауыл адамының лингвемасының аграрлық сипатымен – вилланолектісімен шарттандырылып тасталған. Енді ол мазмұн жазушылардың когнитивтік кеңістігінде айнадағыдай көрініс беруде. Санасына менталдық деңгейде мығым орнаған ауылшыл идеядан сытылып шығуға жазушының интеллектілік қуаты мен еріктік шамасы жетпейді.

Психолингвистика қағидалары бойынша адам өзiнiң сөздiк қорында жоқты iс жүзiне асыра алмайды. Ал өзге кеңістіктегі шынайылықты, индустриялы қоғам өмірінде болып жатқан оқиғаларды, құбылыстарды, үдерістерді сипаттауға адекватты лексикалық корпус – индустриялы қоғам адамының лингвемасы және оны пайдаланып, урбанолект стилінде сөйлей білу қажет. Сол себептен, өркениет сатысының аграрлы басқышында тұрған қазақ жазушылары индустриялы қоғам өкілінің бейнесін жасай алмады.

Авторлар санасында тіл-ой-әрекет детерминациясының болмауынан, олардың индустриялы қоғам өміріне бейімделе алмауынан, өзін өзектілендіре алмауынан, бала кездерінен таныс қой мен қасқырдан, жайлаудағы немесе қыстаудағы оқиғалардан басқаға көз салмады. Ауылдан басқа өзге де елдi мекен болатынын, екi ауылдың ортасын жалғастыратын қара жолдың шаңын бұрқыратып, әлдекімді «сағынып» кетіп бара жатқаннан басқа да өмiр бар екенiн ескермедi. Олардың өзге географиялық кеңстікте болып жатқан жайларды сипаттауына лексикалық ресурсы, ойлау энергиясы жетіспейді, көркем өнерге тиек боларлық өмірлік материалды (ішінара тарихи тақырыптарға қалам тартудан басқаны) көре алмады.

Жалпы, қазақ зиялылары ауылда мәдениет жасалмайды деген қағидамен санасуы керек. Онда білім сапасы да жақсармайды. Ауылдағы білім мен мәдениетің ең төменгі деңгейде қалып отыруы ондағы әлеуметтік жағдаймен шарттандырылып тасталған.  

Ауыл лингвемасында жасалып жатқан туындылар рентабельділікке қол жеткізе алмайды, көпшіліктің сұранысын тудыратындай деңгейге көтеріле алмайды. Бұл – сырттай қарағанда солай көрінетіндей, әдебиетке кесілген үкім емес, социо-экстра-ареалды-лингвистикалық зерттеулердің нәтижелерінен қорытылып шығарылған тұжырым. Мәселе мынада: қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмай, ол тілде индустриялы қоғам адамының рухани талабын қанағаттандыратын көркем өнер жасалмайды. Бар қырсықтың бастауы қазақ тілінің аграрлы қоғам адамының лингвемасы сапасында, тұйықталған алапта қалып қойып, аномалды қолданылуынан болып отыр.

Шын мәніндегі классика деңгейінде көркем дүние жасаймын деген жазушы бәрінен бұрын өзінде төмендегідей рухани факторлардың қамтамасыздығын ойлауы керек. Алдымен керегі индустриялы қоғам өміріне лайықталған грамматикамен реттелген тілдің жеткілікті лексикалық қорының болуы. Былайша айтқанда, лексикалық ресурс қамтамасыздығы жағдайында, нақты ажыратылған стильде, сөз орнықтылығы сақталатын семантикалық жүйені меңгеру деген сөз. Сонан кейін сананы индустрияландыру, ауыл шеңберінен шығып кете алатын трансцендентті дүниетанымның болуы, өмірде орын алған констелляцияны аңғару, арасынан көркем өнерге объект бола алатындарын іріктеп ала білу керек. Ол үшін жазушыға интеллектілік қарым кеңдігі қажет.

Тілдің сөздік қорын толықтыру, индивидтің интеллектілік қарымдылығын кеңейту – бұлар іске асырылуы аса қиын шаруа емес. Заманауи ақпараттық технологиямен оған қол жеткізу қиын емес. Тек бұлардың маңыздылығын, қажеттілігін тұшынып, сезіну керек, әрекет ету керек. Бірақ, қазақта осы болмай отыр. Әрекетсіздіктің себебі – жеке бас еркіндігінің болмауы. Ол адамды алға жылжытпайды, ерікті адым басуға жібермейді. Рухани жұтаңдық, жариялылықтың болмауы, буалдыр цензура қазақтардың кемшілігін айтқызбауға, мәселені талқылатпауға, пайдалы шешім қабылдаттырмауға жеткізіп отыр. Осылай, қазақ тек билікке қарап ауыз ашып отыра беретін, рухани жүдеуліктің құрсауына түсіп алып, толық әрекетсіздікке әбден бой алдырған.

Тіл-ой-әрекет триадасының бірінші және үшінші буындарының арасындағы байланыстарға көңіл аударған ресейлік профессор В.Харченко «сөздік қордың кедейлігі кедейліктің ең қауіпті түрі – шешім қабылдаудағы кедейлікке әкеліп соқтырады» [Харченко В. Русский язык: бедность или богатство? «Знамя» 2006, № 6. 187-б.] деп түйіндеген екен. Айтса – айтқандай, ұлттың рухани дағдарысы тіл-ой-әрекет детерминациясының барлық буындарынан көрініс береді, қазақтың жан әлемін түгел қамтыған. Соның салдарынан адекватты ойлай алмау, идея тапшылығы және теріс әрекеттер орын алуда. Былайша айтқанда, қазақтың рухани әлемі тарихи дамудың индустриялы басқышында тұрған, азаматтық қоғам құрған халықтардың жан әлемінен өзгеше болып қалып отыр.

Көркемдiктiң өзi де салыстырмалы. XX ғасырдың екiншi жартысы мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тiлiнде жазылған, өзімізде мықты деп бағаланған аздаған көркем шығармалар дүниежүзiлiк деңгейден қарағанда бестселлер қатарына қосыла алмайды, кейбіреулері орта қол туындылардың арасына да кіре алмайды, дүниежүзiлiк нарықта бәсекеге қабiлеттi емес. Өзге тілге аударылған еңбектер көбінесе конъюнктуралық есеппен немесе ақы төлеп аударылған, заманауи оқырманның сұранысына ие бола алғандары шамалы.

Қазақ жазушыларының өздерінің сауат пен талғам тапшылығынан зардап шегiп, ауылда қойшы немесе тракторшы болып жүрген кездерiнде сезiмге бөленiп, тамсанып оқығандары қазiргі қазақ оқырманын сондай сезiмге бөлемейді де, тамсандырмайды да. Кезiнде қазақ арасында тәуiр деп танылған жазушылардың мектеп бағдарламаларына енген шығармалары қазiргi оқушыны селт еткiзбейдi. Қазiр бұл шығармаларды, өзгенi қойып, сол жазушылардың өздерiнiң балалары мен немерелерi де оқымайды. Өйткені, олар жаһандану, кенттену, ақпараттану толқындары iлестiрiп әкеткен, азаматтық қоғамның азат адамы үшiн дәйектi ақпарат көзi бола алмайды, оған әсер бере алмайды, олардың менталитетiне жат, өзектi емес, компетенттiгiн қалыптастыруға септiгiн тигiзбейдi.

 

ӘДЕБИЕТ ДЕМОКРАТИЯЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК 

Әдетте  авторитарлық режимдер орныққан елдерде мазмұны мен идеясы билікке жақпағандықтан жарық  көре алмайтын шығармалар ұшырасып жатады. Қазақстанда диссиденттік шығармалар жоқтың қасында. Мұның себебі қоғамда ашықтықтың, жариялылықтың жеткіліксіздігінен ғана емес, тағы да сол, қазақ қаламгерлерінің бұйығылығымен, өткір мәселелерді алға тартудан қаймығатынымен, қаһарман таңдау және шығарманың идеялық бағдарын айқындауда биліктегілердің әлсіз жерін аңдып отырып, соларға жағатынды ғана іздейтінімен, ескі сүрлеуді шиырлай беретінімен түсіндіріледі. Шығармашылық зерделеуден, ізденістен, батыл сөз айтудан аулақ болу қазақ авторларына таңылып тасталған. Олар ашық ойындағысын айтуға, өзгелерге түсіндіруге тырыспайды.

Алдыңғы қатарлы елдердің даму тәжірибесі көрсеткендей, көркем өнердің дамуына қажетті басты шарт – қоғамда шынайы демократияның болуы. Өйткені, «әдебиеттің тағдыры оның цензураға түспей, демократиялық еркіндік кеңістігіне (сөз еркіндігімен, пікір еркіндігімен т.б.) шығып кете алуына байланысты. Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет жоқ» [Деррида Жак. Эссе об имени / СПб.: Алетейя, 1998. – 49-50-б.б.]. Қандай жағдайда болса да, оларды айыруға болмайды. «Белгілі бір әдеби шығарманың цензураға ұшырауы демократияға төнген қауіптің көрінісі болып табылады, мұндаймен келісуге болмайды» (сонда. 50-б.). Демек, қазақ ұлттық өнерінің тығырыққа тірелуінің себептерін де Қазақстан қоғамындағы демократиялылықтың жетіспеуінен іздеу керек.

 

* * *

Қазіргі қазақ мәдениетінің мәселелері туралы орыс тілінде жарияланған зерттеулерде бір қатар тұщымды пікірлер бар. Зерттеушi Г.Шалабаеваның пiшiндеуiнше «мәдени дәстүрдiжалғастырушы – оны өзiнiң рухани болмысына айналдырушы, оны жаңадан қайта құрушы. Әр адаммен бiрге мәдениет өткеннен қазiргiге секiрiс жасауы керек» [Шалабаева Г.К. Этнос. Культура. Самосознание. – Алматы.: Атамұра, 1995.  188-б]. Ал қазiргi қазақ ұлттық мәдениетiн жасаушылар кешегiден бүгiнге қарай өздерi де секiре алмай, өздерiмен бiрге мәдениеттi де секiрте алмай отыр. Оларда «ұлттық мәдени дәстүрдi бүгiнгi күннiң дүниетанымы тұрғысынан қайта қарау, этностың дүниенi сезiнуiн жетiлдiру» (сонда. 188-б.) жағы қолға алынбай отыр.

Тәуелсiздiк жылдарында жекелеген авторлардың жетiстiктерiне қарамастан, тұтастай алғанда ұлттық мәдениет, соның iшiнде көркем әдебиет тоқыраудан шыға алмады. Қазақ тiлiнде мәдениет туындыларын жасаушылар болып жатқан iрi саяси оқиғалардың мәнiн қазiргi заман адамының талғамына сай, жоғары көркемдiк деңгейде сипаттаған шығармаларды дүниеге әкеле алмады. Жазған кітаптары оқылмады, газеттер мен журналдары әкімшілік пәрменмен таратылды; ешкімді қызықтырмайтын телеберілімдермен эфирлік уақытты толтырды, сонысымен жастардың намысына тидi, оларды қазақ өнерiнен жерiттi, өзгелердiң өнерiнiң соңынан еруге мәжбүрледi.

Оқырман әр танымал жазушының соңғы шығармасын iздеп жүрiп оқымаса, көрермен театрдың әр қойылымына билеттi таласып алып жатпаса, ізденуші ғылымда қандай жаңалықтар ашылып жатқанына тәнті болмаса, бұқара күнделiктi ақпаратқа ынтықпаса, ата-ана мектепте не оқытылып жатқанына араласпаса, ол – сол тілде жасалып жатқан рухани игіліктердің көмескiлене бастағанының, қазақ тiлдi өнердің, білімнің, баспасөздің көпшiлiкпен түсiнiстiк таба алмағанының көрiнiсi. Ал тiл, белгілі ғалым Х.-Г. Гадамер айтқандай, сол тiлдiқолдаушылармен «өзара түсiнiстiк жүзеге асырылғанда ғана нағыз болмысына ие болады» [Гадамер Х.-Г. Истина и метод: Основы филос. герменевтики.- М.: Прогресс, 1988.  516-б].

 

* * *

Қазiр бұқараның көркем әдебиеттi оқуының азайып, өзге аудио-көрiнiстi ақпарат құралдарын пайдалануға ден қойып кету үдерісінің бар екенiн әркім біледі. Бұдан қазiргiоқырманға әдебиеттiң керегi жоқ деген ұғым тумауы керек. Өзге тiлдерде жазатын авторлардың шет тiлдерiне аударылып, қолдан қолға тарап жүрген шығармалары баршылық. Порнография мен атыс-шабыс емес, кәдуелгi адамның өмiрлiк болмысы, қызметi, сезiмi, арманы, тағдыры, өмiрiнiң мәнi туралы терең ой салатын, заманауи және өзектi шығармалар бар. Солардың бірі – дүниежүзiне танымал жазушы Пауло Коэльоның кітаптары.

Ретіне қарай айта кету керек, танымал жазушы былай дейді: «Әлемнiң рухы адамның бақытынан нәр алады. Адамның бiрден бiр мiндетi – ақырына дейiн өз Тағдырын жасау. Бар мән – осында. Егер Сiздiң зауқыңыз соқса, қалауыңыздың жүзеге асуына бүкiл әлем селбеседi» [Коэльо Пауло. Алхимик. – К.: «София», 2004. – 208 б. ]. Адамзат тарихы осы қағиданың дұрыстығын үнемi дәлелдеп келедi. Дағдарыс қаншалықты терең болса да, одан шыққысы келген қоғам сытылып шыға алады. Өйткенi, жақсылық үшiн күрес басталғанда оны қолдау өзiнен-өзi көбейе бастайды. Қазіргі қазақ мәдениет қайраткерлері осыны түсінуі керек, тұңғиыққа батып бара жатқанын зарлап айтуды қойып, мәдениетті бәсекеге қабілетті етудің жолдарын мықтап іздестіруі және сол жолда тайсалмай, табанды ілгерілей беруі керек. Сонда бар түйіннің шешуі олардың өз қолында болар еді.

Алайда қазақ мәдениет қайраткерлерінде басқа түскенді күңірене, күрсіне баяндау, көбінесе пессимистік сарынға бой алдыру, пәрменді әрекетті тек биліктен күту бар. Мұны ұлттық сипат алып кеткен, шаруа дүниетанымының көрінісі деп қарау керек. Өйткені, А.Швейцер атап өткендей, «мәдениет пен дүниетаным арасында тығыз байланыс бар. Мәдениет оптимистік-этикалық дүниетанымның өнімі болып табылады» [Швейцер А. Культура и этика // Упадок и возрождение культуры. М.: Прометей, 1993. – 293-б.].

Аграрлық қоғамда туып, өсіп, өмір сүріп, еңбек еткен адам, қаншалықты дарынды болса да, өзінің туындысымен индустриялы қоғам адамының рухани қажеттігін өтей алмайды. Фольклордың ықпалынан шықпаған, аграрлық мәдениеттің тамтығын ғана місе тұтып отырған, пессимистік оқшаулану психологиясына санасын меңдеткен қазақ мәдениетін жасаушылар дүниежүзілік мәдени қауымдастыққа кірігуге дайын бола алмады. Тілдің аграрлық сипаты мен автордың шаруатектілігі оған мүмкіндік бермеді. Ол баста келешегі жоқты күйіттеген далбасаның салдары осылай болуға тиіс еді.

Бұл тұстан біз көркем өнерді тоқырауға тіреген себептердің негізгі екеуіне назар салғанымыз жөн. Біріншісі – өнеркәсіпті қоғамда болып жатқан құбылыстарды көркем сипаттауға жетерлік сөздік қордың тапшылығынан зардап шеккен қазақ тілінің тоқырауы; екіншісі –  шаруадан шыққан қайраткердің біліми-интеллектуалдық қуатының шектеулілігі.

 

КӨРКЕМ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТТАРЫ 

(Қорытынды орнына) 

Қазіргі қазақ тілінде жасалып жатқан мәдениеттің декаданстық жағдайы зиялы қауым өкілдерінен өздерінің игілікті қызметінде шұғыл бетбұрыс, батыл қимылдар жасауды талап етеді.

Көркем өнерді құтқару үшін зиялы қауым адамдардың рухани өсуіне селбесіп, оларды саяси үдерістерге араласуға, эстетикалық санасын өсіруге, талғамын көтеруге, саяси мәдениетін қалыптастыруға, көркем бейнелі дүниеге бағыттауы керек. Көркем шығарма қоғамның, ұлттың тағдырына қатысы бар өзекті мәселелерді батыл көтере отырып, сонысымен бұқараны индустриялы, азаматтық, құқықтық және зайырлы қоғам құруға бағыттай білуі керек.

Бұқараны соңынан ертіп, алдыңғы қатарлы өркениетке қосу зиялы қауымның төл миссиясы болып табылады. Қоғам зиялы қауымнан көркем мәдениеттің даму бағдарын заманауи қоғамның рухани сұранысы тұрғысынан зерделей отырып, замандастар өмірінің шынайылықтарын, соның ішінде, әсіресе,  рухани аяны демократияландыруға қатысы бар оқиғалар мен құбылыстарды көркемдікпен меңгеру әдістерін үнемі жетілдіре отырып, өзекті шығармалар беріп отыруды талап етеді.

Ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруына жаңа импульс беру үшін, ең алдымен, көркем өнердегі тақырыптық саясат қайта қаралуы керек. Мәдениет қайраткерлері:

– ұлт мүддесіне қайшы, заманауи тұрғындардың санасына идиосинкразиялық психологияны меңдететін, келеңсіз идея ретінде ауылды әспеттей сипаттаудан, ауыл тұрмысы мен тіршілігін идеалдандырудан, қазақты ауылға қайтаруға үгіттеуден, болмаған ұғым ретінде «ауыл мәдениетін» көтеру туралы жалған теориядан;

– кеңестік идеология тұрғысынан Батыс өркениеттерінің мәдениеттеріне қарсы контркультура жасаудан;

– ауылшыл патриоттық тұрғыдан қалаға және оның тұрғындарына қарсы  идеялар көтерген шығармалар жазудан;

– көркем шығармаға арқау болуға татымайтын тақырып ретінде, әсіресе ән жанрында, туыстарды жырлаудан бас тартуы керек.

Туыстар туралы ән шығару – қазақи отбасылық субкультура. Оның заманауи өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Авторлардың көркем өнердің миссиясы мен мұратын түсінбейтінін айғақтайтын факторлардың салдарынан туындаған оғаш құбылыс. Жеке адамның жақын туысына қатынасы салихалы өнер шығармасы суреттейтін объект бола алмайды. Ол автордың санасының тұрмыс аясында қамалып қалуының «жемісі», оның дүниетанымының тарлығын, интеллектінің шектеулілігін, мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Өзін өзі қадірлейтін ақын, композитор бұл тақырыпқа өлең жазып, ән шығарудан, ал әнші оны орындаудан бас тартуы керек.

 

* * *

Қазақ зиялы қауымы көркем мәдениет аясында төмендегі трендтерді жүзеге асыруға тырысуы керек:

– басқаруда, қаражат аясында, бизнесте, өнеркәсіп орындарында, халықаралық ұйымдарда қызмет етіп жүрген, елдегі саяси-құқықтық, әлеуметтік өмірге белсенді араласатын, өз қолымен азаматтық қоғамды құруға кірісіп жүрген, рухани даму үстіндегі, заманауи қала адамының бейнесі сомдауымен, индустриялы қоғам өмірін көркем сипаттауымен қазақ тілінде жасалып жатқан ұлттық әдебиет пен өнер туындыларына көпшіліктің қызығушылығын туғызу;

– демократиялық үдерістермен байланысты дүниежүзінде болып жатқан iрi оқиғалар мен құбылыстарды көркемдiкпен игеру, көркем шығармалар арқылы алдыңғы қатарлы Батыс қоғамдарының құндылықтарын бұқаралық санаға сіңіру;

– қазақ театрлары үшін қазіргі заман адамының өмірі мен қызметін, қоғаммен арақатынасын, әлеуметтік белсенділігін, өмір сүйгіштігін, қысылтаяң шақтарда жол тауып шығатын интеллектін, оптимизмін, көңіл ауанын, арманын, толғаныстарын сипаттайтын көркем драматургия жасау. Шын мағынасында «ұлттың мектебі» деңгейіне жету үшін заманауи театрлар репертуарының  өзекті саяси-әлеуметтік драмалардан, қалған  мазмұны қазіргі қоғамның дертіне дәру болатын классикалық шығармалардан құралуын діттейтін, ақталған формуланы ескере отырып, репертуар саясатын дұрыс жүргізе білу;

– классикалық музыкаға – симфонияға, опера және балет өнеріне ерекше маңыз беріліп, интеллекті күштерді жұмылдыру; әндер әр адамның басына келуі мүмкін, өмірдің терең қойнауларындағы тұрпатты ахуалдар жырланатын, замандастардың сезімдері мен армандарын қозғайтын, өзекті тақырыптарға жазылуы және қазақстандықтарға ғана емес, кез келген адам түсінетін және қабылдай алатын деңгейде орындалуы;

– көркем өнердің дәстүрлі түрлерін дамыту қазақ тілінің нормаларына сай ойын жеткізе алатын, жеке бас мәдениеті мен интеллекті жоғары, ЖОО-да арнайы бағдарламамен дайындалған мамандардың күшімен жүзеге асырылуы керек.

 

* * *

Заманауи қазақ жазушысы алдымен тілін жөнге келтіруі, вилланолект қойыртпағынан арылып, тілді индустриялы қоғам өмірін репрезентациялай алатын деңгейде меңгеріп, шығармаларын қазіргі заман адамы түсінетіндей, оның идеяларын қабылдайтындай және қоғамының рухани мүдделеріне сай келетіндей етіп жазуға міндетті.

Көркем әдебиетте ғана емес, жалпы ұлттық мәдениет аясында қалыптасқан констелляцияны аңғару және олардың даму перспективасын айқындау үшін философтарды, социологтарды, әлеуметтік психологтарды, өзге қоғамдық-гуманитарлық мамандықтар өкілдерін тарта отырып, дискурстар ұйымдастыру ұдайы үдеріске айналуы керек.

Көркем өнердің демократиялылығы негізінде қоғамда демократия орнайтынын әр зиялы есінде сақтауы керек.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, "Жұлдыз" журналы