Фото: primeminister.kz
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Баытс Қазақстан облысындағы Рожков кеніші жыл сайын 1 млрд теше метр газ беретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Мажарстанның MOL ұлттық мұнай-газ компаниясымен жемісті жұмыс істеп жатырмыз. Әріптестік бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Олармен бірге Батыс Қазақстан облысындағы Рожков кенішін әзірлеп жатырмыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Ақордадағы кездесуі алдында.
Ұлттық компания басшысы жоба үшжақты әріптестік аясында іске асатынын еске салды.
«Бұл жобада үш бірдей әріптес бар: ҚазМұнайГаз, MOL және Sinopec. Бұған дейінгі жылдардың бәрі ұңғыма бұрғылаумен, инфрақұрылым әзірлеумен өткен болатын. Биыл газ ала бастасақ деген жоспар бар. Биылғы көлем соншалық үлкен болмас. Өйткені екі-ақ ай қалды ғой. Оның біреуі дайындық жұмыстарына кетейін деп тұр. Рожков кенішінде жылына 1 млрд текше метр газ аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл деңгейге ұңғымалардың кезең-кезеңімен іске қосу арқылы біртіндеп жетеміз», - деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.