Елордада «Абай және Юнус Эмре: рухани үндестік» тақырыбында халықаралық жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында Халықаралық «Абай-Жидебай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Ресей өнер академиясының құрметті мүшесі, профессор Баярлин Азаттың сомдауымен жасалған, қазақ және түрік елінің ұлы ақындарына арналған, қоладан құйылған барельефтің таныстырылымы өтті. Ұлы ақын Абай мен Юнус Эмренің қоладан құйылған барельефінің ұзындығы – 1 350 мм, биіктігі – 900 мм, ал ені – 350 мм. Салмағы 135 келі тартады. Оны алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Қаламгерлер аллеясына орнату жоспарланып отыр.
Халықаралық жиынға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты, Халықаралық «Абай-Жидебай» қоғамдық қоры, Еуразия Жазушылар одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы, Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық қоғамдық кеңесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті және басқа да өңірлік жоғары оқу орындары, қызығушылық танытқан зерттеушілер қатысты.
Халықаралық жиында профессор Шәкір Ибраев «Юнус Эмре және Абай поэзиясындағы сопылық мотивтердің трансформациясы», Гүлбану Қосымова «Юнус Эмре және Абай: идеялар сабақтастығы», профессор Мағрипа Ескеева «Юнус Эмре және Абай шығармалары тіліндегі діни құндылықтар көрінісі», профессор Сәмен Құлбарақ «Хақты сүю және ізгілік жаршысы», профессор Жанат Аймұхамбет «Жүніс Емре және Абай поэзиясы рухани-көркем тезаурус аспектісінде», ақын-жазушы, «Абай жолы» романының аудармашысы, Зафер Кибар «Abay ve Yunus Emre’de Eğitim ve İnsan Sevgisi» (Абай мен Юнус Эмреде білім және адам сүйіспеншілігі) тақырыптарында баяндама жасады.