Фото: nat-geo.ru
Жуырда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілгені туралы сүйіншілеген болатын. Мұндай шешім Парагвай астанасы Асунсьонда өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қабылданған. Ult.kz тілшісі бұған дейін бұл тізімде қазақтың 11 салт-дәстүр, өмір дағдысы енгізілгенін анықтады. Соның бірі – Киіз үй жасау және жинау дағдылары.
ЮНЕСКО түсініктемесі
Аталған тізімде киіз үй туралы «Қырғыз және қазақ киіз үйлерін жасаудағы дәстүрлі білім мен дағдылар (түріктердің көшпелі үйлері)» деп көрсеткен. Бұл тізімге киіз үй 2014 жылы еніпті.
«Киіз үй – қазақ, қырғыз халықтары арасында қолданылған көшпелілердің баспанасы. Ол киізбен жабылған және арқанмен өрілген ағаш дөңгелек қаңқасы бар, оны қысқа мерзімде оңай жинап, бөлшектеуге болады. Киіз үй жасау білімін жеткізушілер – киіз үй мен оның ішкі әшекейлерін жасайтын ерлер де, әйелдер де қолөнершілер. Киіз үйлер табиғи және жаңартылатын шикізаттан жасалады. Ерлер ағаш жақтауларды ағаштан, былғарыдан, сүйектен және металл бөлшектерімен бірге қолмен жасайды. Әйелдер дәстүрлі зооморфтық, өсімдік немесе геометриялық өрнектермен безендірілген ішкі және сыртқы жабындарды жасайды. Әдетте, олар тәжірибелі қолөнершілер жетекшілік ететін қоғамдық топтарда жұмыс істейді және тоқыма, иіру, өру, киіз басу, кестелеу, тігу және басқа да дәстүрлі қолөнер әдістерін қолданады.
Киіз үй жасау бүкіл қолөнершілер қауымын тартады және жалпы адамзаттық құндылықтарды, сындарлы ынтымақтастық пен шығармашылық қиялды қалыптастырады. Дәстүр бойынша білім мен дағдылар отбасында немесе мұғалімнен шәкіртке беріледі. Барлық той-томалақтар, той-томалақтар, туғандар, тойлар, жерлеу рәсімдері киіз үйде өтеді. Осылайша, киіз үй қазақ және қырғыз халықтарының болмысының іргелі отбасылық және дәстүрлі қонақжайлылық символы болып қала береді» деп түсініктеме жазылған ЮНЕСКО-ның ресми сайтында.
Құнды кітап
Жуырда Қазақстан Республикасының қолөнершілер одағының мүшесі, этнограф Бұлбұл Кәпқызының «Киіз үй» атты кітабы жарыққа шыққан болатын. «Атамұра» баспасынан басылып, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларын қайта жаңғыртуға арналған бүл кітапта киіз үйдің құрылымы, тарихы мен маңызына терең талдау жасалып, әрбір элементі туралы жан-жақты ақпарат беріледі.
Автордың айтуынша, ең маңыздысы қазақтың бүкіл мәдениеті, бүкіл өнері осы киіз үйге сыйып тұр. Киіз үйдің ішіндегі барлық дүние – қазіргі қазақтың барлық ұлттық өнері және де қазақтың мәдениеті.
«Мен сол процестің барлығын өзім жасаймын, кітапта өзім жасағанымды көрсетемін. Бүгінгі таңда Қазақстанда киіз үй жасайтын қазақтың әйелдері бар екендігінің куәсі көрсетіледі. Осыны жазуға менің әжем Қадыби Көңілқызы, анам Аман Мұхамәдиқызының ақыл кеңесі, осы кісіледен алған үлгі-өнегем әсер етті» деген болатын Бұлбұл Кәпқызы.
Бұл еңбекті құнды деуіміздің себебі, қазір бірлі-жарым малшылардың жаздық баспанасы немесе ресми той-думанның көркі әрі бір-екі күнге қонақтарды орналастыру үшін тігілмесе, заманына қарай киіз үйдің де қажеттілігі азайып, оның сүйегін, киіз жабындылары мен бау-шуларын да жасайтындар жоқтың қасы.
Ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс кешкен халқымыздың материалдық мәдениетінің үлгісі, ұлттық құндылығымыздың бірі – киіз үй.
Кітап автордың түрлі түсті суреттермен безендіріліп, сапалы қағазға басылып жарық көрген «Киіз үйі» біздің ұлттық болмысымызды, салт-санамызды, тіршілік-тынысымыздың танымдық ерекшелігін, тіпті этнографиялық құндылықтарымызды осы кітап-албом арқылы бере білгені материалдық мәдениетіміздің көрінісі, үлгісі болып отыр.
Кезінде ата-бабамыз 8, 10, 12 қанатты салтанаты жарасқан ордаға бергісіз киіз үйлерде тұрғаны даусыз. Ал кітаптың авторы Бұлбұл Кәпқызының әкесі Кәп Құмарұлы, шешесі Егеухан Мұхамәдиқызынан бастап ақындық, ділмарлық өнер қонған адамдар болса, олардың ұл-қыздары да әке-шеше жолын қуумен қатар, қолданбалы өнерді де отбасы болып ұстанған. Қос қарияның ұлдары үйдің сүйегін, басқа да ұсталық өнермен айналысса, қыз-келіндер киіз үйдің бүкіл жабдығы – киіз басу, текемет-сырмақ даярлап, құр, басқұр, оюлы өрмек, тұскиіз, алаша, ши, шым ши тоқу т.б. жабдықтарын өз қызыл қолдарымен жасайды екен. Бұлбұл Кәпқызының көп затты өз қолымен жасағандықтан, әр заттың жасалу тәсілдерін айту ғана емес, қазір ұмытылған заттардың ондаған, жүздеген атауын, терминдерді тізіп бергені де артықтық етпейді. Автор тек киіз үйдің сүйегін, жабындыларын, жасау-жабдықтарын, бау-шуын әзірлеу жолдарын ғана емес, көшпелі өмір салтына байланысты қажеттіліктердің, мысалы, түйеге жүк арту, арқан, жіп, желі, көген, бұршақ есу, киіз басу, ши тоқу сияқты тіршілік түрлерін де қамтыған.
Киіз үйдің тарихы
Киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымайтын негізгі баспанасы. Ол тез жылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болған уақыты қола дәуіріне тура келеді. Киіз үй біздің заманымыздан бұрын 7 ғасырда кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналған. Киіз үйдің қабырғасы шеңбер тәрізді келіп, төбесі күмбезделген.
Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі. Көшпелі өмірге ыңғайлы болғандықтан киіз үйді пайдаланған. Климат жағдайына және мекендейтін ауданына байланысты қазақтардың қыста немесе жазда тұратын тұрғын үйлері әртүрлі болған. Олар жазда киіз үйде, қыста тұрақты салынған жылы жайларда тұрған. Олардың барлығы дерлік киіз үй формасын сақтаған. Қазақтардың өте ертеде тұрған тұрақты үйлері шошала деп аталған. Ол дөңгеленген бір бөлмелі конус немесе жарты ай сияқты күмбезделген. Шошаланы ағаштан кесіп, тоқып немесе ойылған тастан, күйдірілген кірпіштен қалаған.
Киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымайтын негізгі баспанасы. Ал Қазақстанның оңтүстігі мен орталық аймағында дөңгелек күмбезді қыпшақ үлгісіндегі киіз үйлер басым болды. Жетісу аймағында құрылысы конус тәрізді, күмбезді келген қалмақ үлгісіндегі киіз үйлер сақталған.
Ақбота Мұсабекқызы