Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында сәтсіз аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қазақстандықтардың болашағы - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай "жаңалықтар" кейде күлкіңді келтіреді", - деген Мемлекет басшысы мысал да келтірді.
Айтуынша, "ғаламтор" (Интернет), "қолтырауын" (крокодил), "күйсандық" (фортепиано) және тағы сол сияқты аудармалар қате.
"Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет", - дейді Елбасы.
Сонымен қатар, ол орыс тілін білу маңызды болып қала беретінін және 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келетінін еске салды.
"2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады", - дейді Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін, 10 қаңтарда Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтіні жарияланды.